Ұлы Қазақ Елі тарихына, тағдырына тамсанған және таңданудан жалықпаған жолаушы

3330
Adyrna.kz Telegram

Азия мен Еуропа құрлықтарының түйіскен кіндігінде орын тепкен кең-байтақ қазақ жері ежелден түрлі мәдениеттердің диалогына, интеграциялық байланыстың алтын көпіріне арқау болып келеді. Ал Шығыс пен Батыстың арасын байланыстырған Ұлы Жібек жолының Жетісуды жағалап, Сарыарқа мен Бетпақдаланы бойлай, Қазақстанды басып өтуі, тіптен, өз алдына бөлек шежіре. Шығысынан мұсылмандық түркілік және араб-парсылық, одан қалды, діні бөлек қытай-моңғол мәдениеттері, батыстан славяндық орыс, украин, поляк мәдениеттерімен қатар, католиктік еуропалық өркениет қазақ мәдениетімен біте қайнасып, біздің тіліміз бен ділімізді, әдебиетіміз бен өнерімізді байыта түсті.

Бұған қазақ тіліндегі кірме сөздердің көптігі, этнографиясы мен фольклорындағы сырттан енген құндылықтардың сан-алуандығы, транзитті аймақтағы ұлт ретінде еліктегіштігі мен қарым-қатынасқа бейімдігі дәлел.

Протоқазақтар тарихына қатысты «Тарихтың атасы» атанған Геродоттың, Орхон-Енисей сына жазулары мен көне Қытайдың жазба деректері, орта ғасырлардағы әл-Фараби бабамыздың «Шығыс Аристотелі» атануы, жалпы, қазақ ақын-жырауларының туындыларына Омар Хаям, Фирдоуси, Шамси, Сағди сияқты шығыс шайырларының ықпал етуі, ислам қағидаларының қазақ философиясымен ықпалдасуы да ұлтымыздың ерте заманнан мәдени-рухани алмасуға бейім екенін айғақтай түседі.
Бір өкініштісі, осынау ұлан-ғайыр кеңістікті жайлаған Қазақ Елі сыртқы жаулардың шапқыншылығынан көз ашпай, халқы қырылып, қалалары қирап, мәдени-рухани тұрғыдан күйзелісті көп көрді… Бұл туралы еуразиялық идеясымен танымал ғалым Л.Н. Гумилев «Древняя Русь и Великая степь» атты еңбегінде «Странно, но долгое время считалось, что народы Евразийской степи, в особенности кочевые, не имели собственного культурного развития, собственной истории и уж обязательно – оригинального искусства. Раскопки на Алтае, в Монголии и Сибири показали, что искусство евразийских народов существовало, история их ныне написана, прочтенные тексты показали наличие передовой философской литературы, а фольклор зафиксировал оригинальные сюжеты. Все у них было, но мало что сохранилось» деп атап көрсетеді (Л.Н.Гумилев «Древняя Русь и Великая степь» // http://gumilevica.tripod.com/ARGS/args101.htm/). Бұл қазақтардың бас сауғалап, Ресей патшалығына қосылуына мәжбүр еткен тарихи-саяси факторлардың бірі еді.

Қазақтар Ресей патшалығына қарағаннан бастап ұлт мәдениетіне батыстың ықпалы арта бастады. Сәйкесінше, қазақы мәдени алмасудың дәстүрі ағартушылық дәуірі атанған ХІХ ғасырда осы үрдісте жалғасын тапты. Бұл кезеңде көршілес Ресейде А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гоголь, Ф.Достоевский, Л.Толстой, Г.Потанин, А.Чехов, В.Белинский, И.Крылов, А.Герцен, Н.Чернышевский, т.б. украиндардан Т.Шевченко, П.Кулиш, поляктардан А.Мицкевич, Ю.Словацкий, А.Янушкевич, Г.Зелинский, З.Красинский, Р.Дмовский, ал қазақ жерінде Махамбет Өтемісұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердиев сынды ұлы ақын-жазушылар мен ойшылдар данагөй шығармашылығымен танылған еді. Абай Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударып, олардың шығармашылығын қазақ халқына көркемдікпен жеткізсе, Шоқан Уәлиханов Достоевскиймен дос ретінде хат алмасып, П.С.Семенов-Тянь-Шанскиймен, Г.Потанинмен тығыз араласты. Ы.Алтынсарин Толстой мен Крыловтың шығармаларын қазақшаға аударып, Потанинмен дос болды.
