Алматыда белгілі кәсіпкер, эколог, инновациялық патенттердің авторы Олжас Дүйсен қамауға алынды. Бұған дейін ол заңсыз қысым көріп жатқанын айтып, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған болатын, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Қазіргі уақытта мені тергеу изоляторына алып кетуге келді. Біз тағылған айыптардың негізсіз екенін дәлелдейтін барлық айғақтарды ұсындық. Алайда, прокуратура бұл дәлелдерді қабылдамай отыр. Бұл – заңсыздық. Егер мұндай жағдай жалғаса берсе, ертең кез келген адам осындай қысымға ұшырауы мүмкін", – деді Олжас Дүйсен әлеуметтік желідегі соңғы жазбасында.
Кәсіпкердің айтуынша, ол KazEcoSolutions серіктестігінің бұрынғы серіктесі Ержановтың арызы бойынша қылмыстық іске тартылған. Алғашында оған қаржы жымқыру айыбы тағылса, кейін бұл айыптауларды жоққа шығаратын құжаттар ұсынылған соң, прокуратура рейдерлік жасады деген жаңа іс қозғаған.
Олжас Дүйсен бұл істің артында белгілі бір тұлғалардың мүддесі барын айтып, құқық қорғау органдары олардың тапсырысын орындап отыр деп санайды. Сонымен қатар, бұл бірінші рет жасалған қысым емес екенін ескертті. Ол 2024 жылдың қарашасында Бакудегі климаттық митингке қатысып жүрген кезде өзіне репрессия жасалуы мүмкін екенін болжағанын айтты.
Экологтың сөзінше, бұл жанжал 2008 жылдан бері жалғасып келеді. Ол серіктестерімен бірге KazEcoSolutions компаниясын құрып, топырақты тазарту және қалдықтарды өңдеумен айналыса бастаған. Кейін бірнеше келісім нәтижесінде компанияның жалғыз иесі атанған. Алайда, оның бұрынғы серіктесі Ержанов бұл мәмілелерді заңсыз деп танымақ болған.
Тәуелсіз аудит нәтижесінде, керісінше, Ержановтың өзі 23 миллион теңге қаржы жымқырғаны анықталған. Эколог әрі кәсіпкер өзінің тағылған айыптар ойдан құрастырылғанын айтып, әділдік талап етіп отыр.