Қазақстанда кітапханалар мен ауруханалардан гөрі мешіттер көп - дінтанушы

1024
Adyrna.kz Telegram

Дінтанушы, мәдениеттанушы Елнар Берікбаев өзінің Facebook парақшасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге қатысты айтқанына пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Берікбаев президенттің қалталы азаматтарға мешіт қана емес, мектеп пен ауруханалар салуға шақырғанына қатысты ойын жазды. Мәдениеттанушының талдауынша елімізде кітапханалар мен ауруханаларға қарағанда мешіттердің саны көп:

"1990 жылдардың басында республика бойынша 100-ден астам мешіт болған жоқ. Соңғы 30 жылда Қазақстандағы мешіттердің саны 3000-ға жақындады. Жыл сайын +100 мешіт салынады екен. Қазақстанда аурухана мен кітапханадан гөрі мешіттер көп. Кез келген шалғай ауылға барсаңыз: спорт залы да, кітапханасы да, мұражайы да жоқ шығар, бірақ ауылдың дәл ортасында жап-жаңа әдемі мешіті барын көресіз. Жастар сонда қайда жиналады және оларды басқа тағы не қызықтырады? Толассыз сауап алу үшін мешіт сала берудің қажеті жоқ. Сіз қоғамға пайдалы кез келген нәрсені жасай аласыз. Мысалы, саябақ, спорт залы, аурухана немесе мектеп. Бізге мектеп пен студенттік жатақхана жетіспейді. Ал білім, өздеріңіз білетіндей, сөз бен істің алдында тұрады" деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетейік, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кәсіпкерлерді тек мешіт емес, мектеп, аурухана сынды орындарды салуға шақырған болатын.

Пікірлер