Қарғын су қамсыздықты кешірмейді

695
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қызылқоға аудандық әкімдігі
Фото: Қызылқоға аудандық әкімдігі

Қазақстанның біраз бөлігін қарғын су басып қалды. Мұның зардабын сол өңірлердегі қарапайым халық қана емес, ел экономикасы да тартатыны белгілі. Ауа райы енді жылынып келе жатқанын ескерсек, алдағы уақытта еріген қар басқа өңірлерге де қауіп төндіруі мүмкін. Өкініштісі сол, бұл жағдай жылда қайталанады. Осындайда заңды сауал туындайды. Неліктен Қазақстан жазда судан таршылық көріп, көктемде су астында қалады? Мұның алдын алуға бола ма? Әлемнің басқа елдері тасқын сумен қалай күреседі?

Шалағайлық танытқандарға сөгіс берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық штабтың отырысында жергілікті билік өкілдері тасқын суға қарсы шараларды тиісті деңгейде атқармағанын қатаң сынға алды. Сондай-ақ шұғыл кеңесте су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін бірнеше лауазымды қызметкерге сөгіс жариялады. Президент республикалық штабтың жұмысын жіті қадағалап отыр.

Мемлекет басшысының Премьер-министрдің бірінші орынбасарына, бірнеше облыстың әкіміне сөгіс жариялауына негіз жетерлік. Қалың қар мен жауын биыл ғана көп мөлшерде түсіп отырған жоқ. Әкімдіктердің тасқын суға сақадай сай дайындалғаны жөніндегі есептер іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалғанын көріп отырмыз. 

Мамандар еліміздің әр өңірін жыл сайын тасқын су басуының бірнеше себебін алға тартады. Біріншіден, жауапты мекемелер қар еру маусымына тыңғылықты дайындалмайды. Екіншіден, гидротехникалық нысандар ескірген. Көктемгі еріген суды жинап, оны жазда пайдаланудың тәсілі қарастырылмаған. Үшіншіден, әкімдіктер құрылыс жүргізуге рұқсатты оңды-солды бергендіктен, тұрғын үйлер тасқын қаупі мол жерлерге салынған. Төртіншіден, саланы жетік білетін мамандар тапшы. Осының бәрі жиналып, үлкен қауіп төндіреді. Ал оны шешуге жүйелі жоспар керек.

Саясаттанушы Талғат Қалиев тасқын суды табиғи апаттар тізімінен сызып тастау қажет деп есептейді. Мұны жауапты қызметкерлердің қол қусырып отырғанының, тыңғылықты дайындалмағанының себебінен туындайды деп  санайды. Қарғын суды ағызатын арықтар дер кезінде тазартылса, қалың қар қауіпсіз жерге шығарылса, тасқын жүруі ықтимал елді-мекендердің маңына қорғаныс бөгеттері салынса, мұндай апатқа жол бермес едік. 

Айтпақшы, күні кеше Төтенше жағдайлар вице-министрі су тасқынына дайындалмағанда, талай адам қаза табуы мүмкін екенін алға тартыпты. Бәлкім, сөзінің жаны бар шығар. Бірақ қазіргі ахуалға көз жүгіртсек, министрлік тасқын суға жол бермеуге емес, оның салдарын жоюға әзірленген секілді. Сондай-ақ вице-министр қарғын су өзеннен емес, күтпеген жерден қырдан келгеніне назар аударыпты. Алайда, дайындық тыңғылықты жүргізілсе, қырда еріген қар суы да соншалықты қауіп төндірмес еді ғой деген ой қылаң береді. Әйтпесе, науат-қардың көбесі сөгіліп, қарғын су жан-жаққа тарағанда ылдиға қарай ағатыны түсінікті емес пе?

Желге ұшқан қаражат

Еліміздегі гидротехникалық нысандардың ескіргені талайдан бері айтылып келеді. Тіпті, Президент Тоқаевтың өзі бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұрғанын атап өткені есімізде.

«Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек» деген еді Қ.Тоқаев. 

Депутаттар да Үкіметке сауал жолдап, ескі нысандарды жаңғырту туралы мәселе көтергені белгілі. Мәжіліс депутаты Сергей Понамаревтің келтірген деректеріне сәйкес, елімізде 537 гидротехникалық нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. 

Былтыр бөгендер мен су қоймаларын жөндеуге қомақты қаражат бөлінді. Алайда ақшаның бәрі желге ұшқандай әсер қалдырады. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Щербаков бөгеті былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен еді. Оған 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Ал биыл аталған бөгет көктемгі судың көбеюі салдарынан бұзылды.

