Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың мақаласы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Онда Қазақстанның соңғы алты жылдағы даму жетістіктері жан-жақты баяндалған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде жүзеге асырылған экономикалық даму, инвестициялар, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және цифрландыру бағытындағы бастамалар нақты статистикалық деректермен негізделіп, кеңінен сипатталған.
Сарапшылар автордың ұстанымын қолдап, оның деректерге сүйене отырып жасаған тұжырымдарын жоғары бағалап отыр. Тарихшылар мақалада талданған жайттарға өзге қырынан қарап, қосымша зерттеулер қажет екенін алға тартады.
Қайыржан Әбдіхалықов, Алматы Азаматтық альянсының төрағасы, PhD:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасын басқарғанына алты жыл толды. Бұл кезең ел үшін оңайға соқпады. Әлемдік геосаяси шиеленіс, жаһандық COVID-19 пандемиясы және өзге де сын-қатерлер мемлекеттің даму жолында үлкен сынақ болды. Дегенмен, Президенттің сарабдал саясаты мен табанды ұстанымының арқасында Қазақстан осы қиындықтарға төтеп беріп, жаңа даму толқынын бастан өткерді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың мақаласында отандық экономиканы ілгерілеткен көптеген саладағы жетістіктерге Қазақстанның қол жеткізгені туралы айтылған. Меніңше, бұл – мемлекет басшымыздың жүйелі жұмысының нәтижесі. Соңғы жылдардағы және қазіргі кезеңнің айқын белгісі – экономиканың шикізаттық емес секторларын барынша қарқынды дамыту. Осы орайда, басты назар экономикалық әртараптандыруға аударылып, өңдеу өнеркәсібінің үйлесімді дамуына басымдық күшейтілді.
Қазақстан – дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақтағы көшбасшы елдердің бірі. Бұл саланы одан әрі дамыту, агробизнес пен агроөнеркәсіп кешенін қолдау мәселелері де күн тәртібінде тұр. Соның айғағы – ауыл еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан қолдаудың күшеюі. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, өткен жылы Қазақстан рекордтық көлемде астық өндірді.
Халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты мақсаты. Олжас Бектеновтің мақаласында инфрақұрылымды жаңғырту мен әлеуметтік саланы қолдау мәселелері кеңінен қозғалған. Соңғы алты жылда елімізде энергетика мен коммуналдық сектор жаңартылып, 4,4 мың шақырым жаңа автожол салынды. Бұған қоса, бұрын-соңды болмаған 250 жол бойындағы сервис нысандары бой көтерді. Бұл мемлекеттің инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлетінінің айқын көрсеткіші.
Қазақстан – әлеуметтік бағыттағы мемлекет. Президенттің тікелей бастамасымен соңғы алты жылда 1 367 жаңа балабақша мен 1 200-ден астам мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» бағдарламасы мен ауылдық жерлерде денсаулық сақтау нысандарын салу жобалары халыққа айтарлықтай пайдасын тигізуде. Сонымен қатар, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 9 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. 2024 жылдан бастап әрбір кәмелетке толмаған балаға Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлініп, ол болашақта білім алуға немесе баспана сатып алуға жұмсалмақ. Меніңше, алты жыл күрделі кезең болғанымен, халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар ауқымды әрі маңызды. Ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтау, әлеуметтік-экономикалық бастамаларды қолдау және дамыту – Қазақстанның жарқын болашағына бастайтын басты қадамдар.
