28 наурыз күні Мьянмада болған жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны екі мыңнан асып кетті. Бұл туралы жергілікті билік мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Еuronews-ке сілтеп.
Жергілікті биліктің мәліметтері бойынша, шамамен 3900 адам жарақат алды, тағы 270 адам жоғалып кеткен. Елде бір апта ұлттық аза тұту жарияланды.
Құтқарушылар қирандылардан адамдарды шығаруда, бірақ тірі қалғандары сирек. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, мәйіттер ағынмен жеткізілуде, ал қала крематорийлері оларды жағуға үлгермей жатыр.
Магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі жұма күні түстен кейін болып, ел астанасы Нейпитауда және Мьянманың екінші үлкен қаласы Мандалайда жаппай қирауға әкелді. Мыңдаған мұсылман Рамазан оразасын аяқтау үшін дұға еткен ғимараттар, тұрғын үйлер, көпірлер, мешіттер қиратылды.
Құтқарушылардың жұмысын апат аймағындағы бүлінген жолдар, байланыстың нашар немесе мүлде жоқ болуы, ауа температурасының жоғары болуы, елде азаматтық соғыс жүріп жатқаны қиындатты. Сенбі күні қарулы көтерілісшілер бірқатар аймақтарда соғыс әрекеттерін тоқтатқанын мәлімдеді.
Үйсіз қалған тұрғындар және афтершоктардан қорқатындар көшеде ұйықтауға мәжбүр болды. БҰҰ гуманитарлық апат туралы және ауызсу, азық-түлік, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі туралы айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Мьянмаға «көмек көрсету, аурулардың таралуын болдырмау және негізгі медициналық қызметтерді қалпына келтіру» үшін 8 миллион доллар жинау туралы шұғыл шақыру жариялады.
АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауынша, апаттан қаза тапқандар саны 10 мыңнан асып, экономикалық шығындар елдің ЖІӨ-нің 100%-ынан кем болмайды.
Жер сілкінісі Қытай мен Таиландта да сезілді. Жергілікті билік 18 адамның қаза тапқаны туралы хабарлады. Бангкокта биік ғимараттың құлаған жерінде құтқару жұмыстары жалғасуда, ғимараттың астында ондаған адам болуы мүмкін.