Ұлыбританияда Қазақстан құқық қорғау органдарынан жасырынған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің соңынан еріп, Қазақстан елшілігінің маңында арандатушылық жоспарлаған деген адамдар сотталды. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
«Барлау желісі Ресейдің пайдасына ақпарат жинаған және мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндірген», – деді Лондондағы Олд-Бейли сотында судья Хиллиард.
Бұл мәлімдемені судья алты айыпталушыға үкім шығару алдында айтты. Айыпталушылардың барлығы - Болгария азаматтары. Ол сотталғандар жазасын өтегеннен кейін елден депортацияланатынын да атап өтті.
Сот үкім шығару барысында айыптауға негіз болған алты арнайы операция туралы егжей-тегжейлі мәліметтер тыңдалды – олардың арасында ұрлау әрекеті және жалған наразылық акциясын ұйымдастыру әрекеті де бар.
«Топтың болжалды ұйымдастырушысы Орлин Русев тергеу кезінде «Джеймс Бонд стиліндегі» әрекеттерге қатысы барын жоққа шығарды. Алайда сотта оның 33 бөлмелі бұрынғы қонақүйінде бақылау жүргізуге арналған орасан зор көлемдегі құрал-жабдықтар табылғаны жөнінде дәлелдер келтірілді.
Шпиондық желі мүшелеріне шығарылған үкімдер

Өз кезегінде Лондон полициясы бұл үкімдер «өнеркәсіп ауқымындағы шпионаждың» бар екенін растайтынын және бұл топтың Ұлыбритания үшін қаншалықты «қатерлі қауіп» төндіргенін көрсететінін мәлімдеді.
Еске салсақ, Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жылға созылып, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті - 17 жылға, ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген.
Алайда 2020 жылы жазда Қазақстан соты Бергей Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мүліктің "бір бөлігін" қайтару туралы шешім шығарған. Рысқалиевтің мүлкін қайтару туралы кассациялық шағымды Қазақстан Бас прокуратурасы түсіріп, оған Жоғарғы соттың тез келіскені қоғам назарын аударған.