Журналист, қоғам белсендісі Мұхтар Түменбай танымал тележурналист Майя Бекбаеваға шүйлікті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, Бекбаева өз бейнежазбаларының бірінде қазақ әйелдерін кемсіткен.
«Мен не көріп отырмын өзі? Бұл не сұмдық, Майя Бекбаева? Білмейтіндер үшін оқиғаның мән-жайын айтып берейін. Мадам Майя алашордашылардың бір бөлігі не себепті орыс әйеліне үйленгені туралы видео түсіріпті. Қыздарға емес, әйелдерге дейді. Өзін журналист санайтын Бекбаева, «сол тұстағы қазақ әйелі орыс әйелдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болған, талапқа сай келмеген. Алаштықтар өзіне тең келетін жар іздеді…» деп отыр. Мұны Қазақстанда атап өтілетін «Аналар күні» қарсаңында айтқан. Осы сөзіңмен қасиетті қазақ анасының атына кір келтіріп отырғаныңды білесің бе? Қазақ даласына батыр, би, хан сыйлаған аналарымыздың ұрпағына бұлайша тіл тигізуге саған кім құқық берді?» – деді ол.
Ал Майя Бекбаева журналистке берген жауабында бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Алаш көсемдерінің таңдаған әйелдері туралы сол шығарылымда, айта кетейін, бұл бірнеше жыл бұрын жарияланған, сіздер соншалық ашуланатындай сөздер айтылмады. Бұл – қазіргі қазақ қыздарына, олардың ата-аналарына, әкелеріне, ағаларына, күйеулеріне арналған үндеуім еді. Біздің қоғамдағы қыз-келіншектерге деген сексистік және кемсітуші көзқарас – шынайы мәселе. Маған арналған сіздің жазбаңыз – соның дәлелі. Қазақ әйелі азап шегіп, құрметке, өзіне деген тең құқық пен мүмкіндіктерге лайық. Білім алып, мансап құруға, махаббатпен тұрмыс құруға құқығы бар. Қазақ әйелі мұндай қарым-қатынасқа енді төзбейді. Сіздің мені осылай кемсітуге қандай құқығыңыз бар? Сізді кім осылай тәрбиеледі?
Сіз туралы ақпарат өте аз, сізді көпшілік білмейді. Бірақ атыңыз танымал. Сізді Мұхтар Әуезовтің құрметіне атаған шығар. Мұхтар Омарханұлының ізінен осы есімді иеленген көптеген абыройлы азаматтар өтті. Бірақ сізге қарап, менің есіме мүлде басқа Мұхтар түседі»,— деп жазды Бекбаева.