Өз кезегінде, А.Пушкин 1833 жылы қыркүйек айында І Николай патшаның рұқсатымен «Пугачев тарихы» және «Капитан қызы» атты шығармаларына материал жинау үшін Орынбор арқылы Оралға келіп, қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың әдебиеті, өнері, мәдениеті туралы мағлұмат жинаған. Зерттеуші Н.Жуанышбековтың көрсетуінше, ол тіптен Махамбетпен кездесіп, одан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» туралы жырдың аудармасын жазып алған (­Джуанышбеков Нурболат. Свет Пушкина в Казахстане / Учебное пособие. – Алматы: Искандер, 2000.132 с./). Г.Потанин қызмет бабымен қазақ жерінде біраз болып, қазақ зиялы қауымымен достық қарым-қатынаста болған. Украин Т.Шевченко Қазақстанға жер аударылып келіп, өзінің шығармашылығымен отандық тарихымызда ізін қалдырды. Ал поляк А.Янушкевич 1841 жылы Омбыға көшіп келіп, 1842 жылдан бас­тап Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасында қызмет етті. Қазақ жерін көп аралап, қазақ тілін үйренді. 1846 жылы Қазақстан тарихы үшін құндылығы зор саналатын «Сібірге сапардың күнделігі» атты еңбегін жазды.
Сондықтан да бүгінгі қазақстан­дықтар өздерінің тарихы мен мәдениетін құрметтеген, оның қадір-қасиетіне жеткен, тиісінше бағалаған шетел азаматтары туралы ұдайы сүйіспеншілікпен, айрықша ықыласпен ауызға алады. Солардың алдыңғы легінде поляк халқының адал перзенттері Адам ­Мицкевич, Густав Зелинский, Адольф Янушкевич секілді әдебиет пен мәдениеттің, қоғам қайраткерлері де бары анық. Бұлардың қай-қайсы да ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының жай-күйі, әдет-ғұрпы, салт-санасы мен дәстүрі туралы танымды шығармалар жазып, кейінгі ұрпаққа қалдырған.
Әсіресе, А.Янушкевич пен Г.Зелинс­кий­­дің мұралары Қазақ даласының болмыс-бітімін, ондағы тыныс-тіршілікті білсем, дархан Дала тарихының сырына қанықсам дейтін оқырман үшін үлкен олжа болғаны сөзсіз. Сондықтан да біз ең алдымен осы аттары аталып отырған кісілердің ішінен Адольф Янушкевичтің тұлғасы туралы аз-кем тілге тиек етіп, ой қорытсақ деген ниетіміз бар.
Жастайынан төңіректегі құбылысқа ойлана көз жүгіртіп өзінше пікір түйе білген Адольф Янушкевич кішкентай кезінен-ақ әйгілі Тадеуш Костюшконың көтерілісі туралы мағлұматтарға қанық болып өсті. Ол поляк халқының осынау асыл перзентінің ұлағатты өмірі мен өз елінің тәуелсіздігі жолындағы күресінде басын бәйгеге тіккен Костюшконың ерлігіне еліктей білді. Кезінде Винницы гимназиясын үздік бітірген ол кейінірек Вильно университетінің тіл-әдебиет факультетінде оқиды. Осы жылдары жас патриоттың Адам Мицкевич басқарған студенттердің астыртын ұйымына деген ерекше ілтипаты пайда болады. Бұл ұйым революциялық қозғалыстың басшыларымен, тіпті орыс декабристерімен де байланысы болғаны мәлім («Қазақ Совет Энциклопедиясы», Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы, 12-том, 1978 ж., 542-б.).