Үкімет қамсыз отыр деуге келмес. Қазіргі таңда тасқыннан зардап шеккен аймақтарда 11 мыңнан астам адам күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Төрт мыңнан астам техника жұмылдырылған. Қауіпті аймақтағы он алты мыңнан астам адам эвакуацияланды. Үкімет басшысының тапсырмасымен, өңірлерде қарғын судан келген шығын көлемін есептеу басталады. Еліміздің басқа аймақтарында тасқын бой бермей кетпес үшін, алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп жатыр.

Гранд-Форкс саябағы тасқыннан қорғайды

Мамандардың пайымдауынша, тасқын су қауіп төндіретін жерлерге тұрғын үйдің салынуы да басты мәселелердің бірі. Соның салдарынан көптеген баспана су астына кетіп отыр. Осы орайда, әлемнің басқа елдері мұндай мәселенің шешімін қалай тапқанына назар аударып көрген едік.

АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан өтетін Ред-ривер деген өзен бар. Жыл сайын қарғын су өзенді толтырып, арнасынан асып жатады. Сонау 1997 жылы өңірде жауған қалың қар мен ауа райының күрт жылынуы салдарынан Ред-ривер тасып, айналасындағы елді-мекендерді шайып кетті. Әсіресе, Гранд-Форкс қаласына үлкен қауіп төндіріп, талай үй су астында қалды. Тасқыннан келген шығынның көлемі 3,5 миллиард долларды құрады. 

Осы апаттан кейін шаһар басшылығы тосын шешім қабылдапты. Өзен маңындағы ғимараттар тасқыны салдарынан әбден бүлінген. Оларды қайта қалпына келтіргенімен, келешекте өзен тағы да арнасынан шығуы мүмкін. Осыны ескеріп, жергілікті билік шаһар ортасынан өтетін Ред-ривердің екі жағалауын бойлай үлкен саябақ салуға шешім қабылайды. Сөйтіп, бүлінген ғимараттардың орнына жасыл желек пайда болады. Саябақтың шет жағына бірнеше метрлік бөгет, яғни жасанды төбешік қалдырады. Алда-жалда өзен суы арнасынан тасып жаса, саябақ бойымен ағады да, қалаға қауіп төндірмейді. Бұдан бөлек, шаһардың ішіне тасыған суды жинайтын арнайы орындар ашылды. Ондағы қуатты сорғылар бөгетке бой бермеген суды сыртқа айдап шығаруға арналған. Осындай тосын шешімнің нәтижесінде 2009, 2011, 2022 жылдары болған тасқында шаһар зардап шеккен жоқ.

Нидерланд теңізден төмен жатыр

Жалпы, шетелдік тәжірибе туралы айтқанда, Нидерланд еске түседі. Қызғалдақты елдің 30 пайызға жуығы теңіз деңгейінен төмен жатыр. Соған қарамастан, халықтың әбігерге түсіп жатқанын байқамайсыз. Теңіздің түбінде тұрса да, бейғам өмір сүреді. 

Негізі, Нидерланд халқы талай мәрте топан судан зардап шеккен-ді. Қызғалдақты ел бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Зейдерзе бұғазына дамбы салып, Солтүстік теңізден келетін қауіпті азайтуға тырысқан. Алайда, 1953 жылы дауылдың салдарынан Солтүстік теңіз суы әдеттегі деңгейден бес метрге жоғарылап, ел аумағының біраз бөлігін басып қалды. Төтеннен келген апаттан екі мыңнан астам адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Нидерланд билігі іске бел шешіп кірісті. Сөйтіп, топан су қауіп төндіретін өңірлерге бөгеттер, шлюздер мен дамбалар салды. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде Нидарланд аумағының үштен бірі теңіз деңгейінен төмен жатқанына қарамастан, мұхит астына кетпей аман қалып тұр.

Дауылға дес бермейтін Бангладеш

Топан судан тиімді қорғану үшін мемлекеттің аса бақуатты болуы міндетті емес екенін Бангладеш дәлелдейді. Сонау 1970 жылы Бенгал шығанағынан басталған «Бхола» дауылы Шығыс Пәкістан мен Батыс Бенгалия өңіріне зор апат әкелді. Салдарынан жарты миллионға жуық адам қаза тапты. Аталған дауыл Бангладеш тарихындағы тағдыршешті оқиғаға айналды десек қателеспейміз. Елде азаматтық соғыс басталып, ақырында Бангладеш тәуелсіздік алды. Сондай-ақ, осыдан кейін дауылдың алдын алуға байланысты түбегейлі өзгерістер қабылданды. 