Досалы Салқынбек, тарих ғылымдарының кандидаты, Satbayev University профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі:
ҚР Премьер-министрі Бектеновтың мақаласын оқып шықтым. Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың алты жылдық президенттік кезеңіндегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуындағы жетістіктері кеңінен талданған. Автор елдің экономикалық өсімі, инвестициялық саясат, өнеркәсіптік өндірістің кеңеюі және инфрақұрылымдық жобалар сияқты маңызды аспектілерді нақты статистикалық мәліметтермен негіздеп көрсетеді. Мақалада еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы мен экспорт құрылымындағы өзгерістер ерекше назар аудартады. Экономиканы әртараптандыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде мұнай-газ секторының үлесі төмендеп, өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты айтарлықтай өскен. Сондай-ақ автор энергетикалық сектордың жаңғыртылуы мен атом энергетикасын дамыту мәселесіне де тоқталған
Мен тарихшы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан тарихын түгендеуге қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Президент тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұлттық мұраларды зерттеу және тарихи сананы жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарды. Тоқаевтың бастамасымен қазақ тарихының ақтаңдақ беттері қайта қаралып, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша ауқымды зерттеулер жүргізілді. Кеңестік дәуірде әділетсіз жазаға ұшыраған тұлғалардың есімдері қайта оралып, олардың еңбектері ғылыми айналымға енгізілді.
Қай қоғам болмасын, сол қоғамдағы адами құндылықтар, адам тәрбиесі, жастарды отансүйгіштікке баулу, патриотизм мәселелері әрдайым бірінші кезекте тұратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы құндылықтарды ерекше назарда ұстап келеді. Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында және соңғы төрт жылдан бері өткізіліп келе жатқан Ұлттық Құрылтайда ең басты мәселе – адами құндылықтар мен ұлттық тарих екені айқын көрінеді. Осы бағытта Мемлекет басшысы 2020 жылдың 30 мамырында – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Осыған сәйкес, 2020 жылғы 24 қарашада №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойылып, мемлекеттік комиссия құрылды. Аталған комиссия еліміздің маңызы бар қалаларында және облыс орталықтарында жұмыс істей бастады. Алматы қаласы бойынша құрылған комиссия құрамында мен де қызмет атқардым. Бұл комиссия отандық тарихшылар үшін үлкен серпіліс әкелді. Өйткені осы уақытқа дейін тарихшылардың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Алматы қалалық Полиция департаментінің архивтеріне кіруіне еш мүмкіндік болмаған еді. Ал мемлекеттік комиссияның құрылуы арқылы аса құпия сақталған құжаттармен танысу мүмкіндігі туды. Соның арқасында бұрын ақталмаған, істері шаң басып жатқан, жалған саяси айыптармен жазаланған қаншама қайраткерлерді ақтау жұмысы жүргізілді. Бұл комиссия жұмысының нәтижесінде тарихшылар құнды зерттеулер жасап, іргелі еңбектер жариялады. 2023 жылы өзімнің «Ерлік пен қасірет» атты зерттеу еңбегім жарық көрді. Бұл еңбекте осы күнге дейін белгісіз болып келген тарихи тұлғалардың әділетсіз жазадан аршылып, олардың шынайы саяси бейнесі ашылды. Осы секілді қаншама қайраткерлер өздерінің әділ бағасын алып жатыр. Сонымен қатар, белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді бастаған ғалымдар тобы 2024 жылдың соңында 12 томдық «Алаш ісі» атты ірі көлемді еңбекті жарыққа шығарды. Алдағы уақытта бұл зерттеулер орта мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылатын болады.
Мемлекет басшысының тарих саласындағы ең маңызды бастамаларының бірі – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы. 2021 жылдың басында жарияланған бұл еңбекте Президент:«Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс»,– деп, ұлттық тарих ғылымын дамыту қажеттігін атап өтті. Президент қазақстандық тарих ғылымына сапалы серпіліс жасап, халқымыздың өткенін терең зерттеу, тарихи сананы жаңғырту және ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді талап етті. Сонымен қатар, осы мақалада Мемлекет басшысы жеті томдық академиялық еңбекті әзірлеу туралы тапсырма берді. Қазіргі таңда бұл еңбек толық аяқталып, жуырда жарық көреді деп үміттенеміз.
