«Алатау» дәстүрлі өнер театрында көрнекті ғалым, тарихшы және әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидің туғанына 525 жыл толуына орай «Ұлы дала мұрасы» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Қазақ халқының тарихында аса құнды түпнұсқа болып саналатын «Тарих-и Рашиди» еңбегі Қазақ халқының мемлекеттілік құрып жатқан уақыттағы тарихи оқиғаларды баяндап қана қоймай, ата-бабамыздың өмір тіршілігі, болмысы мен танымы туралы сыр шертетін аса қымбат рухани құндылықтар айтылады. М.Х. Дулати ғұмыр кешкен замандағы ұлттың сазды әуендері халқымыздың бітім-болмысы мен дүниетанымынан хабар береді. Сол дәуірде жыраулық өнер мен күйшілік өнер ерекше дәуірлеп тұрған заман еді. «Алатау» дәстүрлі өнер театры болса аталған дәстүрлі өнер жанрларының бәрінің басын қосқан ұлттық өнердің қарашаңырағы.
Келелі басқосуға «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры М. Нуралиев, Ақын, драматург. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директорының кеңсшісі Б. Беделхан, ҚазҰУ филология факультетінің докторанты Н. Үсенова, өнертанушы, дәстүрлі әнші Д. Өміралиевтер және Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.
Дөңгелек үстелде М.Х. Дулатидың ұлт руханиятына қатысты еңбектері, М.Х. Дулати дәуіріндегі мәдени құндылықтар жөнінде (жыраулық, күйшілік, сал-серілік дәстүр), М.Х. Дулати өмір сүрген дәуірдің музыкалық мұрасы сынды тақырыптар талқыланды. Әдебиет бөлімінің маманы А. Беркімбай арнайы баяндама жасап, жиынды жүргізіп отырды.
Біздің ұлтымыздың руханият тұрғысында мақтан етер бай мұрасының бірі – музыкасы болса, музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді.
Қытай ойшылы Сыма Цяньның мына пікірін еске алайық: «Дүниеге келген адам баласы өміршең рухты, жүрек пен сананы еншілей туады. Ал, қайғы мен шаттық, ашу мен қуаныш болса, туа бітетін қасиеттер емес, мұның бәрі де сыртқы әсерге деген адам сезімінің өзгеруі ғана, әрі - беріден соң сезімді қалыптастыратын да сол сыртқы әсерлер. Содан да болар, баяу да бойлауық, зарлы да сарнауық әуен бел алған ортада халықтың санамен сарғайып, мұңға батқаны; егер ерке де еркін, жайдары да жеңіл, иірім - қайырымы алабұрта елпілдеген әуен бел алса, онда халықтың шат - шадыман ғұмыр кешкені; егер қатқыл да қаһарлы, бастауы жігерлі, қоштауы асқақ, қайырмасы кең орамды әуен бел алса, онда халықтың өзіне - өзі сенімді де табанды болғаны; егер қоңыржай да ашық, орнықты да қалыпты, байсалды да шыншыл әуен бел алса, онда халықтың сыпайы да ізетшіл болғаны; егер шалқар да шалқымалы, жүрекке жылы, жанға жайлы әуен бел алса, онда халықтың мейірім мен махаббатқа бөленгені; ал егер жабайылардың әндері сияқты шегіне жете бүлініп - бұрмаланған, жанығып – жан ұшырған, ырду - дырду әуен бел алса, онда халықтың бұзылғандық пен бейбастақтыққа белшесінен батқаны” (Трактат о музыке юэшу) – Исторические записки (”Ши цзи”. М., 1986. ІV том. 74, 81, 82 – б.). Сөйтіп, Сыма Цянь халықтың музыкасы арқылы олардың ішкі және сыртқы тіршіліктерін аңғарып, анықтауға болатынын айтады.
Кавказ халықтарында ел арасында жылауық әндер айтқызбаған. Ондай өнерпазды «ұлттың рухын түсіресің» деп тиып тастап отырған. Шоқан Уәлиханов, «Жанақтан кейiн ешкiм қолына қобыз алып жыршылықты жалғастырмады, бәрi әнге ауып кеттi», – деп жазғаны бар.
Театрымыздың белгілі жыраулар Аманқос Садықов, Ерсейіт Әлиев, Шаттық Уатқан жиналған көпшіліктің алдында көне жырларды орынаса, күйші Ерасыл Есбердинов пен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ансамблі «Ақсақ құлан» сынды көне күйлерді шертті. Елімізге танымал ақын Нұрзат Қару арнаумен шашу шашты. Ғалым Н. Үсенова М.Х. Дулати еңбектеріне тоқталып, зерттеу жұмыстарының барысын айтып өтті. Әсіресе ғұлама ғалымның атының айтылу, жазылуын бір ретке келтіру мәселесі барын айтты. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша Мұхаммед Қайдар Дулат болу керектігін түсіндіріп өтті. М.Қ. Дулат – өз заманы үшін жан-жақты әрі аса терең білім алған ғұлама адам. Оған Бабыр, Сұлтан Саид хан сияқты орта ғасырлық аса көрнекті ғұламалар тарих ғылымы, поэзия, музыка, сәулет өнері, зергерлік салалары бойынша дәріс берген.
Қазақта орыны бар әр абыздың
Соның бірі Мұхаммед Хайдар еді
Жолын салған тарихқа барар іздің
Дулати бабамыздың арқасы ғой
Биік болып тұрғаны бағамыздың
Сол жайлы бір екі ауыз сөз айтайын
Төрінде Алматыдай қаламыздың
Қазағымның тарихын жазып берген
Өзі де бір тарих ғой бабамыздың
Ағайын сол тарихқа Құдай менен
Өзі куә мынау байтақ даламыздың
Осы басқосуда М.Қ. Дулатың өмір сүрген заманына жырмен, күймен саяхаттап қайттық. Елдік мұрат жолында өлшеусіз еңбек еткен қаншама ата-бабаларымыздың аты аталды. Сол алдыңғы толқын бабаларымыздың өнегелі жолын жалға, тәуелсіздігімі бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау бүгінгі біздің парызымыз.
А. Беркімбай,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры, әдебиет бөлімінің маманы