Біріншіден, заманауи технологияларды пайдаланып, ауа райын барынша дәл болжау жолға қойылды. Қазіргі таңда Бангладештегі метеорологиялық стансалар дауылдың басталатынын бірнеше күн бұрын анықтауға қабілетті. Екіншіден, дауыл, тасқын кезінде паналайтын орындар саны көбейді. Мысалы, 1970-ші жылдары елде 42 қауіпсіз пана болса, бүгінде олардың саны он екі мыңнан асқан. Қажет болған жағдайда, мұнда 5 миллионға жуық адам бас сауғалай алады.

Әрине, осындай еңбектің нәтижесінде Бангладеш топан судан түбегейлі құтылды деп айта алмаймыз. Жыл сайын жаңбыр маусымы кезінде тасқын су жүріп, ел экономикасына орасан зор шығын келтіреді. Бірақ бұл – Оңтүстік Шығыс Азияға тән табиғат құбылысы. Оны түбегейлі тоқтату мүмкін емес, тек зардабын азайтудың тәсілдері бар. Әйтпесе, Бангладеш – әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан мемлекеттің бірі. Шамамен, 200 миллионға жуық адам көлемі жөнінен Ақмола облысындай өңірде өмір сүріп жатыр. 

Токио топаннан қалай қорғанады?

Топан сумен күресте тиімді тәсіл көрсетіп отырған мемлекеттің тағы бірі – Жапония. Күншығыс елі теңіздің ортасында орналасқандықтан, су тасқыны жиі қауіп төндіреді. Статистикаға сүйенсек, табиғи апаттардың 70 пайызға жуығы тасқыннан туындайтын көрінеді. Сондықтан жапондар 1992 жылы тайфун мен нөсер жауыннан қорғану үшін Токиода су тасқынына қарсы кәріз жүйесі құрылысын бастап, 2006 жылы аяқтап шықты. Ауқымды жүйеге 2 миллиард доллар көлемінде қаражат кетіпті.

Су резервуарында тереңдігі 60-70 метр болатын алып бөшкелер мен цистерна орнатылған. Өзен арнасына сыймай тасығанда, нөсер жауын кезінде артық судың бәрі осында келіп құйылады. Содан кейін цистерна арқылы сыртқа шығарылады. Цистернада суға төтеп беретін, салмағы 500 тонналық 59 баған орнатылған. 

Аталған кәріз жүйесі 48 сағат бойы тоқтамай жауған нөсерге төтеп беруге қабілетті. Секундына 200 шаршы метр су сіңіре алады. Құрылыс аяқталғалы бері Жапония резервуардың пайдасын бірнеше рет көрді. Мәселен, 2019 жылы Хагибис тайфуны кезінде екі тәулік бойы нөсер тоқтаған жоқ. Сол уақытта кәріз жүйесі 12,18 миллион шаршы метр суды сіңіріп, шаһар сыртына айдапты. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл 4800 бассейнді толтыруға жетеді. Жапонияда осындай деңгейлі дауыл 1982 жылы болып, ел экономикасына 1,76 миллиард доллар шығын әкелді. G-Cans жобасының есептеуі бойынша, су резервуары қолданысқа берілгелі бері миллиард долларға жуық шығынға тосқауыл болған.

Сараптама орталығы керек

Шетелдік тәжірибелерге көз жүгірткенде, бір нәрсені нақты айта аламыз. Қай елді алып қарасаңыз да, үлкен жобаны жүзеге асырар алдында мұқият зерттеу жүргізіп, терең талдау жасаған. Ықтимал қауіптердің бәрі ескеріліп, оны шешу жолдары сараланыпты. Осы орайда, біздің елде де тәуекелдерді басқару орталығы керек секілді. Әйтпесе, жыл сайын жазда қуаңшылық пен өрт, көктемде су тасқыны деген секілді күтпеген апаттар қайталана береді. Аталған мекеме елдегі туындауы мүмкін қатерлерді анықтап, оларды қалай еңсеруге болатынын зерттеумен айналысса, біраз түйткілді тарқатудың сәті түсер ме еді...

Әлихан Қыстаубайтегі

 

Пікірлер