Мюнхендегі Харес Қанатбайдың қабірі қайда?

2978
Adyrna.kz Telegram

ЖАТ ЖЕРДЕГІ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІ ЕЛГЕ ӘКЕП ҚАЙТА ЖЕРЛЕУДІ ОЙЛАСУ ҚАЖЕТ

Шет жерде - Германияда жүріп, қазақ жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен Харес (Қарес, Қарыс) Қанатбай үлкен саясаткер тұлға еді. Ғажабы, арғы жақта өзімен жаһаттас жолдастары Мәулекеш Қайбалдин ( Асан Кайгин), Әмірхан Тілеумағамбетов ( Әлихан Ағаев), Мәжит Айтбаев ( Қобызшы Қорқыт) өздеріне бүркеншік есім-сой алып жатқанда, еш қаймықпастан құжатқа «Қарес Қосайұлы Қанатбай» деп шын нәмін жаздыртқан қайтпас қайсар да еді.

Бүгін Харестің шөбересі Серік Қанатбай бір жайсыз хабар жеткізді. Оған "Азаттықтың" тілшісі Сәния Тойкен хабарласқанын, іссапармен Мюнхенге барған журналист сондағы мұсылман зиратынан Харес Қанатбайдың қабірін таба алмағанын айтқанын жеткізді. Төлем ақшасын өтеу мерзімі аяқталғандықтан қабір жойылып, орнына басқа кісінің мүрдесі жерленген.

Баварияның федералдық жерлік заңнамасы бойынша, қабірге марқұмның жақын-жуықтары 20 жылға төлем төлеуі тиіс. Жылына 50€ есебі. Төленбеген жағдайда, бұрынғы сүйектің үстіне жаңадан сүйек салынып, ілгергі құлпытас алынады, ал кейінгі заң бойынша ескі сүйек өртеледі (кремацияланады).

Сәния айтқан дерек бойынша, Харестың сүйегін пакетке салып, жинап қойған. Көрді лақаттап қазып салған ба, әлде жер бетіне шығарып әкеткен бе, өртеп күлін қалдырған ба, ол жағы белгісіз.

Мюнхеннің қиыр батысындағы бұл Вальдфридхов қорымында ("Ормандағы зират") бірнеше қазақ қайраткері жерленген. 1969 жылы қайғылы қазаға ұшыраған Мәулекеш Қайбалдинның мүрдесі басқа бір марқұмның мүрдесінің астында қалды. Енді, міне, Қанатбайдың да қабірі соның аяғын құшып тұр. Олардан басқа Вальдфридхофта Дәулеткерей Тағыберлі және Абдолла Дүсіпұлы жатыр (бір жасында шетінеген Фатима деген қызымен екеуі бір қабірге жерленген). Мәулекеш үйленбеген кісі, ал Харес Аннализа дейтін неміс әйеліне үйленген, бірақ екеуінен бала болмаған. Тағыберлі мен Абдолладан тұқым бар, естуімізше. Сонда да, олардың қабірі не болады алда, көңіл күптігей.

Қазақ жақынының, жалпы азаматының сүйегін жатта қалдырмаған." Еті - сенікі, сүйегі - менікі" деген сөзде осы атадәстүр тұжырылған. Жау қолында қалған мүрдені басын қатерге тіге алып шығып, әрулеп жер қойнына берген. Әмірхан Тілеумағамбетов(Әлихан Ағаев) төрт жолдасымен жатқан сайға жуырда белгі қойып келдік. Сүйегімізді елде қалдырайық деп келген ғой. Чекистер бір шұңқырға тебе көміп тастаса да әйтеу жүздерін туған жердің топырағы жасырды. Соларды қазып алып, жаназасын шығарып пәктеп жерлеудің дәстүрге еш шеттігі жоқ. Шүкір, жерді қопарып іздеп жатпай-ақ сүйектер жатқан орынды тауып беретін жерүстілік 3D лазерлік сканер, үшөлшемді электртомография секілді осы замандық технологиялар бар.

"Еті - сенікі, сүйегі - менікі". Қазақ осы сөзді бірдеңені білгесін айтқан шығар. Яғни, жат жерде жатқан қайраткерлеріміздің сүйектерін елге әкеп қайта жерлеу төңірегінде ел болып, өкімет болып шағып ойласатын уақыт жеткендей.

 

12 қыркүйек, 2024 жыл.

Мақсат Тәж-Мұрат

 

 

 

 

 

Пікірлер