АРЫС АПАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САНАНЫ МЕҢДЕГЕН СҰРАҚТАР..

2594
Adyrna.kz Telegram
Алаш баласын қасыретке көміп, қайғыға ұшыратқан қаралы күннің кінәлісі әлі күнге дейін аталмады. Неге?..
Ресми мәлімет бойынша, үш қазақ көз жұмып (?..), қырық мыңнан аса қазақ баспанасын тастап, басы ауған жаққа босып кетті...
Бос көлігіне ешкімді мінгізбей, ешкімге тоқтамай зулап қашқан мейірімсіздерді көріп, жағамызды ұстадық...
Шыбын жаны шырқырап, қазақтың басы ауған жаққа қашып жатқанда, дүкен тонаушылар табылып, қолға түсті...
«Жарылыс Бөген су қоймасының суын босатып қаланы басады екен» деген дақпырт – өзі мәңгіген қазақты одан әрі дүрбелеңге салды...
Жанар-жағармайдың күрт қымбаттап кеткені туралы да айтып жатты...

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ БИЛІГІНІҢ СИҚЫ 

1. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен ҰҚК-нің төрағасы Кәрім Мәсімов төтенше жағдайдың алғашқы 3 минөтінде жұртқа жария ақбар таратып, нақты жағдайды айтуы керек еді, бірақ, екеуі де бұғып жатып алды...
а). «Ешқандай радиоактивті қару-жарақ сақталмаған. Радиация қауіпі жоқ. Ал әскери қалашықтың өзінде әскерилердің жартысы арнайы бункерлерде. Олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген» деген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоймадағы оттан қызып, берекетсіз ұшып жатқан оқтұмсықтардан қорғана алмаған Арыстың қара халқын (ұмытып кетті) сабырға шақырып, бағыт-бағдар беруге тиіс болатын.
ә). Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Арыстағы апат шетелдік (немесе ел ішіндегі) диверсия болса, тез арнайы әскер тобымен кінәлілерді бұғаулауы керек еді.

2. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қайғы жұтып, жүрегі сыздаған қалың қазаққа ЖАУДЫҢ тілінде – орыс тілінде шүлдірледі. Артынша Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та дұшпан елдің тілінде бірдеңелер айтты. Арыс апаты – билік пен халық арасына алынбас қамал тұрғызған – қазақ тілінің ысырылып тасталуы екендігін айқын көрсетті.

3. Қауіпсіздік кеңесінің (заңмен бекітілген мәңгілік) Төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев араға бір сағат салып, Арыстың маңына арнайы (қазақ халқының қазынасына сатып алынған әлемдегі ең қымбат өркени ұшағыман) ұшып барып, дереу Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиылысын өткізуге тиіс еді.

4. Қазақ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылдам Түркістан мен (іргелес жатқан) Қызылорда облыстарында төтенше жағдай жариялауға міндетті болатын.

5. Үкіметбасы Асқар Мамин бүкіл қаланы эвакуациялау үшін жанына Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты ертіп (41 мың адам эвакуацияланып, 39 мың адам өздері қаладан шығып кетті), қоймалардағы өртті сөндіру мен қару-жарақтарды залалсыздандырып-жинауға бірнеше жүздеген арнайы мамандар топтарын жылдам жасақтап, ұрлық-қарлық болдырмау үшін 300-ге тарта (ресми хабардағыдай небәрі 75 емес) полиция жасағын шығаруы керек еді. Сосын, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен қатар жүріп, жүздеген «Жедел жәрдем» көліктерімен (биліктің айтуынша, дәрігерлік көмекке барлығы 165 адам жүгінген) жинап, дәрігерлік көмек көртсетіп, тез тасымалдауы қажет болатын.
Арыстың айналасындағы үлкен су қорғандары (Бөген су қоймасы мен шалғайдағы Шардара су қоймасы) әскерилермен қоршалып, қатаң бақылануы керек еді.

ОБАЛ-САУАП БІЛМЕГЕН... 

2001 жылы (қазақтың Қорғаныс министрі Сәт  Тоқпақбаев) Қарағанды облысына қарасты Тоқырау ауылының маңында қару-жарақ, оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, бірнеше тәулік бойы жанды. 1300 тұрғынды қауіпсіз аймаққа көшірілді.

2009 жылы (қазақтың Қорғаныс министрі Даниал Ахметов) Арыстағы жарылыс кезінде 3 адам қаза тауып, 17 адам жараланды.

2013 жылы (қазақтың Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков) Отар полигонында қару-жарақты утилизациялау кезінде жарылыс болып, 4 адам қаза тауып және 3 адам жарақат алды.

2014 жылы (қазақтың Қорғаныс министрі Серік Ахметов) утилизациялау зауытында жарылыс болды. 2 адам қаза тауып, бір адам ауыр жарақат алды.

2015 жылы (қазақтың Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов) әскери полигонда ескі оқ-дәрілерді жою барысында жарылыс болды. Бір адам қаза тапты.

Биыл, 2019 жылдың маусымында (қазақтың Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев) Арыстағы жарылыстан 3 адам қаза тапты.
Сонда небәрі 19 жылдың ішінде 13 адам әскери шенділердің жауапсыздығынан мерт болып, қаншама отбасы мен марқұмдардың жақындары қайғы-қасырет жұтты. Обалы кімге?!.

БАСШЫ – БІЛІКСІЗ, ҚОСШЫ – ІЛКІМСІЗ... 

Жауабы жоқ сауалдар мың-сан:

1. Арыс қоймаларында қанша оқ-дәрі мен қару-жарақ сақталады?

2. Қанша қару-жарақ жарылуы мүмкін?

3. Мемлекет қанша шығынға ұшырады?

4. Неге өзінен өзі бомба-снаряд жарылады?

5. Неге жауапты құрылым-мекемелер төл міндеттерін орындай алмайды?

6. Неге Қорғаныс министрлігі, тиісті органдар, естерін жинап, тез де нақты ресми ақпарат бермейді?

7. Бейбіт жарылыста қауқарсыз күй кешкен қорғаныс саласы сын сағаты туса, қандай халде болады?

8. Артқойманың маңында міндетті түрде болуға тиіс инженерлік қоймадағы селитра, динамит, тротилл секілді қопарылысқа қажетті заттардың қоры қанша еді? т.б.

ҚАЗАҚ ЕЛІ – ОҚ-ДӘРІ МЕН ҚАРУ-ЖАРАҚТЫҢ АЛЫП ЕЛІ 

Қазақстан ешкіммен соғыспаса да, оқ-дәрі, қару-жарақтың алып қоры – миллиондаған тоннасы шоғырланып-сақталған жұрт. Қойма мейлінше берік, үздіксіз күзетілген, сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін, ұрлық, сигнализациясы мықты нысан болуға тиіс-ті. Ал, оқ-дәрі мен қару-жарақтың жарамдыларын сақтау үшін көлемді инвестиция тарту керек. Уақытымен утилизация жасау қажет болатын.
Арыстағы төртінші апат төрт құбыламызды теңселтті: тоқтаусыз жарылып жатқан снарядтар, шулаған ел, босып кеткен қазақ қазіргі биліктің нағыз жауапсыздығы мен салғырттығын ғана емес, басқару жүйесінің іштен шірігенін көрсетті. Ең алдымен, мұндай қойманың қаладан әлдеқашан алысқа көшіру керек еді.
Бүгінгі қазақ билігі «Арыста радиация қаупі жоқ, арсенал барлық техникалық күзет құралдарымен, дабылмен жарақталған» деп, ауада ұшқышсыз үш аппарат ұшырып, өрт ошақтарын бақылауға алып, саперлер жұмысқа кірісіп жатқанда, солтүстік көрші – орыстың кекшіл жұрты «Арыстағы апат – АЭС-ке қарсыларға ұпай болды» деп, дұшпандықпен қол шапалақтады...

*** *** *** 

Басына бейнет түскен қазақ боздап-босып, аңыраған ана мен адасқан бала бір-бірінен ажырап қалды. Ал, халықты қорғап-қолдауға тиіс бір сарбаз зулаған оқ, бомба арасында көзіне жас алып, ата-анасымен қоштасып-бақұлдасып қалуға тырысып бақты...
Қайран қазағым ешкімді күтпей, шөлдеген бауырына су тасыды. Қиналғандарға көмек қолын созды. Бала-шағасын шұрқырап іздесті. Өз үй, төл ошағына қандастарын паналатты. Қалтасын қағып, соңғы тиынын арыстықтардың арнайы шотына аударып жатты. Мұсылман мешіттері дереу діндес-қандастарына жәрдем қолын созды (Басқа бірде-бір діннің не шіркеуі, не синегогы былқ еткен жоқ).
Қазақ билігінің көмегі – тым кешігіп жетті...
Арыста, анығында не болды: селқостық салдары ма, әлде, дұшпан елдің диверсия ма?!. Ешкім білмейді? Сонда кім біледі?..
Бүгінгі сауал-тұжырым осы.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер