Мемлекеттік тіл үшін соттасып, жалғыз өзі екі компанияны жеңді

882
Adyrna.kz Telegram
Фото: Dalanews.kz
Фото: Dalanews.kz

Тіл жанашыры Толқын Мұхтарханова қазақ тілінің құқығын шектеген “Miele” ЖШС және "Мечта" компаниясымен соттасты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Dalanews.kz агенттігіне сілтеп.

Тіл жанашыры азаматтық сотта жеңіп шықты. Толқын Мұхтарханова қазақ тілі үшін тартысты күрес бір жыл бұрын бастау алғанын айтады.

“Кезекте тұрғанда сатушы бір кісіге: “Я вас не понимаю. Говорите на русском, либо уходите с очереди” деді. Маған сол кезде: “Мен өз елімде тұрамын, бірақ неге қазақ тіліміз қорғалмаған” деген ой келді. Сөйтіп заңды adilet.kz-тен қарай бастадым. Мемлекеттік тілімізді қорғайтын заңдар көп екен. Бірақ біз оны біле бермейді екенбіз. Егер мен сол жерде заңды білгенімде, сатушыны орнына қояр едім” , - дейді Толқын ханым.

Осылайша заңмен толыққанды танысып шыққаннан кейін, ол бұл оқиғаны бір Конституциямен қорғап шығуға болатынын түсінген көпбалалы ана “Miele” компаниясымен тіл мәселесіне байланысты келеңсіз жағдайдың орын алғанын айтты. Ол жаңа пәтерге қоныс аударғанда тұрмыстық техниканы дүкендерден сатып алған.

“Заттарымызды “Miele” компаниясынан алдыртып, орнаттық. Содан көпбалалы болған соң, бірінші қажет нәрсе кір машина болды. Соны орнатып, қолдана бастадық. Алайда мен нұсқаулықтан қазақша мәтін таба алмадым. Әрбір алған затымызда, қазақша нұсқаулығы мүлдем болмады. Содан мен “Miele” компаниясына хабарласып, олардан қазақша нұсқаулықты сұрадым. Олар бізге уақыт керек деп жауап қатты. Содан мен жақсы деп өз талабымды сот арқылы шешетінімді айттым”, - дейді Толқын ханым.

Дегенмен сатып алушыға қазақ тілді ақпарат тек екі аптадан кейін ғана келген.

“Айта кететін жайт, “Miele” компаниясы бір ай немесе екі апта бұрын ашылған компания емес. Қазақстанда 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осынша жыл нарықта болып, қазақша нұсқасы болса, олар менің сол мезетте электронды поштама ақпарат жіберетін еді. Бірақ олар қоңырау шалғаннан кейін араға екі апта салып, электронды нұсқасын жіберді және пошта арқылы қолыма әкелді. “Мiele мен "Мечта" компанияларын тұтынушы ретінде “тұтынушы құқығым бұзылды деп” азаматтық сотқа бердім.Біріншіден, менің тұтынушы ретінде сұраған нұсқаулықтың және “Miele”  компаниясында қазақша ақпараттың жоқ екенін айттым. Сонымен қатар Miele компаниясының сайтында тілді таңдайтын кезде қазақша батырманың жоқ екенін де атап өттім. Сот процесінде олар “kz” деп қазақша батырманы енгізді. Бірақ қазақша деген батырманы бассаңыз, ақпарат жоқ. Солардың бәрін аудару керек деп талап қойдым және тұтынушы ретінде құқығымның бұзылғанын қостым”, - дейді тіл жанашыры.

Нәтижесінде тіл жанашыры “Miele” компаниясын сот барысында жеңіп шыққан.

“Менің бір танысым шаңсорғыш сатып алды. Ол жерде де тек орысша нұсқаулық болды. Мен оны дәлел ретінде қосқым келді. Алайда сот бір тұтынушы болғандықтан, оны бөлек тұтынушы ретінде жазсын деп айтты. Соттың шешімі бойынша, “Miele” компаниясын прокуратураға көрнекі ақпарат туралы 455-бап бойынша жіберуім керек болды. Сондай-ақ “Miele” компаниясы маған тұтынушы құқығым бұзылғаны үшін моральдық шығын ретінде 100.000 теңге төлейтін болды және төленген бажымды қайтаратын болды”, - дейді ол.

Тіл жанашыры қазақ тілінің құқығына қатысты арманын айтты.

“Менің тағы бір арманым -  мемлекеттік тіл туралы заң шығып, сол заңды қадағалайтын бөлімше болса екен деймін. Өйткені мемлекеттік тіл тек тұтынушыға ғана емес, жалпы қазақ болып қалуымыздың маңызды бөлшегі” – деп сөзін қорытындылады.

Пікірлер