Әйелін өлтіргені үшін сотталған бұрынғы министр Қуаныш Бишімбаев түрме әкімшілігіне қарсы сотқа жүгінген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Оның адвокаты Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, қылмыстық-атқару мекемесі Бишімбаевтың тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқанын ескермей, тиісті көтермелеу шараларын бермей отыр.
Адвокаттың сөзінше, Бишімбаев Конституция күніне арналған шахмат сайысында жеңімпаз атанған, сондай-ақ Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай сотталғандар алдында оның өмірі мен ерліктері туралы баяндама жасаған. Алайда, оған ешқандай көтермелеу берілмеген.
Көтермелеу шаралары сотталғандарға қосымша кездесулер өткізуге мүмкіндік береді. Бірақ оны тек үш айда бір рет алу мүмкін.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәлімдемесіне сәйкес, Бишімбаевтың тәртіп бұзғаны анықталған. Адвокаттың айтуынша, экс-шенеунік бұл ережені 2024 жылдың желтоқсан айында бұзған.
“Мекеме басшылығы оны ұйқыдан кейін кітап оқығаны үшін тәртіп бұзды деп есептеген. Алайда, қорғауымдағы адам сол түні тісі қатты ауырып, дәрісін ішу үшін асханаға кірген. Дәрінің әсер етуін күтіп тұрған кезде кітап оқи бастаған. Басқа сотталғандар түнде еркін жүріп, су ішіп, дәретханаға бара алады, тіпті теледидар көре алады. Бірақ дәл Бишімбаевқа бұл тәртіп бұзу деп саналған”, – деді Ғазымжанов.
Қазіргі таңда сот Бишімбаевтың шағымын қарастыруда.