Астана әкімі баспанасыз қалған отбасыларға көмек көрсету мәселесіне тоқталды

719
Adyrna.kz Telegram

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

17 қараша күні таңертең Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры өртеніп, төрт бала қаза тапқан болатын. Бұл қайғылы оқиға қоғам назарын аудартып, баспанасыз қалған отбасылардың тағдырына алаңдаушылық туғызды.

Өрттен зардап шеккен алғашқы отбасы тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі болды. Әкімнің айтуынша, бұл отбасы «көпбалалы отбасы» санатында кезекте қала береді.

«Келесі жылы олардың кезегі келеді, сондықтан тұрғын үй беру бойынша заң аясында көмек көрсетіледі», – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ал екінші отбасыға қатысты уақытша шешім қабылданған. Оларға қазір уақытша жатақхана берілді. Әкім болашақта бұл отбасының баспана мәселесі шешілетінін атап өтті.

«Бұл отбасы пәтер жалдап тұрған, біз бұл мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деп қосты ол.

Қайғылы оқиға кезінде екі отбасы тұрған тұрғын үйдің шатыры жартылай опырылып өртенген. Төрт бала қайтыс болғаны хабарланғаннан кейін сот-медициналық сараптама тағайындалып, өрттің себептері зерттелуде.

Бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын тағы да алдыңғы қатарға шығарды. Әкімдік зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуге уәде беріп, алдағы уақытта қайғылы оқиғалардың алдын алу шараларын күшейтуге ниетті екенін мәлімдеді.

Қайғылы оқиға бүкіл ел халқын дүр сілкіндірді. Зардап шеккен отбасыларға жан-жақты көмек көрсету әрбір азаматтың, мемлекеттің және жергілікті биліктің ортақ міндетіне айналды.

Пікірлер