ЖАМБЫЛДА «ЖАСТАР ШАҚЫРАДЫ» ФОРУМЫ ӨТТІ

2195
Adyrna.kz Telegram

Тамыздың 23-25 күндері Жамбыл облысы Меркі ауданының «Tұран» демалыс орталығында «Жастар шақырады» атты облыстық көшбасшылар форумы өтті, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ  баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Жамбыл облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Жамбыл облысы ҚХА-ның ұйытқы болуымен өткен іс-шараға этномәдени бірлестігінің жастары қатысты. Нақтырақ айтсақ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды.

Жамбыл  облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы  Рано Убайдуллаеваның айтуынша, жастар еліміздің болашағы. Сондықтан да ол аға буын тарапынан жастарға зор қолдау жасалуы керек екенін ескертті.

– Биылғы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар жылы деп жариялағаны көпшілікке белгілі. Осы жастар жылы аясында еліміздің әр аймағында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қай елдің болмасын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты болуы білімді, ақыл-ойы терең жастардың қолында. Сондықтан жастар қоғамның жетекші күші саналады. Бейбітшілік пен дамуды көздеп отырған үлкен форумның мақсаты – жастарды ұлттық салт-дәстүрді сақтауға, бітімгершілік пен бейбітшілік құндылықтарына берік болуға шақырады. Сонымен бірге, өңірлердегі дарынды жастардың шығармашылығын анықтап, қолдау көрсету және көтермелеу өте маңызды қадам. Жастарға ұлттық мұраны насихаттап, олардың мәдени-рухани тұрғыда тәрбиелеу өте маңызды. Ең бастысы мемлекеттік тілді оқытып, қоғамдық келісімді қалыптастырсақ, халықтың бірлігін нығая түседі, – дейді ол.

Екі күн бойы талапты да талантты Жамбыл жастары бір-бірімен түрлі қызықты мотивациялық тәжірибелерімен бөлісті. Бірі ойындар арқылы қызықты орта қалыптастырса, екіншісі спорт ойындарымен көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, өнерпаз жастар көрермендерге әсерлі әндері мен билері арқылы жақсы көңіл-күй сыйлап, халықтың қошеметіне ие болды.

Ал, суда жүзу спорттық ойыны бойынша - «Лови волну-2019» жарысы, ән айту өнерінен – караоке сайысы, би сайысынан – дискобилер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Сөйлеу шеберлігі, шешендік өнер», «Өзіңді-өзің «қамшыла»!» тақырыптарында семинар-тренингтер және «Қазақтану» бағдарламасы аясында ұлттық тағамдарды дайындау бойынша шеберлік сыныптары өтті.

«АДЫРНА»

Ұлттық порталы

Пікірлер