КАРИМОВСЫЗ 3 ЖЫЛ. ӨЗБЕКСТАНДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

4035
Adyrna.kz Telegram

Қыркүйектің 1 күні Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздіктің 28 жылдығын атап өтеді. Осыдан үш жыл бұрын экс-президент Ислам Кәрімовтың өмірден өтіп, оның орнына Шавкат Мирзияев билікке келген болатын. Соңғы үш жылда екінші президент елде қандай өзгеріс жасап, көпшіліктің назарын өзіне аударды?
Қош сонымен, 25 жыл бойы елді автократиялық режиммен басқарған президент өмірден өтіп, оның орына бұған дейін Үкімет басқарған азамат келді. Шыны керек, ол Ислам Кәрімов сияқты томаға тұйық саясат ұстанбай, ең әуелі жақын көршілерімен ара-қатынасты түзеуге тырысты. Сондай-ақ, президент көптен бері түрмеде жатқан саяси тұтқындарды босатып, шет елге жан сауғалап жүрген азаматтарды Өзбекстанға шақыра бастады. Бұл әрине әлемдік қауымдастықтың алдында Шавкат Мирзияевтің беделін көтере түсті. Ең бастысы ол елде экономикалық реформа бастап, бұған дейін қатып қалған сеңді бұзды.
Соңғы кездері БАҚ мен әлеуметтік желі де Шавкат Мирзияев туралы жағымды ақпарат көбейіп кетті. Мәселен, оның кәсіпкерлерді мәжбүрлеп жұмысқа салуға тыйым салғаны мен Өзбекстанға 10 млн. турист тарту жайында айтқан пікірлері көпшіліктің қолдауына ие болды. Шавкат Мирзияев шын мәнісінде елде оң өзгеріс жасап жатыр ма, жоқ әлде бұл арада көзбояушылық бар ма?
Сарапшы Ержан Қалымбайдың айтуынша, Шавкат Мирзияевте арзан пиармен айналысатын уақыт жоқ. Өйткені елде әлі де шешілмеген проблема шаш етектен.
– Рас айтасыз, кәсіпкерлерді қолдау, белгілі бір елді мекендердің іскерлерін салықтан босату ынталандыру үшін жасалған тетіктер болуы мүмкін. Тек былтырдың өзінде ғана 3,5 млрд доллардың 80 мыңдай жобасы іске асырылды. Бұл дегеніміз, болашақтағы біздің нарықтағы орыс пен қытайдың біраз тауары өзбек өнемдеріне орын босатады деген сөз. Тарихы терең Бұқара, Самарқан мен Хиуаға жылына 2 миллионнан астам адам барады. Өзбекстан ашылғалы бері бауырлас елге ағылушылар қарасы қалың. Тек сыртқы емес, ішкі туризмді дамыту үшін арнайы жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, биыл наурыз мейрамына байланысты жүздеген қонақ үйлер 40 пайызға дейін жеңілдіктер жасады. Олардың тізімі беделді ақпарат құралдарында жарияланды. Тіпті биылдың өзінде біраз таныстарым сол жаққа барып демалып келді. Әйтсе де, туристер қарасын 10 миллионға жеткізу үшін біраз жыл керек. Инфрақұрылымдарды жаңарту біраз қаржы мен уақытты талап етеді. Десе де, өзбек еңбекқор халық, қонақ күтуге бейім, оның үстіне тарихи орындар жетерлік, сондықтан ол мақсатқа да жетеді деп ойлаймын, – дейді ол.
Сарапшы Мирзияевтің Кәрімовтей емес, тату көршілік пен өңірдегі тұрақтылыққа қатты көңіл бөлгенін айтады. Ең алдымен түркі мемлекеттері арасында алыс-берісті арттырып, қырғыз бен тәжік арасындағы салқындықты жойды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 50%. өсіп, 3 млрд АҚШ долларына жетті. Тараптар 2020 жылы бұл межені 5 млрд долларға жеткізбек.
Ержан Қалымбайдың айтуынша, Өзбекстанда халықтың көңілінен шығатын жағымды жаңалық өте көп. Алайда ол Шавкат Мирзияевтің артықшылығымен қатар кемшілігі де бар екенін ескертеді.
– Өзбек президентінің өз позициясын нығайтуда кейбір әрекеттері назарға айрықша ілінбей қалмады. Мәселен, Орталық Азия лидерлеріне тән ең сұрқайы қасиет – отбасын билікке араластыру. Өзбекстан лидері де бұл дерттен аман қалмады. Үлкен күйеу баласы Ойбек Турсынов Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болса, екінші күйеу баласы Отабек Умаров президенттің қауіпсіздік қызметі башсының бірінші орынбасары. Үлкен қызы Саида болса, бұқаралық байланыс және ақпарат агенттігі директорының орынбасары, кенже қыз Шахноз былтыр өзі құрған мектепке дейінгі білім деп аталатын жаңа министрлікте басқарма басшысының орынбасары болып тағайындалды, – дейді ол.
Әрине, Шавкат Мирзияевтің билікке бала-шағасын араластыруы өте қауіпті тенденция. Бір қызығы ол Ислам Кәрімовтің қателігінен сабақ алмай, қыздары мен күйеу балаларын жауапты орындарға тағайындай бастады. Осындай жағдайдан кейін елде қанша сәтті реформа жасалса да, елдің тығырыққа тірелетіні анық. Оның үстіне ол Назарбаев сияқты билікті ұзақ уақыт ешкімге бермейтіні аңғарылып отыр. Ұзын сөздің қысқасы, оқыс жағдай болмаса жасы 62 жастағы президент Өзбекстанды әлі біраз басқарады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

"АДЫРНА"

ұлттық порталы

Пікірлер