Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынаған шешен белсендісі Мансур Мовлаев Алматыда ұсталып, 40 күнге қамалды. Бұл туралы Адвокат Мұрат Адам мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
Мұрат Адамның сөзінше, тергеу соты шешен белсендісі Мансур Мовлаевты 40 күнге қамауға алған.
“Мен бүгінгі процесте Шешенстанда белсенділерді көпшілік алдында қалай өлтіретінін көрсеттім. Бұл нағыз сұмдық, мұның бәріне барлығы қарап тұр, ал әйелдер өлген белсендіге қарап жылап тұр. Тергеу судьясы сол видеожазбаны көрсетуді өтінді, бәлкім бізсіз көргенде жағасын ұстаған болар. Тергеу соты Мансур Мовлаевтың өміріне қаншалықты қауіп төніп тұрғанын көрсету үшін мен осындай өтінішті беруге мәжбүр болдым. Қорғауымыздағы Мовлаев та осы өтінішті қолдады”,
Мұрат Адам ендігі кезекте Мансур Мовлаевқа баспана беру мәселесі жөнінде өтініш білдіретінін жеткізді.
“Біз тергеу сотының шешіміне ырзамыз. Сот шешіміне қарсылық білдірмейміз”, - дейді адвокат.
Алматыда шешен ұлтының өкілі, белсенді Мансур Мовлаевтің ұсталғаны туралы кеше ақпарат тараған еді. Мовлаевтың ұсталғанын растайтын өзге дереккөз табылмаған. Алматы қалалық полиция департаменті де бұл жөнінде түсініктеме берген жоқ.
«Настоящее время» арнасының жазуынша, 2023 жылы Мансур Мовлаев Қырғызстанда жүрген кезінде Ресейге экстрадиция қаупі туындаған. Осыдан кейін ол елден кетуге мәжбүр болған. Сол уақытта ол әлеуметтік желіде Ресей билігі өзіне қысым жасау үшін бауырлары Зелимхан мен Хамзатты ұстағанын жазған.