Белгілі қазақстандық кәсіпкердің Ресей азаматтығынан бас тартқаны айтылды

1303
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zona.kz
Сурет: zona.kz

Белгілі қазақстандық кәсіпкер Айдан Сүлейменова Ресей азаматтығынан бас тартты. Бұл туралы 11 шілдеде «Агентство» басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Кеше президент Владимир Путин
Ресей Федерациясының азаматтығына қабылдау және одан айыру туралы жарлыққа қол қойды. Ресейлік төлқұжаттан бас тартқандардың қатарында «AYALA» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Айдан Сүлейменова бар. Ол – Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің қызы және елдегі ең бай әрі ықпалды бизнесмендердің бірі Данияр Әбілғазиннің әйелі»,—делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін олигарх Данияр Әбілғазин мен әйелі Айдан Сүлейменованың Грекияда яхта жалға алғанын белгілі болған еді.

21 маусымда яхта экипажы Гидра аралындағы өртке байланысты ұсталды. Белгілі болғандай, туристер жалдамалы яхтада отшашу атқан. Салдарынан қарағайлы орман өртке оранған болатын. Арал мэрі Джоргос Кукулаки шетелдіктерді сотқа беретінін мәлімдеді. Күдіктілердің арасында қазақстандық кәсіпкер оның әйелі де болды. Алайда Әбілғазин мәлімдеме жасап, өртке қатысы жоқтығын айтты.

Құқық қорғау органдары орманды өртеді деп айыпталған яхта капитаны мен оның көмекшісін ұстады. Экипаждың өзге он бір мүшесі кепілге босатылды. Барлық күдікті кінәні жоққа шығарып отыр.

Пікірлер