Елімізде судың заңсыз саудасы толық жойылмай тұр. Бұл туралы бүгін, 12 мамырда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бүгінде бүкіл республика көлемінде келісімшарт жасамай, «Қазсушармен» суды алу деген мәселелер кездеседі. Біз қазір келісімшартты жасауды электронды түрге көшіріп жатырмыз. Бұдан бөлек, ақпараттық талдау арқылы шаруа қожалығы суды қаншалықты келісімшартқа сәйкес алды немесе кассаға қанша қаражат түсті не түскен жоқ дегенді тексеру үшін ғарыштық мониторинг арқылы жүйені енгізейін деп отырмыз. Ол мәселені 100 пайыз шешпесе де, бізге үлкен құрал ретінде көмектеседі»,—деді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Одан бөлек, Нұржігітов Су кодексі күшіне енгенде бұрын инспекциялар атқарып келген жұмыстар арнайы комитетке берілетінін, бұл да қадағалауды бір жүйеге түсіретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, былтыр Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті бассейндік инспекциялары 439 тексеріс жүргізіп, 1855 заң бұзушылықты анықтап, 429 ұйғарым берген. Нәтижесінде жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынған.