Суицид шешім емес

956
Adyrna.kz Telegram

Суицид адамның өз өміріне қасақана зиян келтіру әрекеті. Бұл жыл сайын бүкіл әлемде миллиондаған адамдардың өмірін қиятын қоғамдық денсаулықтың күрделі проблемасы. Өз-өзіне қол жұмсаудың көптеген себептері бар және олар әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Есіңізде болсын, суицидтің алдын алуға болады және суицидтік ойлармен күресетіндерге көмек бар. Қажет болса, көмек сұраудан тартынбаңыз.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағыаутоагрессивті мінез-құлық пен суицид бүгінде бүкіл қоғамның өзекті проблемасына айналып отыр. Балалар арасындағы бұл құбылыс тұрақты түрде жиілеп жатқан көрінеді. Еліміз бойынша 2020 жылы – 144 факт, 2021 жылы – 175 факт, 2022 жылы – 155 факт, 2023 жылдың 6 айының көрсеткіші 95 факт тіркелген.

Суицидтің ең жоғары деңгейі Қазақстан бойынша келесі аймақтарда байқалады:

Алматы облысы
Жамбыл облысы
Түркістан облысы

 Өз өзіне қол жұмсау әрекетінің көбін ер адамдар жасайды екен. (76,4%-ды көрсетеді) Ал жас топтарыбойынша суицидтің ең жоғары деңгейі 25 пен 34 жас аралығы болып отыр.

Суицидке алып келетін басты қауіп факторларына не жатады?

Өз өзіне қол жұмсау қаупін арттыратын көптеген факторлар бар. Мысалы:

Депрессия, биполярлық бұзылыс және шизофренея сияқты психикалық бұзылулар
Нашақорлық
Импульсивтілік және агрессия
Зорлық – зомбылыққа байланысты жарақат, мысалы физикалық, жыныстық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылық болуы мүмкін.
Әлеуметтік оқшаулану және қолдаудың болмауы
Жақын адамынан айырылу, қаржылық қиындықтар немесе қарым-қатынас проблемалары стресстік өмірлік оқиғалар.

  Ал жасөспірімдер арасындағы суицидке себеп болатын әрекеттерге: әлеуметтік қолайсыздық, ата-ананың айырылысуы немесе ажырасуы, ата-анада психопатология болуы, отбасында суицид жасау оқиғаларының болуы, отбасындағы дау жанжал, балалық шақта физикалық немесе сексуалды зорлық-зомбылық көру, ата-ана мен бала арасындағы дұрыс емес қарым қатынас, стресс тудыратын өмірлік оқиғалар мен қолайсыз жайттар, мектептегі зорлық-зомбылық, буллинг, қорлық көрусынды психикалық тұрғыдан депрессияға алып келетін әрекеттер. Психиканың бұзылуы ең негізгі қауіп факторы болып саналады.

  Жаһанды алаңдатқан суицид туралы психолог маман Ғалияш Махашева былай дейді:

  «Суицид дегеніміз – мені құтқар деген сөз. Ол өлемін, мына өмірмен қоштасамын деген сөз емес. Ол – шарасыздық. Ол – өзіне назар аударту. Яғни оған назар аударылмай қалды. Қанша жерден ата-ананы жаман жағынан көрсеткіміз келмесе де, киіндіріп жатырмыз деп одан артықжауапкершілікті өзімізге алғымыз келмесе де, біз балаларымыз үшін жауаптымыз

Осы ретте психологтар балалардың ата-анасымен қарым қатынасы аса маңызды рөл атқаратынын айтады. Суицид – бұл жанға бататын ауыртпалықтан қашу. Егер балада қандай да бір мәселе жөнінде ата-анасымен диалог болатын болса, онда оның жан жарасы өршімейді, сондықтан ең алдымен отбасында баламен дұрыс әңгіме жүруі керек, яғни бала ата-анадан өзінің сұрағына анық жауап алып отыруы керек!

Қазақстандағы суицидпен күрес

  Өз-өзіне қол жұмсау – Қазақстанда, әсіресе жастар арасында, суицидтен болатын өлім-жітім деңгейі жоғары қоғамдық денсаулық сақтау проблемасы. Осы проблемамен күресу және оның әсерін азайту үшін үкімет пен денсаулық сақтау ұйымдары келесі шараларды қабылдады:

2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында суицид пен өзін-өзі өлтіру әрекеттерін төмендетудің ұлттық бағдарламасын қабылдады.
Бұл бағдарлама халықтың хабардарлығын арттыру, психикалық денсаулық сақтаудың қолжетімділігін жақсарту және дағдарыс жағдайындағы адамдарға қолдау көрсету шараларын қамтиды.
Республика бойынша психиатриялық ауруханалар мен орталықтардың саны артып келеді.
Психикалық денсаулық қызметтері алғашқы медициналық-санитарлық көмекке біріктіріліп, адамдардың көмек алуын жеңілдетті.
Жедел телефон жүйесі (сенім телефоны 150) мен онлайн платформалар тәулік бойы құпия қолдау көрсетеді.

   Бұл тақырыпта қоғамды ақпараттандырудың түрлі жүйелері іске қосылған. Өз-өзіне қол жұмсау және оның алдын алу туралы ақпараттандыруды арттыру мақсатында қоғамдық науқандар жүргізілуде.Мектептер мен университеттер жастарды суицидтік мінез-құлық белгілерін тануға және көмек сұрауға үйрету үшін психикалық денсаулық бағдарламаларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары да бұл мәселенің алдын алу барысында, белгілі қызметтер көрсетуде.

Айгүл Мұратқызы

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер