Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік еткен кезеңін сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«30 жыл бойы Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасындағы ел болды. Алайда уақыт өте келе бұл ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель елде күрделі саяси дағдарысқа әкелді. Бұл билік пен капиталдың жекелеген топтар мен бір адамның қолында шамадан тыс шоғырлануымен байланысты болды, бұл қоғамның наразылығын тудырып, елдің дамуын тежеді», – деді Қошанов сәрсенбі күні мәжіліс отырысында.
Осы себепті, оның айтуынша, үш жыл бұрын елдің саяси жүйесін жаңғырту процесін бастау және биліктің бір ғана қолда шоғырлануынан арылу аса маңызды болды.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдерде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және өкілеттіктерді қайта бөлу әлі күнге дейін әртүрлі пікірталастар мен талқылаулар тудырып отыр. Ал біздің елімізде президент өз бастамасымен бірқатар өкілеттіктерді қайта бөліп, бір мерзімді жеті жылдық президенттік жүйені енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару дәуірін аяқтады. Басқаша айтқанда, елде бұрынғы саяси құрылым мен басқару қағидаттары толығымен жаңартылды. Мемлекеттік билік тармақтарының арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталған жаңа үлгі қалыптасты», – деді Қошанов.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев билік құрған жылдары Ерлан Қошанов әртүрлі жоғары лауазымдарда қызмет етті. Ол 2003-2006 жылдары Көлік және коммуникация вице-министрі, 2012-2017 жылдары премьер-министр кеңсесі басшысы, 2017-2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі қызметтерін атқарған.