Наурызды ысыламдандырудың қисыны жоқ

614
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Бұл тұрмыс мерекесі.

Бағзы заманда түркілер (оның алдындағы сақтар, ғұндер) малдың жайымен қыста да киіз үйде өмір сүре берген. Малы да бүрсең қағып, қыстан қысылып шыққан. Тіпті жұтқа да жиі ұшыраған. Осындай жұрт көктем шығысымен арқа-басы кеңіп, табиғат жадыраған кезде көктемді қуаныш қылып тойламағанда, енді нені тойламақ? «Қылышын сүйреткен кәрі құда қыс кетті, енді алдымызда жадыраған жазымыз бар» деп, кеуделерін алабөтен қуаныш кернеген. Олар қуанса, бойымыз жылынады деп қана емес, қыстан аман шыққан арық-тұрақ малымыз көкке ілігіп, семіре бастайды, семіре бастаса, іш тастамай төлді де төгіп береді деп қуанған. Малымыз төлдей бастаса уызға жаримыз деп көңілденетіні өз алдына бір хикая.
Сөйтіп, сарқылып біткен кебеже-қаптарының түбін қағып (қаққанда уысына бірдеңе іліксе), қалған-құтқан барын ауыл ортасына құрып қойған тай қазанға салса керек. Қазанның астына от жағып қайнатқанда қою (кейде сұйық) көже пайда болған. Қазанға әркім қолда бар әрқилы дәмін әкеп салған соң, көже де әр ауылда әртүрлі бола берген. Ежелгі түркілер осыған жеткеніне де қуанып, арқа-жарқа боп ішпей ме. Содан кейін бұндай қойыртпақ көже пісіруді олар келесі наурызға дейін ұмыта тұрған. Қазанға жеті дәм салды ма, сегіз дәм салды ма, әлде тоғыз дәм салған шығар, о заманда кім санапты? Санамаған, табылғанды қамдай берген. Кейін тілеу көже жасауды әдетке, дәстүрге айналдыра келе киелі сандарды қатыстырып, пәлсапа соғатындар пайда болса керек. Онысы жөн де шығар. Жүдеген халықты солай да жұбатып, алдағы күнге үміттендіріп, әңгіме шығару қажет қой. Осы күнгі «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты әңгіме құрастыратын пәлсапашылдарға ұқсап.
Не болса да, бұл қуаныштың (мереке деп кейінгілер ғой шығарып жүрген) исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ислам діні дегенде ойымызға алыстағы Арапстан оралады. Ал араптар наурыз айы келгенде не деп қуанады, оларда біздің жердегідей қыс болмайды ғой. «Қылышын сүйреткен...» деген тіркес қаперіне кіріп-шығып па екен? Араптар қайта «енді жер дүниенің апшысы қуырылады» деп, уайым қылмаса деңіз. Оларға алты ай аптаптан гөрі қыс мезгілі қолайлы емес пе? Оның үстіне өздері Жақилия деп атап жүрген жезөкшелік пен құмар ойыны жайлаған қараңғылық дәуірін бастан кешкен араптардан қай бір ізгілікті сұрайсың? Малдың ыңғайымен өмір сүрмейтін олар үшін сауда жасауға жылдың қай мезгілі болса да бәрібір еді. Қисын қайда?
Ал енді біреулер Наурыз көжені Нұқ пайғамбарға апарып тірейді екен. (Нұқтың өзі аңыз). Олар «Нұқ пайғамбардың кемесі тау басына тоқтаған кезде кемеде азық-түлік таусылып, әр түрлі дәмнен бір-бір уыстан ғана қалыпты, соны бір қазанға салып, ас пісіріпті, наурызкөже сол екен» деген мағынада әңгіме таратып, жаңалық ашып жатыр. Қисынға келсін-келмесін, жобалап соға беретін, болмаса біреу бір әңгіме шығарса, ойға салып сараламастан ере жөнелетін мінез, осы бізге қайдан жұққан?
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Нұқ, Наурызнама» деген жазбаларында наурыз мейрамы Нұқ пайғамдардың заманында да бар екен десе, бұл қуанышты тойды Нұққа байланыстырғаны емес, өте-мөте ежелгі екенін меңзегені.
Әдет-ғұрыпты қалыптастыратын адамның тұрмысы, сондықтан бұндай шалағай аңыздарға илана бермеген жөн.

Нұрлыбек Саматұлы

Пікірлер