Жамбыл облысында қардың қалың жаууы мен боран салдарынан жолдардың жабылуына байланысты мыңнан астам автокөлік жолда қалып қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
7 қаңтар күні аймақта ауа райы күрт нашарлап, қатты қар жауып, боран соғып, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен.
Алматы – Ташкент – Термез автожолының 238-ден 159-шы шақырымы аралығында (Қайнар ауылынан Отар елді мекеніне дейін) барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қозғалыс ескі Қордай асуы арқылы балама бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ Түркістан облысына қарай (Жуалы ауданы аумағында) жол жабылды.
"Қазіргі уақытта жол қозғалысы шектелген орындарда 1050 автокөлік жиналды, оның 580-і жүк көліктері", - делінген ведомство хабарламасында.
Полицияның 100-ден астам қызметкері 45 автопатруль жүргізушілерге түрлі көмектер көрсетуде. Жолды тазарту үшін шамамен 20 арнайы техника жұмылдырылған.
"Жуалы ауданы Шахан асуында қалған 14 тұрғын учаскелік инспекторлар арқылы Күлтоған ауылына жеткізіліп, туыстарының үйлеріне орналастырылды. Сонымен қатар, патрульдік полиция қар құрсауынан 10-нан астам автокөлікті шығарып алды", - деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушыларды жылыту орындарына орналастыруда, онда олар демалып, жағдайдың жақсаруын күте алады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жүргізушілерді қолайсыз ауа райында жолға шықпауға, сондай-ақ көліктерінің техникалық дайындығын тексеруге шақырды.