Адольф Янушкевич университетті бітіріп өзінің туған жеріне, өскен ортасына оралғаннан соң да оның революциялық рухтағы әріптестерімен байланысы үзілмеген еді. Осы тұста ол өзінің шығармашылық белсенділігімен де оқырман қауымға таныла баста­ған болатын. Айталық, 1821 жылы «Dziennik Wilenski» деп аталатын журналда «Мелитон және Эвелина» деп аталатын сентименталды поэмасы жарық көрді. Адам Мицкевичтің творчествосын қастерлеушілердің санатынан табылған ол кейін Подольеде оның поэзиясын белсенді түрде насихаттаушысы атанды.
1826 жылы А.Янушкевич Камен­цедегі Азаматтық сот жөніндегі бас палатада депутат болып қызмет атқарды. Алайда кейінірек денсаулығына байланысты бұл қызметтен шығып, емделу мақсатында Германияда, Оңтүстік Францияда, Италияда болды. Осы кездері ол Римде саяхатшылап жүрген А.Мицкевичпен және А.Одынцпен кездеседі.
1830 жылы қыркүйек айында елге қайта оралып, Қараша көтерілісіне қатысады. Осы кезде ол қақтығыс сәтінде жараланып, тұтқынға түседі. 1832 жылғы 4-наурыздағы сот үкімімен өлім жазасына кесіліп, кейін бұл үкім оның Сібірге жер аударылуына алмастырылады. Сонымен қоса, ол дворяндық атағынан айырылып, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленеді.
Міне, осы кезден бастап, нақтылап айтқанда, 1833 жылдары Адольф Янушкевичтің ежелгі Қазақ жеріндегі өзінің жазасын өтеуге байланысты айды-айға, жылды-жылға алмастырған өмір кезеңі басталады. Алғашында, өзінің жаза өтеу күндерін Тобылда бастаған ол кейінірек, дәлірек айтқанда, 1835 жылы Есілге ауыстырады. Өзімен бірге елден алдырған шағын да болса кітапханасын әкеледі. Сол кітаптармен бірге мұнда алыстан Еуропадан әкелінген мерзімді басылымдар да бар еді. Осы кітапхана Янушкевич секілді өзге де жер аударылғандардың рухани қазына бұлағына айналып, жазасын өтеушілердің жиі бас қосатын, әңгіме-дүкен құратын мекені болады.

Есілде Янушкевич Г.Зелинскиймен, А.Одоевскиймен кездеседі. Кейін белгілі болғанындай, поляк әде­биетінің көрнекті өкілі Г.Зелинский Янушкевичтің ықпалымен атақты «Қазақ», «Дала» поэмаларын жазған. Бұл поэмада сол кездегі қазақ тұрмысы мен өмірінен мол мағлұмат алуға болады. Романтикалық сарында жазылған дастанның артықшылығы сол Еуропа оқырмандары қазақ даласының болмысын, оның табиғаты мен тағдырын бағамдай, бағалай алатындай әсерде болатыны сөзсіз («Қазақ Совет Энциклопедиясы», Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы, 4-том, 1974ж., 596-597б.б.). А.Одоевский Янушкевичтің өзіне де бірнеше жыр жолдарын арнаған.
Янушкевич 1841 жылы Омск қаласына қоныс аударады. Мұнда ол Омбы өлкелік сотында кеңсе қызметін атқарушы болады. Кейін «Сібір қырғыздарының» Шекаралық басқармасына ауысады. 1845 жылдан бастап Адольф Янушкевич Шекара бастығы генерал Вишневскийдің құрамында Орта жүз, Ұлы жүз мекендеген өлкелерді аралады. Сөйтіп жүріп ол қазақ тілін бір кісідей-ақ меңгерді. Оның ұлан-байтақ қазақ жерінен көргендері мен білгендері кейіннен өзі жазған күнделіктері мен хаттарында маржандай тізіліп жатты. Янушкевичтің жазып қалдырған күнделіктері мен хаттары Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін үлкен деректік мәні зор мұрағат болып табылып келеді. 1853 жылы ол Пермь губерниясындағы Нижний Тагильге қоныс аударып, қаладағы бірінші кітапхананың бірінші кітапханашысы атанған болатын. Бұл кітапхана кезінде әйгілі А.Карамзиннің және бірнеше Орал зауыттарының иесі, граф А.Демидовтің бағбаншысының өкімімен ашылған еді.
Құдай берген ғұмырының көбін жазасын өтеу үшін айдауда өткізген А.Янушкевич 1856 жылы биліктің рақымымен туған өлкесіне оралады да, ал келесі жылы қайтыс болады.
А.Янушкевичтің қазақ жеріндегі ғұмыр сапары 1848 жылдан басталып өзі қайтыс болған 1957 жылдың 1жылы кеміне дейін өтті десек, оның шығармашылығының да дені осы кезеңге арналған. Саяхатшының «Күнделіктер мен хаттар» деп аталатын кітабында оның қазақ жерін бүкіл жан-тәнімен көріп білуге тырысқаны айқын аңғарылады. Оның жазбаларынан тек қана өзі көріп білген жағдаяттарды тізбелеп қана қоймай, әрбір құбылысқа өзінше баға беріп, ой түюге, пікір қорытуға құлшынатындығы байқалады. Біз қазір Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің болашағы, оның қазіргі дамуы мен жай-жапсары туралы көбірек жазып, оны әңгіме арқауына айналдырып жүргеніміз анық. Бұл туралы арнайы заң қабылданып, пәленбай рет қаулы-қарарларға қол қойылды. Дүркін-дүркін жиналыстар өтіп, ақпарат құралдарында пікір-сайыстар өтіп жататындығы тағы шындық.
Ал А.Янушкевич 1848 жылы 17-мамырда інісіне жазған хатында қазақ тілінің қаншалықты өміршеңдігі туралы пікірлеріне келтірілген деректеріне қайран қаласыз. Саяхатшы өзі тоқтаған Семей қаласындағы тілдік ахуалға аз-кем тоқтала келіп, былай дейді: «Жоңғарлардың қираған ескі қалалардың орнына салынған Семейде 7 мыңға тарта тұрғын бар, олардың көбі татарлар, ташкенттіктер, бұқарлықтар. Сондықтан шіркеу біреу, ал мешіт алтау немесе жетеу. Қазақ тілі барлық жерде дерлік қолданылады. Тіпті мұндағы сән-салтанаты асқан ресейліктердің тең жартысы, біздің әйелдеріміздің французша сөйлейтініндей, осы тілде еркін сөйлейді» (Янушкевич Адольф «Күнделіктер мен хаттар». Алматы, «Жалын», 1979 ж., 23-б.). Демек, ежелгі қазақ жерінде кеңестік-тоталитарлық жүйеге дейін қазақ тілінің қаншалықты мәртебеде болғанын осы пікірден-ақ айқын аңғаруға болады.
Ал саяхатшы осы жылдың 22-мамырында інісі Януариға жазған хатында исі қазақ әулетінің өздерінің әдет-ғұрпында тазалық пен мәдениеттілікке қаншама мән беретіндігіне көңіл аударады. Мысал келтірейік. Әдеттегідей жолаушылар кешкі тамаққа отырады, сондағы болған жайтты саяхатшы былайша баяндайды: «Қазақтың әдет-ғұрпын жетік білетін Виктор бір ережені бұзған үшін мені тамақ үстінде едәуір сөкті. Мен онымен қабаттаса құйылған су астына қолымды тосыппын. Түрегеліп емес, жүрелей отырып, әрқайсысымыз жеке-жеке жууымыз керек екен. Мен мұны білмеппін. Мені ұятқа қалдырған тағы бір қатем: қомағайланып табаққа түсе жаздап, еттің сүйегін мүже бастаппын. Шынында, әрбір көргенді адам белдігіне байлап жүретін пышағымен әуелі оның етін турауы керек екен» (Янушкевич Адольф «Күнделіктер мен хаттар». Алматы, «Жалын», 1979 ж., 30-б.). Байқап қарасаңыз, А. Янушкевичтің осынау жазбаларынан ежелгі қазақ даласындағы тазалық пен әдептілікке қаншалықты мән беріліп келгендігін аңғару қиын емес.
Біз осы күні ішімдік пен шылымды адам денсаулығының басты жауы деп айтып та, жазып та келеміз. Ал ХІХ ғасырда осыған дала қазағының пікірі, көзқарасы қандай болды дегенге мына бір диалог жауап берсе керек:
«Кешкі тамақтан кейін біз сигар тартып едік, қазақ жігіті:
– Сен не тартып тұрсың? – деп сұрады Виктордан.
– Сигар тартып тұрмын.
– Сигар дегенің немене?
– Бұратылған темекі.
– Оның құны қанша?
– 5 тиын.
– Күніне сен бұның қаншасын тартасың?
– Кей-кейде 15.
– Қайран ақылсызым-ай! Одан да сен бұл ақшаңды қалтаңа сала берсең ғой.
Бұл ащы шындыққа қайтаратын жауап та жоқ еді» (Янушкевич Адольф «Күнделіктер мен хаттар». Алматы, «Жалын», 1979 ж., 31-б.).
Осы диалогтан дала қазағының ой-өрісі бүгінде екі күннің бірінде айтылатындай көп мәселеге нарықтық өлшеммен қарай білетіндігі айқын аңғарылады.

А. Янушкевич Қақ жайлауын кесіп өте жүріп, қазақ тұрмысының сән-салтанаты мен өзіндік ерекшелігіне, оны мекендеген халықтың даладай дархан көңілі мен ілтипатты ниетіне әлденеше рет көз жеткізеді. Ол өзі жазғанындай, «Даланы таза ұстауды қазақ өзінің қасиетті парызына санайды» деп білсе, бұл қағидаға бірнеше мәрте көз жеткізгені тағы шындық.

Поляк саяхатшысының алысты болжай білу қасиетіне бүгіндері қазақ зиялы қауымы таңғалысып жүргені тағы шындық. Оның нақты бір дәлелін мына бір деректерден айқын байқауға болады. А.Янушкевич 31-мамыр күні Аягөзден жазған хатында былай дейді: «Жаңа Аягөз болса, қауызын жарған қырмызы гүлдей толысып келеді. Әскери гарнизонмен әкімшілікке телінген қазыналық үйлерден басқа теректен қиюластырылған бірнеше үй бар. Бұл бара-бара дала өңіріндегі аса маңызды мекендердің бірі болатын секілді. Осы далада ғана, шамасы, Солтүстік Америка Құрама штаттарындағыдай құбылысты байқауға болады. Халқы тым көбейіп кеткен ескі Еуропаға бейтаныс бұл құбылыс – жаңа елді мекендердің тууы немесе жерді жарып шыға-шыға келетін саңырауқұлақтар тәрізді жыпырлап өсуі. Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – осының бәрі менің көз алдымда туып өскен мекендер» (­Янушкевич Адольф «Күнделіктер мен хаттар». Алматы, «Жалын», 1979 ж., 57-б.). Байқап қарасаңыз, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жаңа бас қаласы Ақмола болатынын Янушкевичтің XIX ғасырда-ақ айтып кетуі оның сәуегейлігі емей немене?! Мұнан соң бүтіндей қазақ даласын бүкіл ынта-шынтасымен жақсы көрген поляк перзентін қалайша құрметтемей тұра аласыз?!
Қазақ қоғамында, бүтіндей оның әдебиеті мен мәдениетінде Абай Құнанбаевтың есімі айрықша аталады. Ол әдебиетіміздің классигі, біртуарымыз. Ал енді, мына қызықты қараңыз, Янушевский өзінің 6-тамызда жазған күнделігінде сол Абайдың туған әкесі, атақты тобықты болысы Құнанбай Өскенбаевпен кездескенін, онымен қол алысқанын суреттеп жазады. Бір жазбаларында Құнанбайдың асқазаны қатты ауырып жатқан баласын қалай емдейтіндігін баяндаса, ал екінші бір күнделік хатында Құнанбайдың өз шежіресін қалайша тарқата баяндайтынына сүйсінеді. Сөйтіп, ол Құнанбайдың тегін адам емес екендігіне көз жеткізеді. Құнанбайдың өзімен тікелей пікірлесе отырып, оның зерделі кісі екеніне назар аударады (­Янушкевич Адольф «Күнделіктер мен хаттар». Алматы, «Жалын», 1979 ж., 173,178 б.б.). Қысқасы, поляк саяхатшысының осы бір деректері бүгіндері қазақ зерттеушілері үшін көптеген ой түюлерге түрткі болып жүр.
Өзінің бастауында А.Янушкевич секілді азаматтар болған қазақ-поляк ынтымақтастығы бүгінгі таңда нығайып, дамып келеді. Оның нақты бір мысалына мына бір деректер анық көз жеткізеді. Айталық, ХХ ғасырдың басында оқу-тоқу іздеген жас қазақ өрендер Польшаның жоғары оқу орындарына аттанады. Олар, негізінен, Варшава университетінің заң факультетіне, сондай-ақ осы қаладағы ветеринарлық институтқа оқуға түседі. Мәселен, қолдағы бар мәліметтерге жүгінсек, К.Боранбаев (Алматы), А.Күшіков (Семей), Ж.Сұлтанаев (Жетісу), А.Тұнғаншин (Торғай), Уәлиев, А.Шалымбеков (Семей) аталған оқу орындарында білім алып, 1914 жылы атамекенге қайтып оралған (Алаш оқығандары // «Ана тілі». 2-8 ақпан, 2012 ж.).
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялан­ғаннан бергі уақытта осы дәстүр жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Қазір Польшаның біраз жоғары оқу орындарында көптеген қазақстандықтар өздерінің аталары салған дәстүрді жалғастыра отырып, білім алып жатыр, тәжірибеден өтіп жүр. Мынандай бір нақты деректерді келтіруге болады. «Соңғы мәліметтерге қарағанда, Польшада 500-ге тарта қазақстандық студент оқиды, ал Познаньдағы Адам ­Мицкевич атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында 50-ге тарта поляк студенті білім алуда» (Волков А. 20 лет установления дипломатических отношений между Казахстаном и Польшей. Варшава, «Офицынна Ольшинка», 2011ж., 81-б.).

Ал Густаф Зелинский «Қазақ» және «Дала» атты дастандар жазып ХIX ғасырдағы қазақ тұрмысы мен салт-дәстүрінің әлеуметтік теңсіздіктің жай-жапсарын өз шығармаларының өн бойы­на арқау еткен. Сол кездің өзінде-ақ осы «Қазақ» дастаны неміс, чех, француз, ағылшын тілдерінде басылып шығып, оқырмандарының ықыласына ие болған.

Екі дастанның екеуінде де қазақ сахарасындағы оқиғалар, табиғаттың таңғажайып сырлы құбылыстары шынайы бейнеленген. Қазақ оқырмандарына оның шығармалары туралы біліктілікпен жазған белгілі жазушы, поляк әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші Ғабит Зұлқаров деп білеміз. Біздің әңгімемізге өзек болып отырған Адольф Янушкевичтің шығармалары туралы да толымды пікір айтып келе жатқан осы кісі.
Біз мақаламыздың басында ­Александр Затаевич туралы да айтқан едік. Қазақстандықтар оны Адольф Янушкевич бастамаларының рухани жалғастырушысы ретінде біледі. Себебі ол ақындардың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мұраларын жиыстырып, көшпенділердің өнер әлемінің небір інжу-маржандарын Қазақ Елінің бүгінгі ұрпақтарына табыстаған жан (Р.Бадовски Польские певцы Казахстана. Варшава. «Bernardinum», 2006 ж., 94-б.).
Оның тапжылмай жанқиярлықпен атқарған шығармашылық ізденісінің нәтижесі 1935 жылы баспадан шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» деп аталатын кітабына енді. Ел арасында бірден таралып, оқырмандардың айрықша ықыласына ие болған бұл кітап кейіннен бірнеше рет аса көп данамен қайта басылып шықты.
