Талапкерде таңдау бар. Оқу ақысы қанша тұрады?

5198
Adyrna.kz Telegram

Биыл елде 181 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсырды. Олардың ішінде 78 219 оқушы тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Ал бұл тізімге іліге алмай қалғандар ақылы негізде оқуға мәжбүр. Осы орайда «Адырна» тілшісі қазақстандық танымал ЖОО-лардағы білім алу құнын анықтады.

КИМЭП УНИВЕРСИТЕТІ

Алматы қаласында орналасқан КИМЭП (Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты университеті) 1992 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған. Білім ордасында 1 кредит құны 126 710 теңгеден басталады. Бакалавриатты аяқтау үшін студент орта есеппен 48 пәнді оқуы керек. Бұл 146 академиялық кредитті құрайды.

Демек, КИМЭП-те 1 жыл білім алу 6 000 000 теңгеден басталады. Университет іскерлік басқару, экономика, халықаралық қатынастар, халықаралық құқық және шет тілдері саласында танымал.

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ

Nazarbayev University  – ағылшынтілді зерттеу университеті. Ол 2024 жылғы Times Higher Education Asia University Rankings тізімінде 739 жоғары оқу орнының арасында 129 орынға табан тіреді.

Университет алдындағы даярлық, бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алушылар бір оқу жылы үшін 5 724 000 теңгеден 7 632 000 теңгеге дейін төлейді.

Төрт жылдық бакалавриат кезеңі үшін студенттер кем дегенде 22 миллион теңге жұмсайды. Ал медицина мектебінің жоғары оқу орнынан кейінгі оқу бағдарламалары бойынша оқу құны бір оқу жылы үшін 5 342 000 теңгеден 14 310 000 теңгеге дейін барады.

ҚАЗАҚСТАН-БРИТАН ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ҚБТУ –  еліміздегі жетекші техникалық университеттердің бірі. Жалпы штаттық оқытушылар құрамының 30%-ы Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Канада, Венгрия, Корея сынды мемлекеттердің өкілдерінен құралған.

Білім ордасындағы 1 кредит құны - 35 000 - 40 000 теңге. Ал оқу ақысы 2,1-2,4 миллион теңгені құрайды.

НАРХОЗ УНИВЕРСИТЕТІ

Нархоз (халық шаруашылығы) – экономика, бизнес, ақпараттық технологиялар, қаржы және құқық саласында оқытуды жүзеге асыратын Қазақстандағы университет. Жоғары оқу орнында 1 кредит құны 23 000 теңгеден басталып, 38 700 теңгеге дейін барады. Білімгер бір жыл ішінде шамамен 62-70 кредит оқуы тиіс.

Яғни, Нархоз студенттері бір жылда кем дегенде 1 426 000 теңге төлейді.

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ҚазҰУ – еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары санатындағы ең үздік университет. 90 жылдық тарихи бар жоғары оқу орнында қазақ және орыс тілдерінде білім алу 1 500 000 теңгеден басталады.

Ал ағылшын бөлімінің студенті атанғыңыз келсе, 1 700 000 - 2 700 000 теңге көлемінде ақша дайындап қоюыңыз қажет. Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты бар.

М.НӘРІКБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗГЮУ

Мақсұт Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ (Қазақ гуманитарлық заң университеті)  – 1994 жылы құрылған жеке жоғары оқу орны. Университетте 4 мектеп – жоғары гуманитарлық ғылымдар мектебі, жоғары құқық мектебі, халықаралық экономика мектебі мен бизнес мектебі бар.

Айта кетейік, білім ордасында бір жылдық оқу ақысы 1,5 миллион теңгеден басталып, 1,770 миллион теңгеге жетеді. Ал бір кредитт құны 26 500 теңгеден 29 500 теңгеге дейін барады.

С. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰМУ

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті  — оқу, емдеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіретін медициналық білімнің флагманы. ЖОО-да медицина мамандықтарының оқу ақысы 1 млн теңгеден жоғары. Атап айтсақ,  «Медицина», «Жалпы медицина», «Педиатрия», «Фармация», «Медициналық-профилактикалық іс», «Мейірбике ісі»мамандықтарында ақылы оқу 1 250 000 теңгеден басталып, 1 900 000 теңгеге дейін барады.

Білім ордасындағы ең қымбат мамандық — стамотология. Бір жылдық оқу құны 2 100 000 теңгені құрайды.

Е. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық жоғары оқу орындарының бірі. Университет құрамына 13 факультет кіреді. Сондай-ақ екі әскери-оқу мамандығы бойынша запастағы офицерлерді дайындайтын әскери кафедра жұмыс істейді.

ЖОО-да педагогикалық мамандықтарды ақылы негізде оқу 1 140 000 теңгені құрайды. Ал өнер және гуманитарлық ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сынды салалар 1 210 000 - 1 330 000 теңге аралығын құрайды.

СҮЛЕЙМАН ДЕМИРЕЛ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ

SDU (Сүлеймен Демирел университеті) – оқу үдерісін халықаралық үлгідегі бағдарламаға сай жүргізетін оқу орны. Кампустағы білім беру жүйесі 80% - ағылшын, 20%-қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Бұл университетте «мектепке дейінгі тәрбилеу және оқыту» мамандығында білім алу үшін 900 000 теңге қажет. ЖОО-дағы ең қымбат мамандықтар қатарына «есеп және аудит» пен «қаржы» мамандықтары кіреді. Оқу құны — 2 160 000 теңге.

АЙМАҚТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕР

Республикалық деңгейдегі университтермен салыстырғанда аймақтық ЖОО-лардағы оқу ақысы әлдеқайда төмен. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде педагогикалық мамандықтарды ақылы оқу 480 000 – 560 000 теңге аралығын құрайды. Ал М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алу 496 000 теңгеден басталып, 685 000 теңгеге дейін барады. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі кез келген мамандықтың 1 жылдық оқу ақысы – 651 000 теңге. Ал магистр дәрежесін алу үшін жылына 780 000 теңге төлеу қажет.

Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік грант конкурсына өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланатын болады.

Биылғы оқу жылында 2 талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинап, соңғы үш жылда болмаған рекордты орнатқан еді.

Диана Аcан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер