Ердоғанның басты қарсыласы, Ыстамбұл қаласының әкімі, саяси лидер Экрам Имамұлы ұсталыпты...
Ыстамбұлдың жастарға арналған бай кітапханасында зерттеу жұмысын жазып отырғанмын. Достық рәуішінде, ағалық қолдау қисынында біреу арқамнан қақты. Қарасам - Экрем Имамұлы. Ыстамбұл қаласының әкімі.
Бұйрық қой. Әйтпесе, 25 млн халқы бар қаланың әкімін кездейсоқ көру қайда... Имамұлы қаладағы кітапхананы, кітапханаға ынтызар жастардың қал-жағдайын білмекке келіпті.
Орнымнан атып тұрдым. Амандастық. Шынайы ілтипат-ықыласымыз ұнамды сұхбатқа жалғасты.
Зерттеу тақырыбым, ел жайы, ұлт-ұлысым жайлы сұраған. Сауал жіптігінің ұшы бірде - менде, бірде - Экрем әкімде.
Зор сеніммен қолдау білдірген еді. Маған. Мен құралпас, мен тақылеттес кітапханадағы біраз замандасқа да.
Имамұлының саяси бөгесінге ұрынарынан бұрыннан аңдағанмын. Болжамым шындыққа айналды. Ұсталды деген жаңалық медиа алаңында жайылып жатыр. Шынтуайтында, еш таң қалмадым.
Экрем бей түрік жастарының арасында айрықша абыройлы. “Зиятты, зерделі, кішіпейіл, жоқтан бар жасайды” деп жақсы көретін.
Диктатордың төңірегінде тындырымды жұмыс істеу қашан да мүмкін емес. Себебі, дамымайтын, елін, қолындағы өз ұжымын дамытқысы келмейтін басшы ғана өзінен ақылдылардан қорқады, сескенеді, сақтанады. Ондайды өзіміз де көріп жүрміз.
Бірақ кез келген биліксүйгіштіктің, таққұмарлықтың соңы - трагедия. Жағымпаз-жарамсақтықтың соңы - жұртқа мазақ, елге күлкі. Айшықтай айтқанда - абыройсыздық.
Жаратқан Тағала жар болсын, мен таныған үздік әкім! Бізде әкім тұрыпты, кейде мал қораның алдын сыпыратын басекелер де сәлеміңді алмай жатады ғой. Бұл Имамұлының бойында жоқ өте нашар қасиет дер едім. Саяси лидердің адалдығы, ерекше саяси сүйкімі кеңдікке бастасын. Бәрі оңынан болсын. Тілеулеспіз.
Dastan Kastay