19 шілдеде тарихшы, шығыстанушы Жомарт Жеңісұлының «Әмудария қазақтары» атты кітабының жарыққа шыққаны жарияланып, тұсаукесер рәсімі өтті.
Тарихи-этнографиялық зерттеуде Ауғанстанды мекен еткен қазақтар туралы баяндалған. Шетелге қоныс аударған қандастарымыздың күнкөрісі, шаруашылығы, мәдениет пен білім деңгейі, қазіргі ахуалы зерделенген. Кітап авторы желтоқсан мен қаңтар айларында Ауғанстанға екі рет сапар шегіп, 100-ден аса кейіпкермен сұхбаттасқан. Нәтижесінде 232 беттен тұратын құнды еңбек Қазақстан мен Орталық Азия тарихын зерттеу институты ғылыми кеңесінің шешімімен басылып отыр. Жиынға тарихшылар, БАҚ өкілдері және әдебиетшілер келді.
Ауған жеріне әртүрлі кезеңдерде, түрліше себептермен қазақтың сан-алуан руларынан мыңдаған, миллиондаған қазақ көшіп барған. Бірі өзінің қазақтығын бойында сақтаса, екіншісі өзге ұлт-өкілдерімен араласып, тек қазақ атын ғана білетіні де Жомарт Жеңістің бұған дейін «Адырна» ұлттық порталына «Ауғанстандағы қазақтар» жайлы бірнеше ой бөліскенінен белгілі.
АУҒАНСТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖОҚ ПА?
Бұл жолы тарихшы «Ауғанстанда қазақ қалған жоқ» деген кейбір адамдардың жалған тұжырымын кітап арқылы жоққа шығарды. Себебі «Әмудария қазақтары» зерттеуінде ауған еліндегі қандастардың өзі, руы, отбасы, мәдениеті мен немен айналысатынына дейін тәптіштеп жазылған.
«Асадолла Оймауыт бауырымыз – осы аймақтағы қазақ мәдениетінің жанашырларының бірі. Оның айтуынша: «Өзіміз де, жанымыз да қазақпыз. Қазағымды жанымнан артық сүйемін. Руымыз – оймауыт. Бір тамырым нағашыларымыз жақтан Қожа Ахмет Ясауи бабамызға да барады. Аталарымыз 1929 жылы Түркістанның Шаян ауылынан көшіп келіпті. Олар бүгін де өмірден өтіп кеткен. Ауғанстанда қазақ тілі жоқ. Солардың арқасында ана тілімізді сақтап қалдық. Бізде парсы мен өзбек тілі кең қолданыста», - делінген «Әмудария қазақтары» кітабының 61-бетінде.
ҚАЗАҚТАР ӘМУДАРИЯНЫҢ АР ЖАҒЫНДА НЕ ІСТЕП ЖҮР?
Тарихтан сыр шертетін кітаптың тұсаукесерінде тарихшы, саяхатшы Жомарт Жеңіс қызықты дәйектермен бөлісті.
«1901 жылы қазақтар провинцияның әкіміне хат жазған екен. «Осы жерге қазақтар келіп едік. Осы жерден жер беріңіз» делінген хатта. Ол «мұсылман екен, қазақтарға жер берілсін» деген секілді визасын қойып берген. Яғни, бізде Ауғанстанға қазақтарды тек ашаршылық кезінде барды дегенді доғару керек. Тағы бір қызық нәрсе бәрі Әмударияның жағасында, сауда жолдарында орналасқан. Мынау Мұхит-АрдагерСыдықназаровтың картографиялық еңбектері шықты ғой. Сондағы бір картаны қарасам Қасым ханның кезінде біздің шекарамыз үлкен болған екен. Оңтүстік жақ Әмударияға жеткен екен. Сол кезде сауда орындарына бақылау жасау үшін қазақтарды апарып орналастырған болуы керек. Өйткені Жібек жолының, сауда жолының оңтүстік тармағында қалаларда, қыстауларда қазақ рулары орналасқан. Бірақ, кейінірек біз оларды ұмытып кеттік. Олар сол кезде қалып қойып, өзбек-тәжікпен араласып кетті», - дейді Жомарт Жеңіс.
РУ – НЕГІЗГІ ҚҰЖАТ
Ауғанстанда қазақтарды сырт-келбетіне қарап өзге ұлт – өкілімен шатастыру әбден мүмкін екен. Адамның нағыз қазақ екенін оның руынан білуге болады. Жиын барысында руға қатысты бірнеше ой-талқы болды.
«Қариялар ешкімнің паспортын сұрамайтын. «Қай ауылдан, қай рудансың?» дейді, бітті. Кеңес үкіметі оны өзгелеп жетті. Ауғандағы қазақтар да туыстың бәрі рулық паспорты болып тұр. Ол сол румен мақтанып тұрған жоқ. Жүрегі қазағым деп ұрып тұр», - делінген пікірлер айтылды.
ДОМБЫРАҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН
Бұған дейін «Жалғыз жолаушы» ютуб-арнасымен танымал Санат Ілияс Ауғанстандағы қазақтардың домбырада еркін ойнай алмайтынын, оларға көрсетілетін қысымдар туралы айтқан болатын. «Әмудариядағы қазақтар» кітабының авторы Жомарт Жеңіс те бұл деректі жоққа шығармады.
«Ауғанстандағы қазақтар киіз үйдің барлық атауын, кереге, уық, шаңырақ деп анық айтады. Алайда оларда музыкалық аспаптарға шектеу қойылған соң домбыраны тығып ұстайды», - дейді. Автордың сөзінше, Ауғанстанда тұратын қазақтардың домбырасы да ескі, көне замандікі. Қазіргі аспапқа сыртқы пішіні ұқсамайды екен.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы