Шымкент қаласының әкімі мемлекет басшысы атынан пәтер кілттерін табыстады

1440
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мемлекет басшысына хат жолдаған 12 жастағы София есімді бүлдіршіннің отбасына және алты баланы өрттен аман алып қалған Марина Гафароваға Наурыз мерекесінің қарсаңында пәтер сыйлады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Әкесімен бірге жалдамалы пәтерде тұратын 12 жасар София Үркімбаева “Тілектер шыршасы” акциясы аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған болатын.

Ал Марина Гафарова өткен жылдың желтоқсан айында көрші үйдегі өртті байқап, кәмелетке толмаған алты баланы аман алып қалды.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа пәтер иелерінің қуанышында шек жоқ екенін жазды:

“Наурыз мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысына хат жазған 12 жасар София Үркімбаеваға және Марина Гафароваға пәтер кілттерін табыс еттім. Кілттерді тапсыру рәсімінде жаңа қоныстанушылар президентке  ризашылықтарын білдірді” деп жазды ол.

Осыған дейін қала әкімі көпбалалы ананың ерлігіне алғысын білдіріп, төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстауға уәде берген болатын.

Кілт тапсыру рәсімінде Софияның әкесі Рүстенбек Үркімбаев пен Марина Гафарова Мемлекет басшысына ерекше алғысын білдірді. София да өзінің қуанышын жасырмай, өлең оқып, оны ел Президентіне жолдады.

 

 

 

Пікірлер