Тәуелсіз толқын. Қазақ қызы Лондонда отандастарын да жұмыспен қамтыды

1426
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Шетелде кәсібін дөңгелентіп отырған қазақ жасы өзінің бұл салаға қалай алғаш қадам басқанын, басында қандай қиындықтарды өткеріп, жоспары жайындағы ойымен бөліседі.

Лондон қаласында сұлулық салонын ашып, өз ісінің игілігін көрген қазақ қызы бүгінгі таңда отандастарын да жұмыспен қамтып отыр. «Адырна» тілшісі кәсіпкермен тілдесіп, шетелдегі тыныс-тіршілігі туралы сұрап білді.

«МАМАНДЫҒЫМ — ЗАҢГЕР»

Әнел Ақмолдаева — Лондон қаласында сұлулық салонын ашып, өз ісін дөңгелетіп жүрген қазақ қызы.

- Жамбыл облысының Құлан ауданында дүниеге келдім. 2сынып оқып жүргенімде отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Осы қалада жоғары білім алып шықтым. Негізгі мамандығым — заңгер. Оқу бітіргеннен кейін 10 жыл бойы Ішкі істер басқармасында жұмыс істедім. Кейін банкке орналасып, заң бөлімінде қызмет атқардым. Сол кезде Дильяра есімді құрбым кірпік жасауды үйретейін, қосымша табыс табасың деп ұсыныс тастады. Оның Алматыда жеке сұлулық салоны бар болатын. Шыны керек, бастапқыда бірден бас тарттым. Себебі бірнеше жыл бойы мүлдем басқа салада еңбек еткендіктен, бұндай жұмыс қолымнан келмейді деп ойладым. Алайда құрбым райымнан қайтарып, мені бьюти-индустрияға алып келді. Бір таңғарлығы, барлығын тез үйреніп алдым. Осылайша алған білімімді практикада қолданып, қолым бос кезде банктегі әріптес қыздарға 2 мың теңгеге кірпік жабыстырып беріп жүрдім. Бұл жұмыс мен үшін қосымша табыс көзі болды әрі сүйікті хоббиіме айналды, - дейді ол.

ЛОНДОНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Уақыт өте келе Әнел басқа елдерге саяхаттап, әлем халықтарының тұрмысымен танысуды ұйғарған.

- Баяғыдан Лондонға баруды армандаушы едім. 2019 жылы туристік виза алып, қалауымды жүзеге асыруға бел байладым. Ұлыбритания астанасында біраз қыдырғаннан кейін бұл жерде қандай жұмыс істеуге болады деп іздене бастадым. Таныстарым сұлулық саласында білікті мамандардың тапшы екенін айтты. Өзім де бос вакансияларды жиі көретінмін. Солай Лондон орталығында орналасқан салонға келдім. Бұған дейін жасаған жұмыстарымды көрген салон иесі бірден қызметкерлерінің қатарына қабылдайтынын, құжаттармен көмектесетінін жеткізді. Сүйтіп біраз уақыт сол жерде жұмыс істедім, -дейді кәсіпкер.

Қазақстандық ару тұтынушылармен коммуникация барысында қиындықтарға ұшырағанын атап өтті.

- Алғашында ағылшын тілінде еркін сөйлей алмауым қиыншылық туғызды. Әріптестерімнің арасында басқа ұлт өкілдері болды. Әртүрлі менталитет, әртүрлі көзқарас. Бәрімен бірден тіл табысып кету оңай емес, -деп түсіндірді ол.

«20 ЕСЕ КӨП ТӨЛЕЙДІ»

Сұлулық салонынан мол тәжірибе жинаған отандасымыз 5 жылдан кейін жеке бизнесін жүргіземін деп шешкен.

- Қазақстанда менің қызметіме 5 000 теңге төлесе, бұл жақта бұдан 20 есе көп ақша беретін. Уақыт өте келе неге Лондонда сұлулық салонын ашпасқа деген идея келді. Жайлап-жайлап жеке сабақтар жүргізе бастадым. Кейін пәтерімнің бір бөлмесін клиент қабылдайтын орынға айналдырдым. Үш күн салонда, үш күн үйде жұмыс істедім. Тұтынушыларым көбейе бастаған соң өз салонымды ашуға бел будым. Кірпік жабыстырудан бөлек, сұраныс бойынша тырнақ бояу қызметін де қостым. Арнайы мамандарды тауып, жұмысымызды бастап кеттік. Қазіргі таңда лазерлік эпиляция да жасаймыз. Алда үлкен мақсаттарымыз бар. Одан әрі кеңеюді жоспарлап отырмыз, - деді ару.

Бүгінде «LadyLashes» салонында Қазақстаннан келген қыздар да жұмыс істеп жатыр.

- Қазір командамда 3 қазақ қызы бар. Жақында төртіншісі қосылады. Отандастарымды арнайы іздеп жүріп таптым. Себебі олармен тіл табысу әлдеқайда жеңіл. Одан бөлек біздің қыздарымыз шетінен талантты, барлық іске икемі бар, - деп қосты Әнел.

37 жастағы ару болашақта елге оралмақ ниетте.

- Өзге жерде жүргенің бәрібір сезіледі ғой. Әрине, Лондонда табыс әлдеқайда жоғары. Десе де, Құдай қаласа, жағдайымды реттеп алғаннан соң Отаныма қайтып, уақытымды туған-туыстарыммен өткізгім келеді, - деп түйіндеді ол.

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер