Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес. Қазақстандағы ахуал және алдын алу шаралары

348
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың мөлшері жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 15 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, 34 623 адам зардап шекті. Алаяқтық әрекеттерден мемлекетке 4,1 миллиард теңге шығын келді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында осы саладағы қылмыстардың саны 9 936 жағдайға жетіп, залал көлемі 7,1 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға артық.

Интернет-алаяқтық фактілері бойынша тіркелген барлық қылмыстық істердің 56,3 пайызына кінәлі адамды анықтау мүмкін болмай, жоғалған соманың тек 11 пайызы ғана қайтарылды. Бұл 777,1 миллион теңге соманы құрайды.

АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Алаяқтар интернет кеңістігінде түрлі амалдарды қолдана отырып, азаматтарды саналы түрде алдап кетуде. Олардың ішінде ең көп таралған түрлеріне мыналар жатады.

Жалған банк қызметкері ретінде хабарласу: Алаяқтар көбінесе SMS хабарламалар немесе телефон қоңыраулары арқылы банк қызметкерлері ретінде хабарласып, шоттағы күдікті операцияларды болдырмау үшін ақша аударуды талап етеді. Осындай алаяқтықтардың құрбаны болғандар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке мәліметтерді сұрамайды.

Фишинг сайттар: Бұл әдіс алаяқтар интернетте заңсыз сайттар құрып, олардың көмегімен адамдардың жеке мәліметтерін (карта нөмірі, логин, пароль және т.б.) ұрлайды. Олар жиі өздерін танымал онлайн дүкендер немесе банктер ретінде көрсетіп, пайдаланушыларды жалған сайттарға бағыттайды.

Күмәнді әлеуметтік желілер мен жарнамалар: Әлеуметтік желілерде белгісіз өнімдер туралы жалған жарнамалар мен сатылымдар таратылады. Әдетте, төлем жасалғаннан кейін, алаяқтар сатып алушыға жауап бермей, жоғалып кетеді. Мұндай жағдайлардан сақтану үшін тек танымал және сенімді платформалардан ғана сауда жасау ұсынылады.

SMS және электрондық пошта арқылы жалған хабарламалар: Алаяқтар түрлі жарнамалар мен ақпараттарды жалған сілтемелермен таратады. Олар сенімді ақпарат көзі ретінде әрекет етеді, бірақ қолданушының деректерін ұрлау үшін ғана жұмыс істейді. Бұл әдістерден сақтану үшін хабарламаның жіберушісін мұқият тексеру қажет.Еркебұлан Қойшыбаевтың айтуынша, алаяқтықтың алдын алу үшін әрқашан сақтық танытып, күмәнді әрекеттерді дереу полицияға хабарлап, нақты мәліметтерді тек ресми көздерден ғана алуға кеңес береді.

АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Еркебұлан Қойшыбаев алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда дереу әрекет ету қажеттілігін ескертеді. Оның айтуынша, бірінші кезекте ақша алынған банкке хабарласып, шотты бұғаттау керек. Содан кейін уақыт өткізіп алмай, полицияға хабарлап, арызданған жөн. Көп жағдайда, уақыт өткен соң, алаяқты табу қиынға түседі.

Қойшыбаев жеке мәліметтерді ешқашан бөтен адамдарға беруге болмайтынын, сондай-ақ белгісіз сілтемелерге кіруден аулақ болуды ескертеді. Әсіресе, таныстарыңыз бен туыстарыңыз жіберген күмәнді хабарламаларға да сақтықпен қарау керек. Егер банк немесе полиция қызметкері ретінде хабарласса, мұндай қоңыраулар сенімсіз болып көрінсе, оларды қабылдамау немесе қай мекемеден екенін нақты сұрап, ресми шақырту талап ету қажет.

2024 жылы 5 қыркүйекте Парламенттегі жоғарғы палатаның отырысында сенатор Әсем Рахметова Премьер-министрге интернет-алаяқтықтың көбейіп кеткенін және бұл мәселенің Қазақстан үшін өзекті бола түскенін мәлімдеді. Ол азаматтардың күдікті әрекеттер туралы хабарлауы үшін арнайы сенім телефондары мен онлайн платформалар әзірлеуді ұсынды.

Пікірлер