Дүйсенбі, 6 мамыр күні Қуандық Бишімбаев пен оның інісі Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөзін айтады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сот отырысында айыпталушылар сөз сөйлеп, одан кейін тараптардың пікірі тыңдалды.
Содан кейін сот алқабилердің қатысуынсыз жарыссөздің екінші бөлігіне көшті. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 651-бабына сәйкес, алқабилердің қатысуымен сотта тараптардың жарыссөзі екі бөліктен тұрады.
Жарыссөздің екінші бөлігінде тараптар сотталушылардың әрекеттерін саралау, үкім шығару және азаматтық талап қою мәселелері бойынша өз ұстанымдарын ортаға салды.
«Сотталушылардың соңғы сөзі 6 мамыр күні сағат 10:00-де айтылады», - деді сот.