Тайваньның шығыс жағалауында бірнеше қатты жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінен кейбір ғимараттар қирап қалған деп хабарлайды "Адырна" порталы халықаралық БАҚ-қа сілтеп.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Тайваньның Хуалиен қаласынан оңтүстікке қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Сейсмологтардың айтуынша, бұл Тайваньда соңғы 25 жылда болған ең күшті жер сілкінісі.
Жапонияның бас метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, магнитудасы 7,5 болатын бірінші жер сілкінісі 3 сәуір күні, Астана уақытымен таңғы 04:58-де Тайваньның шығыс жағалауында тіркелген. Жер сілкінісінің тереңдігі әлі анықталған жоқ, тек оның су астында «өте таяз тереңдікте» болғаны анықталды.
Арада 15 минут өтпей – 5 сағат 11 минутта – сол жерде магнитудасы 6,6 болатын жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің тереңдігі тағы да «өте таяз» екені анықталды.
Осы аймақта таңғы сағат 5:35-те магнитудасы 6,3 болатын үшінші жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы су астында 20 шақырым тереңдікте орналасқан.
Басылым жер сілкінісінің Жапонияның оңтүстігіндегі Окинава префектурасында да сезілгенін жазады. Жер сілкінісінен кейін Окинава, Мияко және Яеяма аралдары тобына цунами қаупі төнді. Жапон мамандары толқынның биіктігі үш метрге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Әлеуметтік желілерде төтенше жағдай орын алған видеолар пайда болды. Кадрларда бүлінген ғимараттар, сондай-ақ жер асты дүмпулерінің сәті түсірілген.
Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.