“Сатқындық маған ұнамайды”. Назарбаев 84-ке толған күн

1160
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 6 шілде — бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Қарт саясаткер биыл 84-ке толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтар шаңырағында дүниеге келген.

1989–1991 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Назарбаев, 1989–1992 жылдары КСРО халықтық депутаты, кейін сол уақытта 1990 жылғы ақпан-сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы атанды.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақ КСР президенті лауазымына тағайындалды. Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда ел президенті қызметінен кететінін мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті өкілетін 2019 жылғы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстап бергенімен, билікті Қауіпсіздік кеңесі арқылы 2022 жылдың қаңтарына дейін қолында ұстады.

Тақтан кеткен соң Назарбаевтың есімі тарих беттерінен өшіріле бастады.

Кейін 2022 жылғы 5 қаңтарда президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін қолына алғанын мәлімдеді. 2022 жылғы 28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының төрағалығынан кетті. 2022 жылғы 2 наурызда Назарбаевтың есімінің алғашқы буыны жазылған "Нұр Отан" партиясы "Аманат" болып өзгерді. 2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумда Конституциядан "Тұңғыш президент – елбасы" туралы баптар жойылды. 2022 жылғы 17 қыркүйекте мемлекет астанасының Нұр-Сұлтан атауы қайтадан Астана болып өзгерді. 2023 жылғы 1 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойғы мүшесі болады деп саналған конституциялық кеңес қызметін тоқтатты. 2023 жылғы 12 қаңтарда экс-президент "құрметті сенатор" атағынан айырылды. 2023 жылғы 15 ақпанда "Тұңғыш президент - елбасы" туралы заңның күші жойылды. 2023 жылғы 12 шілдеде президент Тоқаев қылмыстық кодекстен "Елбасы" туралы бапты алып тастады. Басқа заңдар мен құқықтық актілерден де "Тұңғыш президент – елбасы" сөзі алынды. 2023 жылғы 24 шілдедегі президент жарлығымен Мемлекеттік күзет қызметінен Назарбаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті алынып тасталды. 2023 жылғы 16 қарашада Тоқаев Назарбаев төраға болған "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорын басқару кеңесін таратуды көздейтін заңға қол қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін 2021 жылы “Штрихи к портрету” деректі фильміне сұхбат берген болатын. Онда ол өзінің өмір жолы, принциптері мен көзқарасы жайлы сыр шерткен:

“Сатқындық маған ұнамайды. Сатқындардың өмірі жақсылықпен аяқталмайды. Олардың жүрегінде "құрт" тұрады Сол "құрт" оларды іштей жегідей жейді. Олар өздерінің дұрыс жасамағанын, өз халқына, мемлекетіне қарсы шыққанын біледі. Сондықтан мен еш уайымдамаймын. Сатқындар өздеріне тиістіні алады”, – деді ол сұхбатта.

Ал қазір туған күн иесінің қайда екені белгісіз. Соңғы рет экс-президент БАӘ астанасы - Дубайда орналасқан Нью-Йорк Абу-Даби университетінде жүргені айтылған еді.

Пікірлер