Сәтбаев қаласының тұрғындары 8 қаңтардан бері қара қарға қатысты шағымдарын әлеуметтік желі арқылы жеткізіп келеді. Экология департаментінің мәліметінше, бұл құбылысқа "Kazakhmys Distribution" компаниясына қарасты жылу электр орталығынан шығарылатын ластаушы заттар себеп болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің хабарлауынша, қардың қара түске боялуы атмосфераға тазарту қондырғыларынан толық өтпей шығатын зиянды заттардың әсерінен туындаған.
"Қардың қара түске боялуына "Kazakhmys Distribution" ЖШС жылу электр орталығының қазандықтарынан шыққан ластаушы заттардың шығарындылары себеп болды", — делінген ведомствоның хабарламасында.
2024 жылы экология департаменті осындай жағдай бойынша компанияны тексеріп, 42,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салған болатын. Компания экологиялық талаптарға сай бұзушылықтарды түзетуге міндеттелген еді.
21 қаңтардан бастап департамент "Kazakhmys Distribution" компаниясына жоспардан тыс қайта тексеру жүргізді. Сарапшылар жылу электр орталығының шығарындыларының көздерінен сынама алып, талдау жасайтынын мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша министрлік ресми ақпарат береді.