"Айтып-айтып шаршадым..." Бұрынғы сумин қазіргі суминге неге налыды?

2266
Adyrna.kz Telegram

Су шаруашылығын басқарудағы кемшіліктің реттелмеуі бұл саланың жағдайы қиын екенін көрсетеді. Орталық Азия аймағындағы су бөлінісіне тиісті министрліктің самарқау қарауы да түсініксіз. Соның салдарынан көктемде су тасып, жазда су жетпей жатыр. Бұрынғы су министрі, жасы тоқсанға тақаған Нариман Қыпшақбаевпен болған сұхбат осындай түйінге жетелейді. 

Елдің 12 облысында су тасып жатыр. Маусымдық мәселе болғанымен, биылғы тасқынның беті қатты. Мұндай қауіп бұрын да болған, алда да бола береді. Бірақ қауіптің алдын алып, табиғат апатына барынша аз шығынмен төтеп берудің де өз жолы болса керек. Маусым сайын су шаруашылығы басынан шу арылмайтын салаға айналып барады. Биылғы жағдайды реттеуге былтыр ғана құрылған салалық министрлік, Су шаруашылығы және ирригация министрлігінің де шамасы келмей жатыр. Қайта осы саладағы мәселе министрлік құрылмай тұрған кездегіден де әрмен күрделеніп бара жатқандай. Саланың дерті неде, диагнозы қандай? Осы сұрақты 1981-1990 жылдары Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған, кейін сол министрлік тарап кеткеннен кейін де өмір бойы су мәселесімен айналысқан, «бас мұрап» деп дәріптеуге тұратын су маманы Нариман Қыпшақбаевқа қойдық.

 – Нариман аға, еліміздің бірнеше аймағын су басып жатыр. Тасқын, сел маусым сайын қайталанғанымен, осы жолғы түйткілдің себебі неде деп ойлайсыз?

– Еліміздің 90 пайызы шөлейт және жартылай шөлейт болып келеді. Соған қарамастан 1990 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев су министрлігін таратып жіберді. Бұрынғы президент мұның бәрін қаражат мәселесімен байланыстырды. «Ақша түспесе, су мәселесімен айналыспаймыз» деген көзқарас болды. Осылай су шаруашылығы қараусыз қалды. Жер мен адам су ішпесе не болады? Мен осыны түсінбеймін. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектің басында Су және ирригация министрлігін құрды.

Жер бетінде, оның ішінде Қазақстанда өмір бүгін немесе кеше пайда болған жоқ қой. Совет үкіметі орынаған 1917 жылдан бастап, денсаулық, ауыл шаруашылық, өндіріс, темір жол саласында не атқарылғанын нақты білмеймін. Бірақ сол кезден бастап су саласында қар мен жаңбырдың жаууы, өзеннің тасуы мен қуаңшылық кезеңді бақылау басталды. Ал кеше қар мен жаңбыр жауды, енді міне наурыз, сәуір айында тасқын жүріп жатыр деп ойлау ақымақтың ісі.

Ежелде шығыста мемлекеттерді әмірлер басқарған. Қазіргі айтып жүрген «эмират» сөзінің төркіні де сонда жатыр. Шығыста өз ісінің шеберін де «әмір» атаған. Су бойынша парсы тілінде «мираб» деген сөз бар. Түбі «амире аб» дегеннен шығады, яғни судың әмірі, судың басшысы. Қазақтар оны «мұрап» дейді. Мұрап судың келу-кету, маусымдық ерекшеліктері мен егістік үшін судың қажеттілігін есеп-қисапқа салып, тиісті шешім қабылдайды. Мен енді сушы болған соң оқығанымды, көргенімді айтып отырмын ғой. Яғни, су мәселесінің бағзы заманнан бері қаншалықты маңызға ие болғанын айтқым келеді. Сол кезде мемлекетті басқаратын адамды «әмір» деген және суды басқаратын адамды «әмір» деген. Осы ретпен келгенде Назарбаев тұсында Қазақстанда судың басшысы - «мұрап» болмау керек деп шешті. Соның салдарын қазір көріп отырмыз.

 – Әлеуметтік желіде «Совет үкіметі кезінде осынша су тасқыны болмаушы еді» деп жазып жатыр...

Ойбой... Құрманғазы деген композитор болған. Оның сүйегі Астрахан облысында жатыр. Сол Құрманғазының Каспий суының көтеріліп, тасуына байланысты шығарған «Көбік шашқан» деген күйі бар. Сенің «Бұрын топан су болды ма, болған жоқ па?» деген сөзіңе жауап берейін деп жатқаным ғой...

 – Құрманғазының заманында емес, Совет үкіметі кезінде не болды?

 – 1980 жылдары Каспийдің деңгейі бірнеше метрге көтеріліп, оның айналасындағы ауылды су басып қалды. Сонда мен Астарахан облысынан Түркіменстанға дейінгі Каспийдің жағасын жағаладым. Ол кезде Каспийдің деңгейі 2-3 метрге дейін көтеріліп кеткенде халықты қалай қорғауға болады деген сұраққа жауап іздедім. Сонда менің байқағаным әрбір 100 жыл сайын Каспий суының деңгейі көтеріліп, 100 жыл сайын төмен түседі екен. Құрманғазының «Көбік шашқан» деген күйі, Қашағанның "Топан" дастаны – 1980 жылдардан ғасыр бұрын, шамамен 1880 жылдары болған су тасқыны кезінде дүниеге келген туындылар.

