Ерлан Қарин: «Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына лайықты баға беріп, оларды да дәріптейтін кез келді»

803
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Нартай Аралбайұлының Youtube каналына берген сұхбатында «Әділетті Қазақстанды» құруды қамтамасыз етудегі өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлердің еңбегіне жоғары баға берді. 

«Біз жүргізіп жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – Әділетті Қазақстанды құру. Азаматтарымызды шешім қабылдау процесіне мейлінше кеңінен тарту мақсатында саяси реформалар жарияланып,  жүзеге асып жатыр. Ауыл әкімдері сайланып жатыр, аудан әкімдері сайлана бастады, бір мандатты сайлау жүйесі енгізілді. Бұл мүмкіндігінше азаматтарға саясатқа қоғамдық процестерге кеңінен араласуға мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда бұл реформалар қарапайым азаматтардың саяси белсенділігін арттырды. Алайда, мұның ыңғайсыз жағы да бар. Билікке жаппай талап қойып шығатын азаматтардың арасында жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметкерлердің жеке басына тиіп, бұйрықтар беріп, дөрекі сөйлейтіндер де жоқ емес» деді Мемлекеттік кеңесші.  

Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметкерлерге қатысты біржақты, әділетсіз пікір қалыптасып қалғанын, соның әсерімен көп жағдайда орынсыз кінәлаулар жиі көрініс беретінін атап өтті. 

 «Кешегі су тасқыны кезінде күн демей, түн демей ел азаматтарымен бірге су бөгеттерін орнатып, құм тасып, күрек ұстап жүрген ауыл, аудан әкімдігі аппаратының қарапайым қызметкерлері. Олардың да отбасылары бар, үйінде күтіп отырған балалары бар. Күндіз әкімдіктің жұмысымен, кешке эвакуациялық пункте, бөгет жұмыстарының басы-қасында жүрді. Жағдай реттелгенше үйлеріне апталап бармай жүрген қызметкерлер болды. Біз қазір сала өкілдерін құрметтеп, еңбектерін дәріптеп жатамыз. Менің ойымша, қарапайым мемлекеттік қызметкерлердің де жұмысы лайықты бағалануы керек деп ойлаймын» деді Мемлекеттік кеңесші.

Пікірлер