"Ата-анасы бұрынғы прокурорлар". Күзетші өліміне "кінәлі" азаматқа қатысты ақпарат тарады

930
Adyrna.kz Telegram

Алматыда элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғындары күзетшіні көлігімен жаныштап, артынша өлімше етіп сабаған "көршінің" әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі КТК-ға сілтеп.

Үлкен мегаполистің қақ ортасында орналасқан элиталық тұрғын үйде күзетші аяусыздықпен өлтірілген. 42 жастағы Нұрбол Қайыпбаев алған жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмған.

Тұрғындардың айтуынша, қайғылы оқиғаға күзетші мен көлік иесінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті көлікті мас күйінде айдап қалаға шығуға тырыспақ болған. Алайда күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндіруге тырысыпты.

"Ол шығып кетпек болды. Қақпадан шықпақ болды. Нұрбол оны тоқтатпақ болды. Енді мас адам, жолға шықса қанша адамды өлтіреді. Нұрбол ана жерге көлігін қой деді де, барып шлагбауымды жапты, қақпаның біреуін жауып, екіншісін жауып жатқан кезде анау қатты келіп үш рет қақты. Оның алдында сыраның шөлмегімен дүңгіршекті шақты", - деді пәтер иелері кооперативінің директоры Әлия Досмайылова.

Тұрғындардың сөзінше, адам өлтірді деген күдікке ілінген азамат ажырасқан. Ол "Меркур Таунла" қарт ата-анасымен бірге тұрады. Сондай-ақ тұрғындар ол көршінің жиі жанжал шығаратынын айтты.

Телеарнаның айтуынша, марқұм Нұрбол сол түні ашуға булыққан ер адамды ата-анасының өтініші бойынша көшеге шығармаған болуы мүмкін.

"Тек осы бір ер адам ғана үнемі шулатып жүреді. Нашақор, ішіп-шегеді. Кеше де ішіп-шегіп алған. Оқиға әлі көз алдымыздан кетер емес. Асқан қатынгездік қой бұл. Күзетші Нұрбол үнемі күдікті азаматқа, оның отбасына, бәрімізге көмектесіп жүретін. Қаскөй бұған дейін осындағы диспетчерге соққы жасаған. Талай рет полицияға жазғанбыз. Ата-анасы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, білуімізше бұрынғы прокурорлар. Ата-анасы оны үнемі қорғап алып шығады", - деді Данеля Сартай.

Күдікті өз әрекетінен соң жоғары қабаттан да секірмек болыпты. Көршілер оның есірткі қолданатынын да айтты.

"Мына жақта отырды, аяғын салбыратып. Құлай ма екен деп мен таң қалып тұрдым. Біртүрлі жігіт. Есірткі жасыратындар келетін. Мына қақпаны біз не үшін қойдырдық? Өйткені балалардың ойын алаңына есірткі қойып кетеді. Оны шығып алады. Әр нәрсені оған әкеледі, көп бұзақылық жасайды. Ата-анасына да бір қиындықтар туғызады. Бүкіл көрішілер біледі", - деді Анар Темірқұлова.

Еске сала кетейік, кісі қолынан асқан қатыгездікпен қаза тапқан күзетшінің артында әйелі мен үш баласы қалды. Нұрбол Қайыпбаев отбасының жалғыз асырушысы болған. Аталған тұрғын үй кешенінде ол екі жылдан бері 165 мың теңге айлыққа жұмыс істеп келгені де белгілі болды.

Пікірлер