Қытайдың Брюссельдегі дипломаттары ҚХР-дың "бітімгерлік коалициясына" қосылу мүмкіндігін зерттеуде. Бұл – Ресеймен атысты тоқтату режимі орнатылған жағдайда, өз әскери қызметкерлерін Украинаға жіберуге дайын елдердің бірлестігі. Бұл туралы Welt am Sonntag басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Еуроодақ дипломатиялық ортасының дереккөздері Қытайдың бұл коалицияға қосылуы Ресейдің шетелдік бітімгерлердің Украинада болуына келісім беруіне ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда бұл мәселені "күрделі әрі нәзік" деп сипаттады.
Қытай билігі бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Украинаға бітімгер әскерін жіберу мүмкіндігі туралы алғаш рет Франция мен Ұлыбритания басшылары мәлімдеді. 17 наурызда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің өкілі бұл бастамаға 30-дан астам мемлекеттің қосылуға дайын екенін айтты.
The Times басылымының мәліметінше, бұл коалицияға Ұлыбритания, Франция, Түркия, Канада және Австралия кіруі мүмкін. Жоспарға сәйкес, Украинаға 30 мыңға дейін әскери қызметкер жіберіледі, ал басқа елдер қару-жарақпен және логистикамен қолдау көрсетеді.
Алайда Германия үкіметі бұл мәселені талқылау үшін тым ерте екенін мәлімдеді. Ақпан айында Берлинде алдымен бейбіт келісім жасалу керектігі айтылды.
Ресей сыртқы істер министрлігі НАТО және ЕО елдерінің Украинаға бітімгерлік күштерін жіберу мәселесін "орынсыз және абсурд" деп бағалады.
РФ СІМ басшысының орынбасары Александр Грушко "Известия" газетіне берген сұхбатында:
"Біз үшін бұл әскерлердің қай атаумен жіберілетіні маңызды емес: Еуроодақ, НАТО немесе ұлттық деңгейде болсын. Егер олар Украинада пайда болса, бұл оларды қақтығысқа қатысушы тарап етеді ", – деді.