Адам өлтіру, тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және заңсыз қару айналымы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның екі азаматы Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі 20 қаңтарда айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
2023 жылдың қаңтарында Шымкент қаласында 5 адам танысын өлтіруді жоспарлаған. Бұл үшін олар тапанша, металл шыбықтар мен бита алып, үйіне барған.
«Күдіктілер терезелерді сындырып, үйге кіріп, жәбірленушіге аса қатыгездікпен көптеген дене жарақаттарын келтірген. Кейін үйдегі басқа адамдарды ұрып-соғып, жәбірленуші өмір белгілерін бермегеніне көз жеткізген соң, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жәбірленуші ауыр дене жарақат салдарынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған»,—делінген хабарламада.
Күдіктілердің екеуі ізін суытпай ұсталып, әртүрлі жазаларға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған.
2024 жылдың мамырында сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды. Қалған екі іздеудегі күдікті өткен жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторына қамалды. Айыпталып отырған қылмыстарды жасағаны үшін оларға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.