Қазақтың классик жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиеті мен драматургиясын дүниеге танытқан дүлдүліміз Дулат Исабековтің де соңғы сағаты соғыпты.
Ұлттың сөзін сөйлеп өткен ұлы жазушымызбен бірге бір дәуір көшіп барады. Алыптардың бізді тастап кетуі жалғасып жатыр. Қайран, бітімі бөлек, біртуар тұлғамыз Дулат көкем-ай!
Өткенде ғана көңілін сұрап барғанда сау күніндегідей өткір әзілімен күлдіріп отыр еді. Қаралы хабарды мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш ағамыз айтты. Өзі жаңа ғана Шымкенттен белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіттті соңғы сапарға шығарып салып келіп, Астанадағы үйіне кірген беті екен. Қайта жолға жиналып, Алматыға жеттік! Жаназасы жексенбі күнге белгіленіпті.
Дулат Исабековтың қазасына байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады»,— деп жазушы еңбегін жоғары бағалады мемлекет басшысы.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрі О. Бектеновтер көңіл айту хатын жолдады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де парақшасында Дулат Исабеков туралы жүректен шыққан көңіл айту жазбасын жариялады. Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев жазушы шаңырағына кіріп, көңіл айтып, Дулат ағасымен кездесулеріндегі қызықты сәттерді әңгімелеп берді.
Дулат Исабековтың кітабы көлігінен түспейтін, телеграм каналында “Қазақ Шеспирінен айрылдық” деп жазба жариялаған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев ұлы жазушымен қоштасу үшін Астанадан таңертең арнайы ұшып келіп, ұшып кетті! Алла жар болсын!
Әділетті Қазақстанда алдыңғы қатарда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын Жұлдызды» алған аса көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков қазақтың аты әлемге әйгілі дүлдүл қаламгері еді...
Ұлыбританиядағы Лордтар палатасында сөйлеген тұңғыш қазақ Дулат Исабеков сонымен бірге Лондондағы орталық кітапханаға кітабы қойылған тұңғыш қазақ жазушысы.
Ұлыбританияда 2014 жылы және 2015 жылы қатарынан Дулат Исабековке арналған апталық өтіп, 2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен театр фестивалі ұйымдастырылды. Яғни, Ұлыбритания қазақ жазушысына арнап 3 рет апталық фестиваль өткізді. Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» атты қойылымын тұңғыш рет қазақ тілінде ағылшын көрерменіне көрсетілді. 2017 жылы 4 қазан күні Pajarito театры Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» пьесасын ағылшын тілінде сахналады.
Жалпы, 2014 жылдан 2023 жылға дейін тек Ұлыбританияда, Лондонда Дулат Исабековтың 7 рет шығармалары ағылшын тілінде басылып шықты. 2 рет спектаклі қойылды. Яғни, Ұлыбритания 9 жылда 9 рет Дулат Исабековтың шығармасын шығарып, 3 рет апталық фестиваль өткізді.
2023 жылы Түркияда «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты кітабы түрік тілінде шығып, оған 4 повесть енді. Түркияда шығатын танымал «Temrin» әдеби журналының бір саны түгелдей Д.Исабековтің шығармашылығына арналды.
2020 жылы Швецияның астанасы Стокгольм қаласында швед тілінде «Аптапты күн, үскірік жел, дүрбірлі дала» деген атпен тұңғыш рет шығармалар жинағы «Gun Förlag» баспасынан жарық көрді.
Жазушының шығармаларын тәржімалаған белгілі шведтік аудармашы Бенгт Самуэльсон. Стокгольмдегі тұсау кесері 2021 жылдың мамыр айында өтті.
Ал Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклі Австралияда да қойылды. “Бөрте” драмасы - әлем назарын аударып отырған үздік драма.
Бұл драма қазір бірнеше ел сахнасына дайындалып жатыр. Кезінде жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан қылышымен жетпеген жерге Дулат Исабектің қаламымен Бөрте жетуде!
«Гаухартас» пьесасы қойыла салысымен бір жарым жылда 222 рет қойылды, барлық қойылым аншлагпен өтті. Бұндай көрсеткіш Қазақстан үшін рекорд болып саналады.
Қазіргі қазақ әдебиетін шет елдер Дулат Исабеков есімі арқылы танып келе жатыр еді… Дулат Исабеков шығармашылығына қызығушы елдер жыл сайын артып келеді.
Былтыр 2024 жылы да Швеция астанасы Стокгольм қаласында «Исабеков әлемі» атты әдеби кеш өтті. Бұған дейін Ұлыбритания, Австралия, Корея, Түркия, Болгария, Грузия, Ресей елдерін баураған туындылар, ендігі жерде Скандинавия елдерінде де өз бағасын алды.
Тәуелсіздік алған осы жылдарда әлемдік Нобель сыйлығына 2016 жылы ұсынылған қазақ әдебиетінің классигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтен кейін биыл Дулат Исабеков ұсынылып отыр еді… Қазақ әдебиетінен басқа ешкім бола қойған жоқ… Өйткені, 30 жыл бойы билік бір адамның ғана Нобель сыйлығын алуы үшін жұмыс істегені белгілі ғой...
Дулат Исабековты Нобель сыйлығына сол Нобельдің отаны Швециядан бастап, Корея, Түркия, Грузия, Түрксой Жазушылар одағы секілді шетелдік ұйымдар бастап, Қазақстан Жазушылар одағы қостап, 9 ұйым атынан ұсынылған еді...
Дулат Исабековтың драмаларын оқыған Грузияның Мачабели атындағы Цчинвали кәсіби мемелекеттік драма театрының режиссері Гоча Капанадзе: «Исабековтың тек «Актриса» пьесасының өзіне ғана Нобель сыйлығын беруге болады»,— деп жазды.
Енді, міне, қазақ жазушысы әлемдік Нобель сыйлығын алып, дүниені дүбірге бөлеп жатса, ең алдымен ел мен ердің мерейі болады емес пе деп қазақ халқы тақымын қысып жүрген еді, ажалға амал жоқ, үмітімізді үзіп кетті…
Ұлттық мүддеміздің қорғаны болған Дулат Исабеков қай кезде де ақиқатты айта білді. Халық сөзін сөйледі. Елімізді, жерімізді, тілімізді, ділімізді қорғады.
2011 жылы Жаңаөзен қырғынында ең алғашқы болып, елдің сөзін айтты…
“Айлығын сұраған жұмысшыны ату деген қайдан шыққан?!” — деп айқай салды…
Мемлекеттік тілдің заңды қақын талап етті!
Анау бір жылы Моңғолиядан келген қандастарымыз елден пана таппай қайта көшпек болғанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылтайында сол кездегі президентке “Елім деп келген қандастарымыз елінен пана таппай, осылай қайта бере ме? Бұған кінәлілер қатаң жауап беруі тиіс!”-деп әділеттілікті талап етті. Қазақ көшіне қайта қарқын біте бастады содан соң…
Өткенде көңілін сұрай барғанда, саумал ішіп, басын көтеріп, тәуір боп қалған екен. Менен кейін кірген белгілі қаламгерлер, өзі басқарған “Мәдениет” журналында талай жыл орынбасары болған Мырзан Кенжебай інісі мен Нұрлыбек Саматұлы үшеумізге бұрынғыдай қалжыңдап, тиісіп отырды. “Басқа келсе де, сен келмейтін шығарсың” деп едім”-деп Мырзекеңе қалжыңдады. Бәріміз шүйіркелесіп әңгімелесіп қалғанымызды бір ініміз суретке түсіре қойып еді, “Түсіп қалыңдар, ертең тірі күнінде түскен едік” деп жүресіңдер” деп бір күлдірді. Қоштасып кетіп бара жатқанда, “Ертең “Дулат Исабеков қайтыс болды”-дегенді газеттен оқымай, жиі хабарласып тұрыңдар үйге, Шолпанға телефон соғып…”-деді тағы да әзіл-шынын араластырып… Бұл фәни дүниедегі соңғы күндер мен соңғы сағаттардың суық сыртылы жақындап келе жатқанын сезіп тұрса да, ажалдың өзімен ойнап отырған қайран өр рухты, ер көкем-ай” деп, іштей күрсініп тұрсам да, күлімсіреп қоштасқан едік. Сол соңғы көруіміз екен қазақ әдебиетінің қара нарын…
Дулат Исабековпен қоштасу ертең 23 ақпанда сағат 10-да Қазақстан Жазушылар Одағында өтеді деп жоспарлануда. Асы түсте Қабылдау үйінде (Құрманғазы көшесі 44) болады.
Алла алдынан жарылқағай!
Қалың қазаққа көңіл айтамыз…
Отбасына, ұлы Естияр бауырымыз бен қыздары Шолпан мен Айманға, балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз…
Пейіште рухы шалқысын.
ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ
«Тіршілік» мынау, тіріде бітпес өлеңі,
«Қарғын» боп өмір қарқынын таба береді.
Шындықты айтқан шығармаларың шынайы,
«Дермене» шөптей демеу боп елге келеді…
Ақтарылғанда ақ шулан толқын ақ теңіз,
Жауһарлы әлем – жаныңмен тауып жатты егіз…
Дананы көрдім баладай көңілі босаған,
Ананың орнын басады асыл «Әпкеңіз»
Өзіңе қарап түзейді бойын кіл өскін,
Көкке бойлаған көкеме мен де жыр естім.
Киепан шалдай сүйегін умен сүйреген
Кеселді қоғам кесіріменен күрестің.
Ұрысы мықты, болады кілең иең мерт,
Ұлысы тіпті ұмтылар қолға сүйем деп…
«Бонапарт» емес … кеш болса дағы… кестірер,
Сүндеттен кетіп... сүйекке жетті сүйел дерт…
«Соғысты біз де көрмедік», енді не дейік,
Соғыстан бетер сойқанды деп пе ек көрейік…
Сахнада емес… саясатыңда жатыр ғой,
Мұрадан жұрдай «Мұрагерлер» де көбейіп…
Тәуелсіз елдің болса деп берік тұғыры,
Шырымын бұздың , шыдатпай жанның шырылы…
Ескертсең дағы ес кеткен мынау қоғамға,
«Ескерткіш» салғыш бір күндік ғана ғұмыры…
Тумысы бөлек туыпсың көке, күзде сен,
Туындыларың із салар жанға ізгі әсем.
Бәріне қолды бір сілтеп кетіп қалар ең,
«Гауһартасты» айтып, Салтанат өмір іздесең…
Сәбиді жансыз тұрса да күтіп кәрі жер,
Тәңірден үкім болмаса, өлмес тәрізі ер...
Жерлемес бұрын...
Көрем деп сені соңғы рет,
Көрден ап қалған.. көрші кемпірге қарыз ел...
Мыңдардың бәрі мыңсайрам болған мына шақ,
Ауқымы тарлар аузымен ғана жүр асап…
Ақыры біз де арманға бір күн жетерміз,
«Ақырамаштан Наурызға дейін» шыдасақ…
Бойыңнан көрді ел Биіктік пенен Тереңді,
Мықты емес Сізден алғандар анау Нобельді.
Арыста туып, Алысқа шапқан тарланым,
Қаламыңменен шарлай бер бүкіл әлемді!