Совет үкіметі кезінде судың өлшемін 3 категорияға бөлетін. Тасқыны көп кезді – суы  көп жыл, суы қалыпта нормадағы жылды – суы  орта жыл және суы аз жылды суы тапшы жыл дейді. Осыны Совет үкіметі өмір бақи бақылап отырды. Мысалы, биыл тасқын су көп болып жатыр. Тасқынның көп болуына өткен жылдың күз айында яғни, қар түсердің алдында жерге көп жауын жауғаны себеп болған. Мысалы, егер күзде құрғақ жер қалып, оның бетін қар жапса, көктемде жер қар суын сорып алады да ешқандай тасқын болмайды. Осының бәрін бақылап, аңғарып отыруға тиісті едік қой...

Қазір жергілікті әкімді қызметке қойғанда «Әй, сен өзі не білесің?» деп сұрақ қоймайды-ау деймін.

1968 жылы орталық комитеттің тапсырмасы бойынша Семейге бардым. Барғанда «Семейдің облыстық су шаруашылығын басқар» деп жіберді. Барсам, «Сен әуелі обкомға бар. Онда су жөнінен Степанов деген бар. Сені қабылдай ма, қабылдамай ма – сол бәрін шешеді» деді. Оған барсам, «Карта ойнайсың ба?» дейді маған. «Карта ойынын білмеймін» деймін. Екінші «Сен өзі арақ ішесің бе?» дейді. «Жоқ, мен өмірімде арақ түгілі вино, сыра ішіп көрген адам емеспін» деймін. Біраз отырды да «Анау келіншек, қыздарменен қарым-қатынасың қалай?» дейді. «Қыз көрсем, тілім байланып қалады. Қабілетім жоқ, қолымнан келмейтін ісім» деймін. Сонда Степанов «Онда сен Семейге неге келдің?» дейді. Мен «Көке-ау, өзіңіз айтқан карта, арақ, қыз-келіншегі көп Алматыдан келдім. Ол жақта соның бәрі бар. Мен бұл жаққа жұмыс істеуге келдім» деймін ғой. Содан не керек, ол мені жұмысқа қабылдады. Степановтың істеп отырғаны қырсықтық енді...

Қазір де әкім мен министрді тағайындағанда ең құрығанда «Әй, осы сен не білесің?» деп сұрау керек қой...

 – Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласын біле ме, өзі?

  – Мен енді оның дипломын қараған жоқпын. Жанындағы кісілерден сұрасам, «мамандығы инженер-механик» дейді. Түсіндіңіз бе? Міне, сұраққа жауап.

 – Яғни қабілеті жоқ қой...

 – Оны Тоқаев пен президент әкімшілігі немесе Үкімет басшысынан сұрау керек. Кеше Президент оған қатаң сөгіс берді ғой. Баяғыда бір сөгіс алғаннан кейін арызын жазып кетіп қалатын еді жұрттар...

 – Биылғы тасқын бұрынғы тасқынмен салыстырғанда қалай болып жатыр?

 – Судың аз немесе көп екенін гидротехниктер емес, гидролог деген маман иесі анықтайды. Қазір сол гидрологтар қайда? Неге үндемейді? Әңгіме осында.

Сәуір айында Арал бассейні, Әмудария, Сырдария  жөнінде Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияның кезекті отырысы өтеді. Аталған комиссияны 1992 жылдың 18 ақпан күні құрғанбыз. Ол комиссия Әмудария мен Сырдария өзенінің суын реттеп отыруы керек. Орталық Азяидағы бес мемлекеттің бес министрі қатысады. Әу баста оған өзім қатысып, өзім мүше болдым.

Шыны керек, осының бәрін қазіргі Су және ирригация министрлігіне яғни, вице-министр Нұрлан Алдамжаровқа айтып-айтып шаршадым.  Одан «Алпыс жыл су жағалап жүріп мен сені көрген жоқпын. Сен қайдан келдің?» деп сұрасам, «Мен Жамбыл облысы әкімдігінің Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында басшы болдым» дейді. Оған «Мына жерге қалай қорықпай келдің? Сәуірде жыл бойына Сырдарияның суы қанша болады және оны төрт мемлекет қалай пайдаланады деген сұрақты комиссия қарайды. Сол жерде қабылданған шешім бойынша комиссия жұмыс істейді. Соған дайындалайық та, қандай позиция ұстанамыз, су аз десе, Қазақстанның ұстанымы қандай болады, ал көп десе, сәуірден қазанға дейінгі аймақтағы су бөлінісі графигін реттейік деп сан мәрте айттым...

Бір қызығы – осы сөзді мен Нұрлан Алдамжаровқа түсіндіре алмай отырмын. «Кездесейікші, осы комиссияны құрған мен едім. Өмір бойы осымен айналысып едім, ақылдасайықшы» деп Нұржан Нұржігітовтың орынбасарына түсіндіре алмай қойдым.

Мемлекетаралық су көздерімен айналысатын Нұрлан Алдамжаров қалай мемлекеттің атынан Сырдария суының мәселесін айтады? Комиссияның алдында ақылдасайық десем, Үкімет адамдарының көзқарасы осындай болып тұр.

Осыған қарап ойланып, су саласында «не болып кеттік, бұл не сұмдық» деп қорқамын. Мына суды басқару керек. Совет үкіметі кезінде суға байланысты мынадай айға-шу болғанын көрген де, естіген де емеспін...

 - Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер