Ақтөбе облысында прокуратура ғимаратын тазалауға 16 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді

1116
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Ақтөбе облысы прокуратурасының ғимаратын алдағы 5 айда кешенді тазалауға 15 925 000 теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

"Прокуратура органдарының әкімшілік ғимараттарына кешенді тазалау қызметтері" деген тақырыппен жарияланған мемлекеттік сатып алу туралы хабарлама 24 шілде күні жарияланды. Жеңімпаз компания 8 тамыз күні анықталады. Техникалық сипаттамада тапсырысты орындаушы 31 желтоқсанға дейін, яғни алдағы 5 айда кеңсе үй-жайлары мен кабинеттерін күн сайын жинап, жиһаз, кеңсе техникасы, телефондар, есіктер және басқа да интерьер заттардың шаңын сүртетіні, қоқыс себеттерін босатып, пакеттерді ауыстырып отыратыны, т.б жұмыстар көрсетілген. Сондай-ақ, тапсырысты орындаушы үй жайдың тазалығын қадағалау үшін күніне 1 кезекші тазалаушыны бекіту керектігі жазылыпты. Яғни, прокуратура ғимаратында бір тазалықшы күн сайын таңғы сағат 08.00-ден кешкі 18.30-ға дейін жұмыс істеуге міндеттеледі.

Қызметкерлерге қызметтік үйжайларды тазалау немесе жинау саласындағы жұмыс тәжірибесінің болуы; жуғыш заттармен жұмыс істей білуі; қауіпсіздік ережелерін және санитарлық нормаларды білу; құпия мәліметтерді жариялаумау туралы міндеттеме; т.б талаптар қойылатыны жазылған.

Техникалық сипаттаманы оқып шыққанда біз бір жайды түсінбедік. Ақтөбе облысының прокуратурасы ғимаратын алдағы 5 айға тазалатуға 1 жұмыскерді 15 925 000 теңгеге жалдағалы отыр ма? Логикаға салып қарағанның өзінде тазалықшы бір күн жұмыс істеп, екі күн демалатын жұмыс кестесі болғанның өзінде, үш қызметкер бір ғимаратты таза ұстауына әбден күші жетері анық.

15 925 000 теңгені 5 айға бөлсеңіз айына 3 185 000 теңге шығады. Сонда прокуратураны үш қызметкер айына миллион теңгеден аса жалақы алып тазалай ма? Бұл сұрақтарды Ақтөбе облысының прокуратурасына жолдадық. Олардың жауабын алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Ақан Асыл

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер