АҚШ-тың басты федералды агенттіктері ФБР, Мемлекеттік департамент және Пентагон, қызметкерлеріне Илон Маск жіберген электрондық хатқа жауап бермеуді тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Маск мемлекеттік қызметкерлерден өз жұмысының тиімділігіне баға беруін талап еткен еді.
Дональд Трамптың жаңа әкімшілігінде Маск Үкімет тиімділігі департаментін (DOGE) басқарады. Оның айтуынша, бұл департаменттің негізгі міндеттері – бюджеттік шығындарды азайту, артық бюрократияны қысқарту және жемқорлықпен күресу.
Өткен сенбіде Маск басқаратын Қызметкерлерді басқару кеңсесі (Office of Personnel Management – OPM) миллиондаған мемлекеттік қызметкерлерге электрондық хат жіберіп, өткен аптадағы жұмыстары туралы қысқаша есепті дүйсенбіге дейін жолдауды талап етті.
Маск егер кімде-кім бұл талапты орындамаса немесе белгіленген мерзімді бұзса, оны "өз еркімен отставкаға кету" деп санайтынын мәлімдеді.
"Бұл талап заңсыз әрі ойға қонымсыз. Маск үкіметтік құрылымдарға және өз ісіне адал мемлекеттік қызметкерлерге қысым көрсетуді жалғастыруда", – деп мәлімдеді Вирджиния штатының демократ конгрессмені Джерри Коннолли.
Кейбір агенттіктер қызметкерлеріне Масктың талабын орындауды ұсынса, кейбір ведомстволар керісінше жауап беруден бас тартты.
Жексенбі күні Маск Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) көптеген есептерді алғанын және бірқатар мемлекеттік қызметкерлерді жоғары тиімділігі үшін марапаттауды жоспарлап отырғанын жазды.
Дегенмен, АҚШ-тың негізгі федералды ведомстволары бұл бастаманы қолдамады.
Жаңадан тағайындалған ФБР директоры Кэш Патель сенбі күні кешке қызметкерлеріне OPM-нің сұранысына жауап бермеу туралы нұсқау жіберді. Ол ФБР жұмысына кез келген тексерулер тек дирекция арқылы жүргізілетінін еске салды.
Осыған ұқсас мәлімдемені АҚШ Мемлекеттік департаменті де жасады, олар тек өз басшылығы ғана агенттіктің жұмысына баға бере алатынын айтты.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды қызметкері Тибор Надь қызметкерлерге жіберген электрондық хатында "Ешбір қызметкер өз департаменті ішіндегі субординациядан тыс есеп беруге міндетті емес" деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, Пентагон, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі және Төтенше жағдайларды басқару федералды агенттігі (FEMA) де өз қызметкерлеріне Масктың сұранысына жауап бермеуді тапсырды.
"Қажет болған жағдайда ғана Қорғаныс министрлігі OPM-нен келген электрондық хатқа жауап беру тәртібін үйлестіретін болады", – делінген Пентагон басшылығының өз қызметкерлеріне жолдаған үндеуінде.