Қазақ және поляк халықтарының арасындағы рухани байланыстардың тарихына үңілетін болсаңыз онда бүгінгі ұрпақ зор мақтаныш сезіммен еске алатын, айтып отыратын көптеген мысалдар келтіруге болады. Мәселен, КСРО Халық артисі Роза Бағланованың орындауындағы поляктың халық әні «Шла девэчка до лесэчку» шын мәнінде қазақ өнерсүйер қауымының да сүйіп айтатын әніне айналды.
Халық артисінің Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласының алдыңғы шебіне үнемі концерттік бағдарламалармен болғаны тарихтан мәлім. 1944 жылы Польшаны фашистерден азат ету кезеңіндегі бір сапарында ол поляктың халық әні «Шла девэчка до лесэчку» әнін естиді. Әннің мәтіні мен ырғағы әншінің жүрегін баурап алғаны соншалық оны табанда жаттап алып, жауынгерлердің алдында әлденеше рет орындап үлгерген. Кейінірек әннің мәтінін қазақшаға аудартқызып «Сұлу қыз» деген атпен орындап жүрді. Қазір осы ән поляк және қазақ халықтарына ортақ әнге айналды.
Деректер тілімен айтсақ, поляктар қазірде еліміздің Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында көптеп мекендейді. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында поляктар осы өңір халқының 2,6 пайызын құрайды. Бүгінде Қазақстандағы поляктар одағы «Polonia» деп аталады. Бұл одақ Қазақстан халқы Ассамблеясындағы басқа да еліміздің үкіметтік мекемелеріндегі поляк тұрғындарының мұрат-мүддесін білдіріп отырады. Олар, негізінен, халықтық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғырту бағытында поляк тарихы мен оның ана тілін оқып үйренуге байланысты мәселелерді қозғайды. Қазақстандық поляктар өздерінің тарихи Отаны Польшамен байланысты нығайта отырып, ежелгі Қазақ еліне ризашылық сезімін білдіреді, онда тұрып, мекендеп жатқан ұлттар мен ұлыстарды қадірлейді.
Қазақстан поляктарының алғашқы бірлестіктері 1989 жылы А.Дячинскийдің бастамасымен Көкшетау қаласында құрылған болатын. Дәл осындай бірлестіктер Қарағандыда, Алматыда шаңырақ көтерді. Бұл бірлестіктер 1992 жылы заңды тұрғыдан тіркеліп, «Қазақстан поляктары» одағын құрды. Бұл одақтың 13 облыста бөлімшелері жұмыс істейді. Аудандар мен селоларда полоня ұйымдары құрылған. Олар облыстық Қазақстан поляктары одағының құрамына кіреді. Ал республикалық деңгейдегі «Қазақстан поляктары» одағын Республикалық үйлестіру кеңесі басқарады.
Қазақстанның өзінің Тәуелсіздігін жариялаумен орайлас жергілікті поляктардың да мәдени, рухани ­дамуына байланысты жаңа серпін пайда болды. Қазақстандық поляктар санатынан жыл сайын жүзден аса студент Польша Республикасының жоғары оқу орындарында оқып, білім алып келеді. Олардың қатарында, әрине, қазақтар, орыстар, кәрістер мен украиндықтар да бар. Қазақ Елінің іргелі жоғары оқу орындарында да атап айтқанда, Көкшетау университетінде және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Поляк тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша кадрлар даярланып жүр.
Осыдан бірер жыл бұрын қазақ-поляк байланысының жарқын бір көрінісі ретінде Қарағанды мем­лекеттік университетінде үлкен жиын өтті. Ол поляктардың Қазақстанға депор­тациялануының 75 жылдығы­на арналған ғылыми-тәжірибелік ха­лықаралық конференция еді. Ондағы негізгі әңгіме сол бір қанқұйлы жыл­дардың адам жанын күйзелтер оқиғаларын еске алып, сталиндік зұлмат кезеңінің енді қайтіп қайталанбауының алғышарттарын талдау еді. Әрине, тарихтан белгілі поляктардың негізгі депортациялануы 1936 жылдары оларды Украина мен Белоруссиядан әкелумен тығыз байланысты. Солардың елеулі бір бөлігі – Қарағанды облысының үлесіне тиеді. Конференцияда аталып көрсетілгендей, Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамы өз қандастары арасында мәдени, рухани жағынан ағартушылық жұмыс жүргізуде көптеген тәжірибе жинақтап қалған.
Облыстық поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмеловскийдің айтуынша, Қарағанды облысында тұрып жатқан поляктар мен Польша Респуб­ликасы арасындағы байланыс жылма-жыл өркендеп келеді. Айталық, осында құрылған «Вспуль нота Польска» акциясы бойынша поляк тілін оқып үйренуге бейімі бар балаларға ерекше қамқорлық жасалып жүр. Жиырма-жиырма бестей мектеп оқушылары Польшаның мәдениеті мен тарихын жете білу мақсатында жыл сайын ­Польша Республикасына барып қайтады. Осы акцияның ауқымында поляк тілін тереңдетіп оқыту мақсатында курс­тар жүргізіліп келеді. Конференцияға Польшадан, Ресейден, сондай-ақ Қазақстанның Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола өңірлерінен де өкілдер қатысып, ой бөлісті. Конференция кезінде «Поляктар Қазақстанда» деп аталатын көрме көрсетіліп, поляктардың депортациялануының жай-күйіне арналған деректі кинофильм көрермендер назарына ұсынылды.
Осы жылдары, әсіресе, 2011-2012 жылдары жоғарыда аталған датаға орай, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында да көптеген мақалалар жарияланды. Баспасөз беттерінде радио, теледидар хабарларында Қазақстан мен Польша арасындағы дәстүрлі достық ынтымақтастық байланыстың өркенді тәжірибелері үнемі насихатталып келеді. Осының өзі бір кездері өзі көзімен көріп, бай, өркенді де қазақ даласы туралы мол рухани мұра қалдырған атақты саяхатшы Адольф Янушкевичтің ізгі ниетімен сабақтасып жатқандай. Соның жарқын бір мысалы ретінде қазақ-поляк қарым-қатынасындағы рухани байланыстың жаңа бір сатыға көтерілгендігі осы жолдардың авторы біз, өткен 2013 жылдың ақпан айында Познань қаласында болып, поляк саяхатшысының мұраларын ұлықтаушы азаматтармен дидарласқан едік. Бұл жөнінде «Ана тілі» газетінде арнайы жазған да болатынбыз. Сол жолғы сапардың нәтижесінде «Қазақ газеттері» ЖШС-і мен Польша Республикасының бірқатар мемлекеттік және бейресми ұйымдарымен ынтымақтастық байланыс орнады. Бұл күндері Польшада «Қазақ газеттері» ЖШС-ның арнайы өкілі жұмыс істейді. Ал Польша – Қазақстан Сауда өнеркәсіп палатасының президенті П.Гузовский «Экономика» газетінің ақылдастар алқасының мүшелігіне еніп отыр. Соның нәтижесінде, «Қазақ газеттері» ЖШС-і мен Польша –Қазақстан Сауда өнеркәсіп палатасы арасында келісімшартқа қол қойылды.
Ежелгі екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстың дәнекері, алтын көпірі болған поляк перзенті Адольф Янушкевичке деген қазақстандықтар құрметі әрдайым шексіз. Оның кітаптары дүркін-дүркін басылып оқырман игілігіне айналып келеді. Сол риясыз сүйіспеншіліктің жарқын бір көрінісі Қазақстанның мәдени және рухани орталығы Алматы қаласында Адольф Янушкевич атындағы көше бар. Осы көше бойымен жүріп өткен әрбір жан екі халық арасында қазақтар мен поляктар достастығының алтын көпірін тұрғызып кеткен поляк перзентінің тұлғасын ризашылықпен еске алары сөзсіз.


Жұмабек Кенжалин,

Алматы – Варшава – 
Познань – ­Алматы

«Ана тілі».

Пікірлер