Ұлтты жазбайтын Ирандағы комиссия қайда кетті? Қазақтар шеккен қиындық

4580
Adyrna.kz Telegram

Ираннан келген қазақтар «қандас» мәртебесін алуда кедергіге тап болған. Олар өздерінің қазақ екенін дәлелдей алмай әлек. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталына базынамыз баспасөз бетіне шықса, жоғарыдағылардың құлағына жетер ме екен деген Иран қазақтары хабарласып айтып берді.

”ҚАЗАҚ ЕКЕНІҢДІ ДӘЛЕЛДЕУ КЕРЕК”

53 жастағы Әли (кейіпкердің сұрауы бойынша есімі өзгертілген) Ираннан Қазақстанға келгеніне жеті ай болған. Мұнда екі қызымен бірге тұрады. Екеуі де жоғары оқу орнында білім алуда. Ал әйелі мен ұлын Ираннан Қазақстанға көшіріп әкелу қиынға соғып отыр.

 - Өзім Қазақстанда, әйелім мен ұлым Иранда. Қасымда қыздарым бар. Бірақ оларға тек оқу визасы берілген. Атамекеніміз осы жер болғандықтан, Қазақстанға толық отбасыммен көшіп келгім келеді. Бірақ ұлым мен әйелімді осында әкеле алмай отырмын. Оларға виза алу қиын. Виза алу үшін қазақ екеніңді дәлелдеу керек. Ал Иран куәлігінде ұлт жазылмайды, - дейді ол өз тұрған елдегі құжаттың ерекшелігін атап. 

 - Бұрын бізге С10 (шетел қазағының Қазақстанға келіп, үш жылға дейін тұруына рұқсат беретін виза – ред.) және С1 (шетел қазағының Қазақстанда тұрақты тұруына рұқсат беретін виза – ред.) беретін. Оны 2 жылдай болды тоқтатып тастады. Қазір берілетін виза алты айға ғана шақыру хатпен беріледі. Ал оны алу үшін әлгі айтқанымдай, қазақ екеніңді дәлелдеу керек, - дейді Әли.

Ал Иранда қазақ екеніңді дәлелдейтін арнайы құжат жоқ. 

ИРАН ҚАЗАҒЫНА АРНАЛҒАН ҚАЙШЫЛЫҚ

Қазақстан үкіметінің 2022 жылғы 7 шілдедегі қаулысымен Иран азаматтарының елге 14 күнге дейін визасыз кіруіне рұқсат берілген еді. Бұл Иран қазақтарының тарихи отанына көшін жеңілдетеді деген үміт болған. Дегенмен, ол елдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің айтуынша,  бұл тек туристерге ғана ыңғайлы, ал қандастарға еш қатысы жоқ. Керісінше қандастардың виза алуы тіпті қиындай түскен.

 - Ирандық азаматтарға Қазақстанға жұмысқа келуге, оқуға, не туристік онлайн виза беріліп жатыр. Ал бізге “қазақ екеніңді дәлелде” деп отыр. Қазақстанның Ирандағы консулдығы “сіздің қазақ екеніңізді білеміз, бірақ қазақ екеніңізді дәлелдейтін құжатыңыз жоқ, сондықтан виза бере алмаймыз” дейді. Онда Иран азаматы ретінде виза бер десек, “сен қазақсың” дейді. Біз екі ортада қалып отырмыз,- дейді Әли.

Әли өзі білетін деректерге сүйене отырып, мәселенің мәнісін былай түсіндіреді.

 - Иран қазақтары "қазақ екені туралы" анықтаманы Иранның мемлекеттік мекемелерінен ала алмайды, себебі оларда ондай құжат түрі жоқ. Бұрын Қазақстан елшілігі адамның ұлты қазақ екенін анықтайтын комиссия құрып, соның тұжырымы негізінде шешім шығаратын немесе мешіт жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің анықтамасына сүйенетін. Кейін бір қателіктер болған. Басқа ұлттарға да қазақ ретінде құжаттар беріліп кеткен көрінеді... Бірақ біздің, 5-6  мың қазақтың не кінәсі бар. Салдарынан біз зардап шегіп, қазақ екенімізді дәлелдей алмай, виза ала алмай отырмыз. Мен өзімнің қазақ екенімді білемін. Жеті атамды ғана емес, жиырма атамды да айтып бере аламын, - дейді Әли.

ТАРИХИ ОТАНДАҒЫ СТУДЕНТ ҚАНДАС ЕМЕС, ШЕТЕЛДІК ПЕ?

Қазақстанға виза алу қиындап кеткенін Қазақстанға Ираннан көшіп келген тағы бір қандасымыз растады. Жарас  (кейіпкердің сұрауы бойынша есімі өзгертілген) Қазақстан азаматтығын 90-шы жылдары алған. Дегенмен, Ираннан келген қазақ ретінде бауырларының жан айқайына бей-жай қарай алмайтынын айтты.

 - Ираннан келген қазақтарда виза мәселесі шешілмегендіктен 2 аптаға келеді, сосын қайту керек болады. Ал тіркелуге мүмкіншіліктері жоқ. Жаңадан үкіметте заң шықты. Шетелден келетін қазақтар міндетті түрде қазақша білу керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ қазақша сайрап тұрған қандастарға неге жол ашпайды екен? – дейді Жарас.

 - Назарбаев тұсында Қазақстан мен Ауғанстан арасында 10 жылдық 5 мың ауғандықты тегін оқытуға келісім болды. Яғни, олар қазақ емес. Мұндай келісімді неге шетелде жүрген қазақтарға жасамайды? Қазір осындай келісімді бүкіл елдермен жасаса, Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран, Ауғанстан мен шетелде жүрген қазақтарды, оның ішінде 20 мың қазақты оқытуға келісіп алса жақсы болар еді. Біз шет елде жүрген қазақ жастар үшін уайымдаймыз. Олар өзінің тарихи отанында білім алса, қазақ тарихын үйреніп, атамекеніне қызмет етсе дейміз. Сондықтан баспасөзге жүгініп отырмыз. Біздің дауысымыз, сөзіміз жоғарыдағыларға жетсе екен, - дейді Жарас. 

Қазақстанда оқитын шетелдік қазақ студенттердің жағдайы мәз емес. Олар Қазақстанға шетелдегі қазақ емес, жай шетел азаматы статусымен оқуға барады, себебі оларды қандас деп атауға негіз болатын басты құжат жоқ. Одан бөлек,қазақ жастары Қазақстанда оқуға виза алғанда басқалармен бірдей виза алымын төлейді.

 - Менің екі қызым Қазақстанда оқиды. Олар оқу үшін виза алды. Әрқайсысы 200 доллардан төледі. Балаларымыздың болашағы үшін, білімді болсын, деп тапқан-таянғанымызды беріп отырмыз. Қазақстанда орыс тілін білмегенің үшін де жұмыс табу қиын. Сол себептен, дәл қазір менің жұмысым да жоқ, - дейді Иран қазағы Әли.

 - Иран қазақтарына виза алу мәселесі шешімін тауып кетсе екен. Былтыр Президент Тоқаевқа да, билікте отырғандағылар ға да хат жазылды. Хатқа 100-ге жуық адам қол қойып, Астанадағы президент әкімшілігіне апарып берілді. Дегенмен, өкінішке қарай, нәтиже жоқ, - дейді ол. 

“ҚҰТТЫ МЕКЕН” ИРАН ҚАЗАҒЫНА ҚҰТТЫ БОЛМАЙ ТҰР

2023 жылдың қазан айынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен туризм және спорт министрлігі бірлесе отырып, шетелдегі қазақтардың "қандас" мәртебесін алуға өтініш беру процесін жеңілдету үшін "eQonaq" ақпараттық жүйесі негізінде "Құтты мекен" жобасын іске қосқан болатын.

Мәліметке сәйкес, «Kutty meken» – «қандас» мәртебесін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған мобильді қосымшаның көмегімен шетел қазақтары өздері тұрған елдің аумағынан шықпай-ақ «қандас» мәртебесін алуға өтініш бере алады. Бірақ осы қосымша арқылы қандас мәртебесіне өтініш берген адам 35 күнге дейін жауап күтеді. Себебі, өтінішті арнайы құрылған комиссия қарайды. Оның құрамындағы тоғыз адам: ішкі істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинистрлігіне қарасты жергілікті атқарушы органдар мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Спорт және туризм министрлігі мен "Отандастар" қоры секілді мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұрады.

Министрліктің мәліметінше, бұл – қанатқақты жоба. Осы жоба арқылы шетелдегі ағайын Қазақстанның сондағы елшіліктері, консулдықтары арқылы құжат ресімдей алады. 

Бірақ Иран сияқты азаматтарының ұлтын төлқұжатта көрсетпейтін елдердегі қазақтар құжат мәселесінде қиындыққа тап болып отыр. Бұрын бұл міндетті жергілікті махаллалық кеңестің ұлты қазақ екенін қуаттайтын анықтамасы негізінде Қазақстан консулдығы жанынан құрылған комиссия атқарса, қазір бұл комиссия да жабылған. Нақты себебі белгісіз. Ал Ираннан келген қандастар комиссияның қазақ еместерге де қазақ екенін «қуаттайтын» жалған құжат беріп, дау көтерілген соң осындай түсініксіз жайға тап болғанын айтып отыр.  

Айта кетсек, Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында 2024 жылдың басынан бері 8,7 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алғанын хабарлаған еді. 

Министрліктің мәліметіне сәйкес, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 49,5 пайызы– Қытайдан, 34,7 пайызы – Өзбекстаннан, 5,9 пайызы – Түрікменстаннан, 5,3 пайызы – Моңғолиядан, 3,3 пайызы – Ресейден, 1,3 пайызы басқа елдерден келген. 

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы







Пікірлер