Ресей президенті Владимир Путин Каспий құбыр консорциумын (ҚҚК) қорғау үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ПВО) жүйелері орнатылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, бұл нысан халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға жатады. Сондықтан оған шабуыл жасалмайды деп есептелген.
«Бұл нысанда бұрын да, қазір де әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері болған жоқ. Себебі түсінікті, біз бұл нысанға шабуыл жасалмайды деп ойладық. Өйткені бұл – қатаң түрде алғанда, Ресейге тиесілі нысан емес, халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға жататын нысан», – деді Путин.
Ол Украина Қарулы Күштерінің ҚҚК-ға жасаған шабуылы Еуропамен үйлестірілген болуы мүмкін екенін айтып, бірақ бұл жай ғана сәйкестік болуы да мүмкін екенін жеткізді.
17 ақпанда Украина Қарулы Күштері ҚҚК-ның «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына дронмен шабуыл жасаған болатын. ҚҚК бұл туралы халықаралық консорциумның барлық акционерлеріне, оның ішінде АҚШ пен Еуропа компанияларына хабарлады.