Тәжік-қырғыз шекарасында снаряд жарылып, екі адам зардап шекті

283
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында екі тұрғын снаряд жарылысынан зардап шекті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Тәжікстанмен шекаралас орналасқан Баткен облысының Арқа-2 ауылында әйел өз үйінің аумағында снаряд тауып, оның жарылуы салдарынан жарақат алды. Оқиға 5 желтоқсан күні орын алған. Бұл туралы Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі ақпараттық орталығы мәлімдеген.

Ақпаратқа сәйкес, үй иесі ескі құрылыс материалдары мен темірлер жатқан шатыр астын тазалап жүрген кезде снаряд тауып, жарылыс орын алған. Әйел мен 12 жастағы қызы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Кейінірек хирургтар тиісті операциялар жасап, науқастардың жағдайы тұрақталған.

Шекара қызметі өкілдерінің айтуынша, снаряд табылған үй 2022 жылы тәжік тарапынан болған оқ ату салдарынан өртенген. Сол уақытта екі ел арасында шекаралық қақтығыс орын алған болатын.

Қазіргі уақытта оқиға орны шекара қызметінің инженерлерімен қоршалып, полиция тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ оқиға болған күні қырғыз құқық қорғау органдары тәжік әріптестеріне болған жағдай туралы хабарлаған. Арнайы қызмет тұрғындарды шекара маңындағы күмәнді заттарды ұстамауға шақырып, оларды байқаған жағдайда шекарашыларға немесе полицияға дереу хабарлауды өтінуде.

Тәжік-қырғыз шекарасының ұзындығы 976 шақырымды құрайды. Оның тек 664 шақырымы жақында ғана делимитацияланып, демаркациядан өткен. Даулы аймақтарда жолдар, су және жерге қолжетімділік мәселелерінен екі елдің шекаралас тұрғындары арасында жиі қақтығыстар туындап отырады. Ең ірі қақтығыс 2022 жылдың 15-16 қыркүйегінде болған. Бұл оқиғадан көптеген адам зардап шекті. Шамамен 100 адам қаза тауып, 150 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Пікірлер