Түркиядағы соңғы оқиғалар, нақты айтқанда Стамбұл әкімі Екрем Имамоғлының, онымен бірге жүзге жуық үзеңгілестерінің қамауға алынуы бүкіл әлемді бір сілкіндіріп тастады. Жаһандық ақпарат көздері жаңалықтар легін осы оқиғамен ашып, сонымен аяқтап жатыр.
Алайда бәрі де болған жайды құрғақ констатациялаумен шектелуде. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де бұл оқиғаға баға беруге асығар емес. АҚШ пен Еуро Одақ басшылары үнсіз. Ресей мен Қытай да бұған қатысты пікірін білдіруге ниетті емес. Басқалары да солай. Неге деген сұрақ туындайды осы жерде.
Шынымды айтсам, мені бұл оқиға екі ойлы күйге түсірді.
АҚШ пен Еуро Одақ елдерінің ұстанған үндеместік позициясы түсінікті делік. Оларға дәл қазір Түркиямен араздасу тиімсіз. Украинадағы жанжал біткен соң агрессивтік саясатқа бет бұрған Ресейдің қаруы қалай қарай бұрылары белгісіз. Біреулер РФ келесі назарын Грузияға не Қазақстанға бұруы мүмкін дейді. Грузияны білмеймін, алайда Қазақстанға қоқан-лоққы көрсетем десе, Ресей шетел нарығына шығатын соңғы коридорынан айрылып, әлемдік тауар айналымынан мүлдем ажырап қалады. Ол оған керек пе? Әрине, керек емес. Алайда Кеңес Одағын қалпына келтірем деген амбициялары алдыңғы орынға шықса логика мен ақыл-ес екінші сатыға кетуі де ықтимал.
Екінші біреулері Балтық жағалауы елдері нысанаға алынуы мүмкін дейді. Еуро Одақтың қайта қаруланып, әскери потенциалды арттыруға 900 млрд евро жұмсау жөніндегі шешімі мұндай қауіптің барын анық байқатып отыр. Еуропа елдерінің басым көбі НАТО құрамында. Ал Түркия әскери әлеуеті жағынан НАТО ұйымындағы екінші армия. Қараптан қарап, Түркия билігін сынаймын деп, сондай одақтастан кім айрылғысы келеді дейсің! Біреудің қолымен от көсеп үйреніп қалған АҚШ-қа да ол керек емес. Демек АҚШ пен Еуро Одақ әзірге үндей қоймайды. Түркиядағы 2016-18 жылдары қамауға алынған 160 мыңның жанында жүз адам деген не тәйірі деп отыра бермек шамасы? Әрине, Түркия оппозициясының лидері Екрем Имамоғлы да Батысқа бүйрегі бұрып тұратын саясаткер ретінде белгілі. Алдағы президенттік сайлауда жеңіске жетіп жатса, Еуро Одақ оған да қарсы емес. Ал жеңе алмаса ше? Онда коллективтік Батысқа сол Ердоғанмен әрі қарай жұмыс істеуге тура келеді. Ал ол кезде Тайып көкеміз не дейтіні белгісіз. Оның үстіне ЕуроОдақ Түркияны өз қатарына қоспағанымен қоймай, оны Таяу Шығыс аймағына қарасты ел ретінде қарайық дегенін Ердоған кешіре қояр ма екен? Сондықтан Батыс елдері әзірге қай жеңгенің менікі деп үнсіз отыра беретін сыңайлы.
Ал енді бұл жағдайдың мені неге екі ойлы қылғанын айта кетейін. Әрине, бұл жаппай қамаққа алудың саяси астары бар екені айдан анық. Реджеп Тайып Ердоған 2016 жылғы әскерилердің төңкеріс жасамақшы болған әрекетінен кейін 2017 жылы жалпы халықтық референдум өткізіп, елде президенттік билік орнатты. Содан бері сол билікті нығайтумен болып келеді. Бір жағынан қарасаң, авторитаризмнің иісі мүңкіп тұр. Солай емес пе? Олай болса демократиялық платформада тұрған кез-келген ел бұл қадамды сынның астына алуы тиіс емес пе? Осы жерде тоқтаңыздар, асықпаңыздар. Бұл медальдің бір жағы ғана.
Екінші жағы ретінде Қазақстанның өзінің жеке дербес мүддесі тұрғысынан қарасақ. "Саясатта дос та жоқ, дұшпан да жоқ. Саясатта тек қана жеке мүдде ғана бар" деген еді кезінде ұлы саясаткер Уинстон Черчиль. Бізге салса, Ердоғанның неғұрлым ұзақ басшылық жасағаны тиімді. Себебі ол түркішіл басшы. 90-шы жылдардан бері ілініп-салынып, не бар емес, не жоқ емес шала-жансар күйде болған Түркі елдер одағына жан бітірді. Бүгінде әлемдік аренада Түркі мемлекеттерінің қауымдастығы едәуір нығая түсті десек, ол да сол саясаткердің арқасы. Түркі елдері біріксе қандай күш бола алатынын кешегі Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс кезінде анық көрсетіп берген де сол Ердоған. Және сол арқылы қалған түркі мемлекеттеріне дем берді. Бізге де керегі сол - Түркі елдерінің бірлігі. Себебі біз бүгінде Түркі әлемінің алдыңғы шебінде, форт-посты болып тұрмыз. Оған ешкім де кінәлі емес. Географиялық жағдай солай. Олай болса, бізге Түркия басшылығында Ердоған сияқты түркішіл саясаткердің қала бергені тиімді.
Ал жаңағы Түркиядағы оппозиция мен билік арасындағы тартысқа келер болсақ, бұл олардың өздерінің ішкі мәселесі. Және оған ешбір өзге елдің араласуына һақы жоқ. Өздері шешуі тиіс. Бәлкім біреуге менің айтқаным әділетсіздікті қолдағандай болып көрінер. Ондайларға айтарым, жалпы саясаттан әділдік іздеудің қажеті жоқ. Бос әуре. Сайып келгенде әр мемлекет жеке мүддесін ойлауы тиіс. Нақты мына жағдайда мен тек Қазақстанның жеке мүддесі тұрғысынан қарап отырмын.
Mukhtar Tumenbay