Үнсіздікке толы утиль алым. Депутаттың дегеніне министр былқ етпеді

1064
Adyrna.kz Telegram

Бүгін бірнеше жылдан бері жыр болып келе жатқан утиль алымның мәселесі Мәжіліс мінберінде көтерілді. Бірақ Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының сұрағына Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап бермей қойды.

МЕН НЕ ДЕЙМІН, ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДІ?

Депутат Нартай Аралбайұлының айтуынша, утильалым мен алғашқы тіркеудің мәселесі жүздеген мың азаматты алаңдатып, оның шешілуін талап етіп отыр. Әйтсе де ол бұл преблеманың шешілуіне Өнеркәсіп және құрылыс министрілігі кедергі келтіріп отырғанын ескертті.

– Бұл жөнінде депутаттық сауал жолдап, кейін бірнеше депутаттармен бірге дөңгелек үстел өткіздік. Сол жиында қаржы, экология, ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика және ішкі істер министрлігі өкілінің бәрі төлемдердің азаюуына қарсы емес екенін айтты. Өзіңіз басқаратын Өнеркәсіп және құрылыс министріліктің комитет төрағасы «Бұл төлемдер қажет, сондықтан да ол сақталуы керек» деп қалды. Одан кейін мен «Нақты қандай себептермен сақталу керек екенін ресми түрде айтыңыздар» деп 7 күн уақыт бердім. Өткен сейсенбі күні ол уақыт өтті. Сіздің министрліктен бір де бір хат, ресми жауап алған жоқпыз. Төлемдердің төмендеуіне неге қарсысыздар, оның қандай негіздемелері бар,  неге жауап беруден бас тартып отырсыздар және халыққа ашық түсіндіретін диалог неге жүргізілмейді, – деді депутат.

Бір қызығы Қанат Бисимбайұлы Мәжіліс депутатының сұрағы бүгінгі тақырыпқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, жауап беруден жалтарды.

– Мен сізге нақты жауап беремін, бірақ менің айтқаным бойынша, сіздің сұрағыңыз бүгінгі тақырыпқа ешқандай қатысы жоқ. Сізбен жеке кездесіп, жауап береміз, – деді ол.

«КӘСІПОРЫНДЫ САҚТАУ ҮШІН БАҒАНЫ ТҮСІРМЕУ КЕРЕК»

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер Қанат Шарлапаев жауап бергісі келмеген сұрақты қайта қойды. «Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы утиль алымның бағасына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ғана қарсы болып отырғанын айтады. Утиль алымның бағасын түсіруге неге қарсы болып отырсыздар?»

– Қазіргі таңда утиль алым бойынша ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Мен Өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің ең басты жұмысым кәсіпорындарды дамытып, оның қуаттылығын артыру. Қазіргі таңда Қазақстанда екі автокөлік шығаратын зауыт салып жатырмыз. Аталған автокөлік өндіріс саласында қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім есепке алып отырған жоқ. Бір зауыт 2025 жылдың ортасында аяқталады, екінші зауытта жылына 90 мың көлік өндіріледі. Зауытта еңбек ететін азаматтардың жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осы сұрақты қойдым және тағы да қоямын. Түркия секілді басқа елдерде машинаның бағасы бізбен салыстырғанда жоғары немесе тең болуы мүмкін. Сондықтан да біз өзіміздің кәсіпорынды, өзіміздің азаматтардың жұмыс орнын сақтау үшін бағаны түсірмеуіміз керек, – деді министр.

Екі жыл бұрын Президент Тоқаев «шектен шықпай» утиль алым қайта қаралатынын айтқан.  Биылғы наурыз айының басында бір топ адам министрлікке арнайы «утиль алым алынсын» деген талаппен жүгінген болатын.

Шынар Ақжанқызы

Пікірлер