Президент өз Жолдауларында, сондай-ақ Ұлытау, Түркістан, Атырау, кешегі Көкшетауда өткен Құрылтайларда тарихи сананы жаңғырту мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді. Ол тарихымызды дұрыс зерттеп, мектептер мен жоғары оқу орындарында сапалы оқытуды басты назарда ұстау қажеттігін жиі айтады. 2022 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. Бұл тарихи және рухани салада халқымыз үшін үлкен серпіліс болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2024 жылы Қазақстан Жошы ұлысының құрылуының 800 жылдығын атап өтті. Бұл да ортағасырлық тарихымызды жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық тарих пен рухани құндылықтарға ерекше мән беруі отандық тарихшылар мен зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндік ашты. Тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп, бұрын белгісіз болып келген көптеген тарихи тұлғалар ақталды. Сонымен қатар, отандық тарих ғылымында жаңа зерттеулер пайда болып, олардың нәтижелері білім беру саласына енгізілуде. Алдағы уақытта да Президенттің осы саладағы бастамалары жалғасын табады деп сенеміз.
Бану Нарбекова, Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық қызмет жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
Бірер күн бұрын Премьер-министр Олжас Бектеновтың мақаласы жарияланды. Онда 2019 жылы 19 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет тізгінін қолына алғаны және осы алты жыл ішінде атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер сөз болды.
Білім мен ғылым саласының маманы ретінде соңғы жылдары жүзеге асқан реформалар мен жетістіктерге ерекше тоқталғым келеді. Баршаңызға белгілі, Президентіміз жоғары білім жүйесіне үлкен міндеттер жүктеді. Солардың бірі – еңбек нарығының сұранысына сай кадрлар даярлау. Бұл мақсатта барлық білім беру бағдарламалары қайта сараптамадан өтіп, жаңа атлас негізінде мамандар даярлау жүйесі қалыптасты. Сонымен қатар, жоғары білімнің географиялық және геосаяси аясын кеңейту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Еліміздің жоғары оқу орындары 34 стратегиялық әріптестік орнатып, нәтижесінде 20-дан астам ЖОО-да әлемнің үздік университеттерінің филиалдары ашылды. Бұл бастама болашақта жоғары білім сапасын арттырып, азаматтарымызға озық тәжірибеге негізделген білім алуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары ғылымға да айрықша назар аударылуда. Президент тапсырмасы бойынша ғылым саласында жаңа заң қабылданып, ғылымды қолданбалы бағытта дамыту мәселесі көтерілді. Осыған байланысты докторанттарды даярлау жүйесі жолға қойылды. Президенттің қолдауымен жыл сайын 1000 грант бөлініп, қазіргі таңда 3000-ға жуық докторант білім алуда. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Жас ғалымдарды қолдау шаралары да күшейтілуде. Олар үшін шетелдің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған. Жыл сайын 500 жас ғалым шетелде білімін жетілдіруде. Айта кетерлік, ғылымды коммерцияландыруға ерекше назар аударылып отыр. Енді ғылыммен тек зерттеу жүргізу ғана емес, оны өндіріспен ұштастырып, ғылыми жетістіктерді нақты өнімге айналдыру және нарыққа шығару маңызды міндетке айналды. Осы мақсатта жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінуде.
Біз педагогикалық университет болғандықтан, Президент жүктеген негізгі міндеттердің бірі – сапалы педагог кадрларды даярлау және олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру. Осыған орай, мұғалімдерді даярлау ісінде мектептермен және орта білім беру ұйымдарымен әріптестік одан әрі нығайып келеді. Жоғары білім саласындағы басты үрдістердің бірі – цифрлық білім беруді дамыту. Бүгінде жасанды интеллект экономика мен түрлі салаларда маңызды рөл атқарып отыр. Осы бағытта 20 университеттің базасында 40-тан астам IT кафедрасы ірі компаниялардың қатысуымен ашылды. Сондай-ақ 25 мың студент Coursera онлайн платформасынан курстар өтіп, білімін жетілдіруде. Осы атқарылған жұмыстар ауқымды реформалардың тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта да біз еліміздің білім және ғылым жүйесін жетілдіріп, жаңа белестерді бағындыруға ұмтыламыз.