Желіде башқұрт эпосының негізінде жазылған «Хомай» әні вирустай тарап кетті. Башқұрт тобының бейнеролигі қоғамда қызу талқылау, тіпті, дау тудырды.
Мұның бір емес, бірнеше себебі бар.
Біріншіден, біздің қоғамымызда орын алған әсіредіншілдік. Байқасаңыз, кейінгі кезде әлеуметтік желіде өзін тәңіршілер деп атайтын радикал топ бар. Олар өзін ислам дінін ұстанатындарға қарсы қояды. Осы екі топтың арасындағы даудың, даудың емес, "соғыстың" басталғаны қашан.
"Айоланың" әні тура Наурызға қарай шықты. Оны көрген "тәңіршілер" атойлап, сүйінші сұрап, бейнебаянды бөлісе бастады. Бөлісіп қана қоймай, "арабқұлдарды" табалап, провокациялық жазбалар қалдырды.
Мен «Хомай» тек тәңіршілерге ғана ұнап, тек солар ғана бөлісті демеймін.
Бұл ән түркі халықтарының біразын сүйсінтті, менің де жүрегіме жылы тиді. Бірақ қазір әңгіме даудың себебінде.
Айтпағым, кейінгі кезде біздің қоғамда радикал діни ағымдардың кесірінен исламофобия етек жайып келеді.
Қазақ қоғамы діни араздыққа қарай бет алғандай.
Әлеуметтік желіні қазір қоғамның айнасы деуге болады. Ал желіде дін тақырыбындағы даулар, діни араздық, дінге, дін өкілдеріне тіл тигізу секілді дүниелер көбейіп барады. Бұл үлкен идеологиялық дағдарыстың белгісі. Діни ахуалға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлу керек деген дабыл. Оны еститін билік болса, әрине.
«Хомайдың» танымал болуының екінші себебі – саясат.
Атап айтсақ, геосаяси ахуал, Ресей мен Украинаның арасындағы соғыс. Бұл соғыс басталғалы елімізде ұлттық рухтың, сананың оянғанын, тарихи жадының жаңғырғанын байқаған боларсыздар.
Соғыс басталған соң блогерлердің біразы бірден орысша жазудан бас тартты, тек қазақша жаза бастады, бұрын орысша сөйлеген блогерлер, тек олар емес, әрине, жаппай қазақ тілін үйрене бастады. Елімізде қазақ тілін үйрететін курстар көптеп ашылып, жаңа тренд қалыптасты. Себебі орыс тілі басқыншылардың тіліне айналды.
Бұл соғыс тек біздің ғана емес, барлық бұрынғы КСРО құрамында болған халықтардың, оның ішінде түркі тілді халықтардың ұлттық санасын оятты. Украинаны қолдаушылар, Ресейдің жеңілуін, тіпті, күйреп, ыдырауын тілейтіндер көбейді. Ұлы Тұран идеясы жаңғырды.
"Айоланың" бейнебаянының астында «Башқұрт халқына еркіндік тілейміз» деген тілек бір емес, бірнеше рет айтылады. Бұл ән бүкіл Түркі дүниесін дүр сілкіндірді.
Башқұрттың еркіндікке толы сарынын қазақтар, қырғыздар, әзірбайжандар, сахалар, қалмақтар, түріктер, татарлар іліп әкетті.
«Хомай» әні түбі бір түркі рухын оятып жіберді!
Ұлттық аспаптың үні, аудармашысыз-ақ түсінікі әннің сөзі, әсіресе жүрекке жылы тиетін киелі «Хомай» - Ұмайдың аталуы, ат дүбіріне ұқсас музыка ырғағы мен әдемі сарыны, башқұрттың сұлу қызы – осының бәрі бір жерге келіп түйісті де, үлкен бомбадай болып тура Наурызға қарай жарылып кеп кетті!
Үшінші бір себеп бар.
Қазір дүние жүзінде жаһандануға (глобализмге) қарсы жауап ретінде ұлттық бірегейлік, ежелгі түп тамырға оралу, төл мәдениетті жаңғырту тренді байқалады. Онымен қатар, бүкіл әлемде дәстүрлі діндердің дағдарысы басталды. Тіпті Еуропаның өзінде христиан дінінен безіну, ежелгі ата-бабалардың діни культтарының жаңғыруы белең алып келеді. Бұл осы дәстүрлі алып діндердің дағдарысқа ұшырауының айқын көрінісі. Көп діни ағымдардың қазіргі заманда бұрмаланып, тіпті теріс ағымға айналып бара жатқанын байқатын шығарсыздар. Тіпті Ресейдің өзінде орыстар арасында славяндардың ежелгі наным-сенімдеріне, діни ғұрыптарына қайта оралу байқалады.
Қазіргі дін қоғамның даму қарқынына ілесе алмай, тығырыққа тірелген секілді.
Мен еш дінге қарсы емеспін, бірақ бүкіл әлемде, мұсылман елдері болсын, христиан елдері болсын, діни дағдарыстың басталғанын байқамау мүмкін емес.
Біздің елге келсек, кейінгі кезде қазақ қоғамында әсіредіншілер көбейіп, дінмен бірге араб мәдениетінің ықпалы күшейіп келеді, мұны байқамау мүмкін емес. Ал қандай да құбылыс әдетте жауап ретінде оған қарсы құбылысты тудырады. Бұл ықпалға қарсы тұра алатын - тек ұлттық құндылықтар, ұлттық сана, ұлттық мәдениетіміз, ата-баба дәстүрі, ана тілі. Діл. Қазақты қазақ ететін осы.
Болашағына алаң болған қазақтар үшін «Хомай» үлкен үміт сыйлады, шабыт берді.
Бұл ән осы үміт сәулесін көріп қуанған жандар мен оны көріп шошынғандар, оны қауіп көргендер арасында үлкен дау тудырды. Ал біреулер бұл алауыздықты пайдаланып, отқа май құйып, миығынан күліп отыр.
Ал мына қиын заманда бізге ынтымақ пен бірлік ауадай қажет.
Сондықтан бұл әннен саясат та, дін де іздемей, құлақ құрышын қандырып, көшпелі бабалар рухын, бауырластық пен бірлікті сезінген дұрыс болар.