Home » Айдарлар » Әдебиет » Мерген ТОҚСАНБАЙ: Ұмытқан адамдай шүкір мен Құдайды, Нәп-нәзік гүлдердің бетіне түкірген ұнайды!

Мерген ТОҚСАНБАЙ: Ұмытқан адамдай шүкір мен Құдайды, Нәп-нәзік гүлдердің бетіне түкірген ұнайды!

Мерген Көшербайұлы Тоқсанбай 1988 жылы 14 қарашада бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородок (ескіше атауы Жанғұс-Тоқсанбай) ауылында дүниеге келген. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, «Көкше» академиясында филология факультетінде білім алған. «Ассалаумағалейкүм», «Ностальгия», «Мен біреуді сағынамын…», “Антитеза” атты жыр-жинақтардың иесі.

Қазіргі таңда “Рух-Алдаспан” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

 

ЕКЕУМІЗ

Екеуміз:
Көшеде кездеспедік, кафеде отырмадық,
Ән болып айтылмадық, жыр болып оқылмадық.

Бақтарда қыдырмадық, қалада қаңғырмадық,
Лаулатып кеш батырмай, атқан жоқ таң нұрланып.

Теппедік алтыбақан, мінбедік қайыққа да,
Сен жайлы жазғам да жоқ күнделік, айыптама!

Қолыңнан ұстағам жоқ, сүйгем жоқ ерініңнен,
Сен тіпті ойламайсың, білемін, мені мүлдем.

Сен мені күткен жоқсың, сен маған «кел» демедің,
Мөп-мөлдір махаббатқа құмартып, шөлдемедің.

Вокзалда күткем де жоқ, шығарып салмадым да,
Үйге де шақырғам жоқ, оңаша қалғанымда…

Армандап болашақты, жоспар да құрыспадық,
Біріміз бірімізді қызғанып ұрыспадық.

Екеуміз үйленбедік, балалы болмадық та,
Ол жайлы көрген жоқпыз ойланып, толғанып та…

Сен мені сағынбадың, мен сені аңсамадым,
Осылай өмір сүрдік қанша жыл, қаншама күн?!

Жайқалсын жанымыздың мәуелі бәйтерегі,
Осының бәрін енді өзгертсек қайтер еді?!

Екеуміз!

 

***

Сен мені жоғалтып алмашы…
Есіңе ал таңда да, кешке де!
Ай – ағып, жыл – жылжып өтсе де!
Хаттарым тым сиреп кетсе де,
Мен жайлы өсек-жел жетсе де…
Сені ойлап жүрмін ғой Көкшеде…
Сен басқа ешкімді аңсама,
Сен басқа бақытты көксеме!

Сен мені жоғалтып алмашы!
Жолдарда – шаңдары шұбаған,
Сапарда – шырғалаң, бұралаң…
Қаралап жатса да мың адам,
Ақтап ал – жаладан, күнəдан!
Сүйеу бол – сəттерде құлаған…
Шақтарда – Тағдырым сынаған…
Осы бір қалпыңнан айныма,
Жаныма жаныңмен ұнаған!
Мен сонда, жарығым, сенің бар,
Еркеліктеріңді құп алам!
Махаббат шыңына көтерем,
Жүректің төріне шығарам!

Сен мені жоғалтып алмашы!
Жақұт қыл – қолыңда жарқырар,
Бақыт қыл – басыңа парқы бар!
Сенім қыл – түндерге селкеусіз,
Үміт қыл – таңдарға артып əр,
Қаптаған қыздардың қапсырған
Құшақтарынан да аршып ал!
Несі бар? Сол қыздар түгілі,
Ажалдың қолынан тартып ал!

 

 Ақжарқын – 2

Жел мүжіген жартастар, Күн кемірген,
Сыр ақтарып бер өткен күндеріңнен.
Ақжарқын келмеді ме, айтыңдаршы,
Тәж киіп ап даланың гүлдерінен?!

Сусылдаған қамыстар жағадағы,
Жалықтырып өмірі қаладағы,
Ақжарқын келген шығар, көрдіңдер ме?
Бір кездеспей қойды, әттең, маған әлі…

Ей, қиыршық құм, тастар! Жанарынан
Күн күліп, таң шығып қабағынан.
Ақжарқын келген шығар? Келген болса,
Сүйдіңдер ме, үлгеріп табанынан?!

О, Сілеті, қарт өзен жатқан ағып,
Не айтасың сен маған мақтанарлық?!
Ақжарқын – аққу келіп шомылды ма?
Қанатын күн бататын шаққа малып.
Осындай сұлулықты көрсеңіздер,
Айтыңдаршы!
Кетейін жүрегіммен жаттап алып!

 

АПАТИЯЛЫҚ АНТИТЕЗА

Өкпе артып осы өмірге,
Жанам ба, өшемін бе?!
Мұңаймай жүремін деп
Уəде еткем кеше кімге?!
Думаны тарқаған-ау,
Кафенің, көшенің де…
Сөзі өтпей, қолы батпай,
Əкенің, шешенің де,
Отырған түрім мынау –
Шашылып кітаптарым,
Жиналмай төсегім де…

Өңім – жас, көңіл – кәрі,
Өлім бе өмір мәні?!
Жүректе шаһар емес –
Махаббат қорымдары…
Жерім – бай, елім – кедей…
Бақытым, сорым дағы!
Ащы екен құрғыр өмір,
Тәтті ме өлім дәмі?!

 

ЖАУАП

«Жұматайым Сіз менің…»
Оның хатынан.

Білемін бəрін, жарығым,
Сеземін бəрін…
Менің де бүгін жаным – мұң,
Өзегім – жалын.

Тереземде мұз қатып тұр,
Жасымдай болып,
Өзіңсіз өткен уақыт бұл –
Ғасырдай болып.

Көтертпей қойды еңсені
Қалың тұман – мұң…
Сағынып қалдым мен сені,
Сағындым, жаным!

Айтқым кеп саған… сөзім көп,
Айта алмай жүрген.
Өзің кеткелі көзімде от,
Байқалмай мүлдем…

Жанымның жайлау төрі анау –
Ызғар өпкендей.
Көңлімнің айдын көлі анау –
Құстар кеткендей.

Еске алып сол бір мөп-мөлдір
Түстей шақтарды.
Қайта оқып түнім өтті əрбір
Хұснихаттарды.

Жаныма сая жоқ сенсіз,
Дауыл əр күнім.
Жүрегім қалып көктемсіз,
Ауырар бүгін.

Ойыма қанша оралып,
Еркелеткенім…
Өкінтті қанша – ол анық,
Өкпелеткенім…

Бір жүрген кездің куəсі,
Фотоларды өзім,
Жүз рет көрдім расы,
Боталап көзім.

Білтелі шамдай үмітті,
Өшіргім келмей.
Қап-қара қапас күдікті,
Кешірдім түндей.

Алағайлы шақ өткеріп,
Бұлағайлы шақ.
Лəйлəсіз жүрмін отқа еніп,
Жұматай құсап.

 

ЕСКІ ƏН ОЙҒА ОРАЛЫП…

Ертегідей естілер бұл күндері,
Көктем гүлге толтырып күнде іргені,
Жаңа пісіп жастықтың бүлдіргені,
Таппаған кез ол əлі мұңның мені.
Мен де Өлеңмен танысқам, есім кетіп,
Есімі оның кім еді? Гүлнұр ма еді?!

Ол – бақыт қой! Ұшқанын кеш білесің.
Сол шақты қайта қалай кештіресің?!
Есерлеусің. Қай жөнді ес білесің?
Үйіңнен ерте шығып, кеш кіресің.
Домбыраң бар қолыңда – жарық шанақ,
Қуаныш бар қасыңда – ескі досың.

(Нұрға бөлеп тұрғанда көгіңді күн,
Күрделі деп ойлайды өмірді кім?)
Жарық шанақ домбыра – ол да бұлбұл,
Жүрек – сап-сау болғасын, көңіл – бүтін!

Үлгермей-ақ сол қызға гүл де беріп,
Жаулап алғам жүрегін бірдеңе ғып…
Əлде, мені ұнатып қалды ма ол қыз,
Жəй, əншейін жүрген соң күнде көріп?!

Сегіз жарым жыл өтті содан бері,
Көрдік біз көп машаһат, көп əурені.
Тағдыр дей ме? Не деуші еді? Сол əйтеуір,
Адастырды мені – одан, одан – мені.

Естеліктер жаныңды нұрға малар…
Сол көшелер… көзге ыстық жылда барар.
Домбырам бар жап-жаңа… қайтем, бірақ,
Қуаныш жоқ қасымда, мұң ғана бар…

Жолдар, жолдар жүр мені қайда апармай?
Жан жолықпай жанымды жайнатардай.
Өлең іздеп қаңғырдым əр қалада,
Жарық шанақ көңілді сайрата алмай.

Ескі əн ойға оралып бұл күндері,
Сезім дейтін қайтейін құрғырды енді?
Қырық жамау жүрегім қайта түлеп,
Жарық шанақ көңілім күмбірледі!
…Кеше кешке қалаға Гүлнұр келді…

 

ЛЯ-МИНОР

«Айхай, дүние – жалған,
Өтер ме арман?!»
Ақан сері. Шырмауық.

Мен əу баста мынау əппақ əлемді,
Қасиет қонған қайран қара өлеңді,
Жайнамаздай таза ұстағым келіп еді,
Ал, енді?!.

Біреу келіп таптап кетті төрімді,
Біреу келіп лайлап кетті көлімді,
Достан, қыздан қалған мынау, қайтейін,
…көңілді?!

Мен əу баста іздеп адал кейіпкер,
Көп алдандым кешіп кілең күйік, шер.
Содан кейін анау досқа сеніп көр,
Мына қызды сүйіп көр?!.

Бəрі алдамшы, бəрі, бəрі өтірік,
Өлердегі сөзін айтып отырып,
Сатып кетсе, ақ жүрегің – қарайып,
Ақ көңілің – тотығып…
«Дүние – жалған…» – деп саларсың бір əнге,
Сенгеніңе өкініп!

Мен əу баста манау жарық жалғанның
Алып-ұшқан аққу қанат арманның,
Періштедей бейкүнə боп көрінген
Жандардың,
Қара түнге, қара құсқа, сайтанға,
Айналарын білген жоқпын… айтарға
Сөзім болмай отырамын жол іздеп
Қайтарға…
Бала кезге, аңғал шаққа, өткенге,
Тұңғыш рет ғашық болған көктемге,
Оралсам ғой, оралсам ғой, шіркін-ай,
Басқа тілек жоқ менде!

Мен бұл күні бастан кештім тағдыр қай?!
Жағалауға шығып қалған балдырдай…
Сөз борайды жан-жағымнан сұп-суық,
Қар аралас жаңбырдай.

Бұл кез де өтер! Қайтем сөзді шығындап?!
Мұңымды кім ұғынбақ?!
«Дүние – жалған» деп отырмын тағы да,
Оңаша ыңылдап…

 

***

Саған деген өлеңдер бар жазбаған…
Өкпем де бар аздаған…

Сезімдер бар – жанды жемей жай тұрмас,
Сөздерім бар – айтылмас!

Хаттарым бар – түн ішінде жолдамас,
Өкініш бар – ол да рас.

Жалғыздық бар – жауға бермес жолдасым,
Жалықтырды ол да шын.

Құмарлық бар – ерініңе шөлдеген,
Құштарлық бар – өлмеген.

Сағыныш бар – жүрегімді өртеген,
Оның өзі ерке өлең!

Мейірім бар – саған құшақ жайды рас,
Махаббат бар – айнымас!

Ұйқы бермес ауыр-ауыр ойлар бар,
Сенсіз өткен тойлар бар.

Қызғаныш бар – жанартаудай мызғыған,
Шарасызбыз біз бұған.

Естеліктер… олар да бар миымда…
Оны ұмыту қиын да!

Бәрі де бар. Тек сен жоқсың, жарығым.
Керегі не бәрінің?

 

***

Мен кеше ауылға бардым…
Қап-қара нөсер жауында қалдым,
Қап-қара дүлей дауылда қалдым!
Қанатым осы ауыл емес пе еді?!
Қанаттың сездім ауырлағанын.

Самғай алмадым… сайрай алмадым,
Тұтылды неге айдай арманым?!
Қара нөсердей көз жасын – тоқтата алмадым!
Қара дауылдай ашуын – қайтара алмадым…

Алпысқа келген ағамды көрдім!
Ағамды көрдім –
Тозып, түтілген жағамды көрдім.
Тілім де тілім кезерген еріндерінен,
Жалға берілген даламды көрдім…

Алшаң да алшаң басып жүретін,
Емен де жарқын тасып-күлетін,
Әкім-қаралар ашуландырса,
Қалаға атпен басып кіретін!

Өлермен, өжет ағам бұл менің!
Өкпелі неге, ей, маған? Білмедім…
Қайтарып бер деп талап етті ме,
Даламның кегін?!

Ауылға бардым….
Ірегісінің көрсем де сөгілгенін көп,
Іштей мүжілдім. Егілгенім жоқ!
Бұл жақта түк те өзгермепті әлі,
Ән ұранымның қайырмасы да сол –
“Менің Елім, Менің жерім!”,- деп!

Ауылдан келдім…
Жүрегім төгіп қара нөсерін,
Ішімде соғып қап-қара дауыл!
Ұйқым бұзылды… Қала. Көше. Түн.
Ойымнан шықпай қойды тек неге?
Бақытын таппаған ауыл…

 

***

Саясаттан аулақ салып іргені,
Баяғыда… ақын болған күндері –
Көркемімнің көктем еді күлгені,
Көктемімнің көркем еді гүлдері…

Саясаттан шалғай көшіп-қонғанда,
Баяғыда… жүрек – ақын болғанда.
Өлең – ағын болғанда,
Рухым – жасын болғанда!
Қиял сайрап, ой қонақтап ордамда,

Баяғыда… ақын болған айлары,
Білмегенде пайданы һәм айланы.
Өлеңімді сағынышқа бояған,
Қайтқан құстың қайда әні?!

Саясатпен уланбаған аялы
Шақтар қашан қайта құшақ жаяды?!
Тәнім шаршап, жаным аңсап отырмын,
Ақын болған күндерімді баяғы…

 

МЕН-2

Ұмытқан адамдай шүкір мен Құдайды.
Нәп-нәзік гүлдердің бетіне түкірген ұнайды!

Ұнайды! Жұбымен самғаған құстарға оқ ату!
Адамның сенімін жоғалту.

Қараңғы бөлмеге қамалып, жындарды шақырып кеңеске!
Түнімен жыр оқып отыру – ғанибет емес пе?!

Ә, сосын, қыздардың жасына ғашықпын,
Сол үшін оларды қинауға асықтым!

Біреудің бәйге атын тілімнің уымен, көзімнің сұғымен,
Құлатқан ұнайды! (Оңбайтын шығармын түбі мен?!)

Мен ылғи бірдеңе бүлдіре қоюдың табамын амалын!
Болмаса, бейуақта ұйықтай саламын.

Айтпақшы, өтірік уәдемен алдаған ұнайды,
Біреуді оңдырмай қарғаған ұнайды!

…Есіме салатын жан бар ма, Құдайды?!

 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ерболат БАЯТҰЛЫ: ТАСТАҒЫ ЖАЗУ!

Уа, Тәңірім! Төбемізде Көк Аспан, табанымызда Қара Жер, Сенің сөнбейтін нұрыңнан жаралғанбыз, Алтайдан төрткүл дүниеге ...