БҚО әкімі: инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізбесеңдер орындарыңды босатасыңдар

920
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақтан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірге инвестиция тарту мәселесі бойынша жиын өткізді.

Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірге инвестициялар тарту аясында өткен жылы 45 жоба іске қосылған. Осының аясында 1 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы алғанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16,4%-ға өсіп 645,6 млрд теңгені құраған. Оның басым бөлігі Қарашығанақ кен орны арқылы тартылған инвестициялар.

Ал, облысқа қарасты қалалар мен аудандар, басқармалар тарапынан инвестиция тарту бағытындағы жұмыс баяу жүргізілуде. Мәселен, аудандардың жартысынан көбі жалпы құны 1 млрд. теңгеге жетпейтін инвест жобалар ұсынса, оның ішінде Бөкей ордасы, Қаратөбе, Казталов, Шыңғырлау аудандары ұсынған жобалардың жалпы құны төмен деңгейде (205 млн. теңгеден төмен).

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев инвестиция тарту жұмыстарының маңыздылығын айта келе, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және әр өңірде тиімді инвестициялық жобаларды іске асыруды тапсырған болатын.

Сондықтан, облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде инвестиция тарту бағытында нақты істерді қолға алуымыз қажет» - деді Нариман Төреғалиев.

Орал қаласы облыс орталығы болғанына қарамастан 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі 6,8%-ға (83 млрд.тг) төмендеген. Сондай-ақ, бірқатар аудандарда да көрсеткіштер көңілден шықпайды.

Облыс басшысы әр аудан әкімінің, әр басқарма басшының жұмысы тікелей инвестиция тартумен байланысты болуы керек екенін ескертті.

«Инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізбесеңдер орындарыңды босатасыңдар. Мен кадрлық шешім қабылдайтын боламын. Нақты жобалар керек. Нәтиже керек» - деп атап өтті аймақ басшысы.

 

Пікірлер