«Халықтың құқықтық сауаттылығы өте төмен»

638
Adyrna.kz Telegram

Халықтың құқықтық мәдениеті мен толеранттылығы және құқықтық санасын қалыптастыру өте маңызды. Себебі біздің елде кейбір жағдайда бұқара халық қарапайым құқықтық мәселені білмей, басы дауға қалып жатады. Ал халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру үшін не істеу керек?

«Салық төлеуге салғырт қарамауымыз керек»

Адвокат Әлімжан Жұбатханов  Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ең бірінші кезекте Конституцияға сенуіміз керек екенін айтады. Ал Ата заңда барлық халықтың құқықтары мен міндеттері тайға таңба басқандай ап-анық көрсетілген.

«Конституциядағы нормаларды пайдалана отырып, адамдар өз бостандықтарын берік ете алады. Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларға орта білім алу тегін және міндетті болып саналады. Осы мүмкіндікті еліміздің әр бір азаматы пайдаланып, өзінің сауатын аша алады. Сонымен қатар емдеу мекемелерінде тегін қызмет көрсетіледі. Яғни балалардан бастап қарттарға дейінгі әлеуметтік тұрғыдан қорғалған азаматтар тегін ем ала алады. Ал жұмысқа қабілетті ақыл есі бүтін, аяқ қолы сау азамат Міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна төлеп, науқастанған жағдайда емделе алады.

Сондай-ақ халықтың барлығы салық төлеуге міндетті екенін айтып өткен жөн. Өкінішке қарай кейбір азаматтар салық төлеуден жалтарып, әр түрлі тәсілді пайдаланып жатады. Ал шын мәнісінде мемлекеттің өсіп-өркендеуі халықтың салықты дер кезінде төлеуіне байланысты. Мысалы дамыған Еуропа елдерінде салықтың құны өте жоғары болса да, оны төлеп азаматтық борыш секілді қабылданады. Егер біз өсіп-өркендеген мемлекет болғымыз келсе, онда салық төлеуге салғырт қарамауымыз керек», – дейді ол.

«Жастар әскерге барғысы келмейді»

Сондай-ақ адвокат 18 жастан асқан әрбір ер азамат әскерге баруға міндетті екенін айтады. Алайда ол жастардың әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуге немқұрайлы қарайтынын

«Шыны керек кейбір азаматтар кей кезде заң нормаларын бұрмалап, өзіне ыңғайлап алады. Бұл айналып келгенде құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің төмен болуымен байланысты дүние. Мысалы көп ата-аналар балаларын әскерге жібергілері келмей, әр түрлі тәсілмен жалтарып жатады. Бірақ, 18 жасқа толған денсаулығы мықты әрбір Қазақстан азаматы әскерге баруға міндетті. Тек, жоғары оқу орнына түскен азаматтар арнайы анықтама арқылы оқу мерзімі аяқталғанша әскерден босатылады. 

Өкінішке қарай кейбір жастар әскерге барғысы келмейді. Олардан себебін сұрасаң, ұрып-соғу мен кейбір сарбаздардың қайтыс болып жатқанын айтады. Шыны керек осының барлығы адамның психологиясы мен санасына қатты әсер етеді. Соған қарағанда біздің әскерде нақты бір құқықтық насихат жоқ секілді», – дейді ол.

Әлімжан Жұбатханов азір Мәжілісте әскерге жастарды көбірек тарту үшін несиелерін тоқтата тұру туралы заң қаралып жатқанын айтады.

«Егер азамат әскерде болса, оның несиесі ол әскерден келгенше тоқтатылып, бірақ кейін өтелетін болады. Бұл іс-шара қаншалықты көмек беретінін білмеймін. Бірақ осындай заң қабылданайын деп жатыр. Бұрындары әскерге барып, Отан алдындағы борышты өтеу мақтаныш болатын. Себебі әскерде алған ордендерін кеуделеріне тағып, түрлі қызметке тұратын. Бір қынжылтатыны қазір жастар әскерден қашудың жолын көбірек ойлайды. Осы туралы Қорғаныс министрлігі де ойлануы қажет. 

Әскерге барған азаматтар мүгедек болып не болмаса өліп келіп жатыр. Жақында маған бір кісі «Сау баламды әскерге жіберіп едім, ауыр науқастанып келді» деп  хабарласты. Баласын Аягөзден Талдықорғанның Үшарал деген ауданына әскери борышын өтеуге жіберген. Қазір баласы есінен адасып, не әкесін, не шешесін танымайды екен. Баласын Астанаға емделуге комиссияға жіберілген. Олар ақыл-есі дұрыс па еді дейді. Бірақ, әскерге жібермес бұрын толықтай тексеруден өткізеді. Ол бала Отан қорғауға барды. Ал, оны кім қорғайды?! Енді оны өмір бақи кім асырайды?! Осындай жағдайларды көп естіп жүрміз», – дейді ол.

«Құқықтық сауаттылық қарапайым нәрселерден басталады»

Әлімжан Жұбатханов халық арасында құқықтық сауаттылық өте төмен екенін айтады.

«Халықтың арасында өздерінің алған несиелерін төлегісі келмейтін азаматтар жиі кездеседі. Бір қызығы олар сотқа бергенге дейін немқұрайлы болып, несиені төлеуге талпынбайды. Иә, екінші деңгейлі банктың пайызы көп. Бірақ өзің қол қойып алған несиені төлеуге міндеттісің ғой. Оның үстіне жастар құмар ойындарына беріліп, кіріп кеткен. Олар жылдам ақша керек болып, несиені шарттарын оқымай, білмей жатып алады. Бұның барлығы біле білген адамға сауатсыздықтан туындайтын дүние. Құмар ойынға берілген жастар мәселенің салдарын ойламай опық жейді. Сондықтан да ата-аналар балаларын қаржылық сауаттылыққа үйретуі тиіс. 

Бізде құқықтық сауаттылық, толеранттылық, патриоттылық жетіспейді. Адамға көмектесу, қоқыстарды жинау қасиеттерін қалыптастыру қажет. Өкінішке қарай бізде бір мүддеге ұмтылу жоқ. Ал құқықтық сауаттылық қарапайым нәрселерден басталады», – дейді ол.



Пікірлер